Түрік тайпалары және қазақ үйсіндері (5-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Үйсіннен болған екен екі бала:
Жансақал, Ақсақалмен аты және.
Бағзылар Абақ, Тарақ деп те атайды,
Бұл жайлы беріледі кейін баға.
Жалайыр Жансақалдан бір рулы ел,
Қараша Ақсақалдан жалғыз ғана.
Бәйдібек Байдолла мен Қарашадан,
Бақ, дәулет қабат орнап болған дана.
Болған бір оқиғаны сөз етейік,
Құлақ сал, тыңдаушылар, бермен қара.
Жасаған Байдолланың бір жұмысын,
Отырмын жазайын деп, келсе шама.
Бәйдібек уақыты жетіп қаза тапты,
Ас берді малды қырып, жинап саба.
Домалақ бір баламен жесір қалды,
Жасынан жүрегіне түсіп жара.
Көнбеске болған іске шара бар ма,
Тағдыры осылайша етсе, шара.
Қайнысы жеңгесіне некеленбек,
Салт солай, қаза тауып кеткенде аға.
Бір бала Байдоллада болған кезі,
Дүниеге Шақшам келіп жалғыз, дара.
Байдолла алмасына көзі жетті,
Қашықтап аралары бара-бара.
Оятты төсегіне түнде барып,
Анамыз бұдан басқа таппай шара.
«Түн қатып неге жүрсің, күң неме» деп,
Кемсітіп, жаман сөзбен еткен таба.
—Сен мені алмасыңа көзім жетті,
Құлақ сал, көзім жетті, ей, бейшара!
Мені алсаң, екі бала көрмекші едің,—
Осылай деген екен Байдоллаға.
Екі есе Жарықшақтан көп болушы ең,
Ақыры, мені мұндай еттің нала.
Жүз үйден көп болмасын тұқымдарың,
Біржола кетпесе де болып ада.
Тарады азғантай боп Шақшам елі,
Қарғысы Домалақтың боп бәһана.
Білсеңдер, осылайша деп айтады,
Жас емес, кәрі құлақ бала-шаға.
Тараған Орта жүзден Керей елі,
Жазылған болған үшін бір керегі.
Қараби, Сибанменен әм Ашамайлы
Керейден дүниеге келген еді.
Абаққа Қараби қызын берген,
Қарасаң, осылайша шежірені.
Жантеке, Жадық және Жастабанмен,
Шеруші, Шұбарайғыр, Итемгені.
Әйтелі, Молқы, Меркіт, Сарыбаспен,
Кеңсадақ, Қарақастар бір кезеңі.
Қызынан Қарабидің өскен елдер,
Деп жазған он екі елдің солай жөні.
Баласы Құдайберді жазуынша:
Бұл елдер Қарабидің жиендері.
Бұл елдің жайы қалай болса-дағы
Елдің жоқ деген сөз бар елден кемі.
Ақсақал болмаса, Абақ—Ұлы жүзден,
Болып тұр бұ да Үйсіннің бір бөлегі.
Бұл жақта Қарашаның ұрпағы бар,
Деседі жалқы туған бұл жердегі.
Шығарып өз жанымнан жазғаным жоқ,
Көп сөзді бұрмалаған демес мені.
Бізге де хабар берер деп сенемін,
Бұл жайдың болған күнде өзгергені.
Үлкені Қарашаның Бәйдібек бай,
Байлықты аямастан берген Құдай.
Болыпты үш зайыбы ақылы асқан,
Кездескен бәрі бірдей боп сайма-сай.
Туыпты бәйбішеден тоғыз Сары
Баһадүр, батыр болған бәрі де ыңғай.
Бір кезде Бәйдібектің барлық малын,
Қалдырмай жау алыпты—бір жетім тай.
Уақтында аңнан қайтқан Сарылар әм,
Көреді ауылы малдан болған жұрдай.
Артынан қуып жетіп жау мен малдың,
Ат қойған қалың қолға есін жыймай.
Көп дұшпан жан-жағынан алған қоршап,
Қор болған көздерінің жасын тыймай.
Бәрі де сол соғыста қаза тапқан,
Әркімдер әм солай болмақ жүрмесе жай.
Тарапты жиенінен Сарыүйсіндер,
Бұл елдің деп айтады жайы солай.
Шынында, бір жағдайлы іс болса керек
Қозғалмас жел тұрмаса жусан, қурай.
Екінші Зеріп атты зайыбынан,
Жалмамбет жалқы туған бұ да бір жай.
Ошақты, Шапырашты, Жауатар мен
Баласы деп айтады Жалмамбет бай.
Туыпты Жауатардан Ойық, Түлік,
Ұраны «Жауатарлап» салып айқай.
Жарықшақ Домалақтан жалқы туған,
Жалғанда ата жолын бұ да қуған.
Үш бала бұл кісіден болса керек,
Дулатпен деп айтады Албан, Суан.
Үшеуі бір себептен араздасып,
Екеуі Қытай асқан, өтіп Шудан.
Көбісі Қытай елін мекендеп жүр,
Ел болып, екі тайпа салып думан.
Бұлар да осылайша алыстады,
Жерінен кіндік кесіп, кірін жуған.
Дулаттан Сиқым, Жаныс, Ботпай, Шымыр,
Қоралас деген ел бар үшінші ұлдан.
Шымырдан Бестерек пен осы екеуі,
Білгендер «сіңбелі ел» деп өсек қылған.
Қалай деп айтса дағы заты адамнан,
Жаралған жын-пері емес, от пен будан.
Жалғанда ешкім тірі қалмақ емес,
Бұлар да кезегінде көзін жұмған.
Келеді біреуі өлсе, бірі туып,
Белгі алып бірі—дана, бірі—сұмнан.