Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Түрік тайпалары және қазақ үйсіндері (4-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Арқада, қалың тоғай бие бауда,
Ел еді малын баққан тартпай қауға.
Жол жүріп, тау, сахара, шөлді кезіп,
Кейбірі көшіп жүріп еткен сауда.
Кейбірі хандық жасап дәуір сүрген,
Баста тәж, алтын шені омырауда.
Кезі еді жаугершілік алыс-жұлыс,
Найза ұстап, не батырлар шапқан жауға.
Ғасырда он екінші босқын елге,
Алаша хан болыпты Ұлытауда.
Оң-солда қазылары, билері бар,
Үлгілі билік айтқан үлкен дауға.
Айтайық және бір сөз Алаш жайлы,
Боларлық түсінікті дені сауға.
Шыдатпас қандай ноқта тақсаң-дағы
Ұрда-жық түзелмейтін басы асауға.
Қаншалық сипап-сылап бақсаң-дағы
Шарт үзер бір-ақ салып омырауға.

Өзені Майлықия арқадағы
Көп өзен сол жақта ағып, тарқалады.
Кең дала, ойын салған тай мен құлын
Көк майса, түрлі өсімдік жайқалады.
Алаштың хандық құрған жер шамасы,
Осы деп кім де болса айта алады.
Ақыры сол жерлерде қаза тауып,
Күмбезі тұрғандағы байқалады.
Қазақтың түп атасы осы кісі,
Демеңіз, неше мәрте қайталады.
Бағзылар Ақас, Аннас десе-дағы,
Бұларға талдау жасап, шаршамалы.
Алаштан екі бала дүниеге кеп,
Бұлар да талай жүкті арқалады.
Айтылмыш Қазақ, Созақ, Әмет, Сәмет
Өскен соң ата жолын қайталады.

Үш жүзге бөлінеді қазақ халқы,
Жері кең—ұшан-теңіз, жатыр жайлы.
Оңтүстік өзбекпен араласып,
Белгісіз кейбір елдің қазақ-сарты.
Қырық жүзбен және мың жүз өзбекте
Тұқымы Төбей бидің туған жалқы.
Бір жағы қырғыз, қытай көршісі бар,
Кетіпті қытайласып жарым-жарты.
Ол елде Албан, Суан, Қызайлар бар,
Белгілі айтпасақ та сөздің арты.
Бір тайпа ел саяқ атпен қырғызда жүр,
Өз ұлты «қазақ» деген шықпай нарқы.
Орта жүз—Арғын, Найман, Қоңырат, Қыпшақ,
Естуім Уақ, Керей жарым-жарты.
Кіші жүз—Әлімұлы, Байұлдары,
Жетіру өскен халқы мыңың арты.
Әлімнен Қарасақал, Қытай шықты,
Шөмекей, Қаракесек, Төртқара, Алты.
Байұлы—Адай, Жаппас, Байбақтылар,
Масқар мен Беріш, Таздар емес жалқы.
Шеркес пен Тана және Есентемір,
Қызылқұрт, Шыбықтардан өскен халқы.
Бұлар да Алашамен он екі ру,
Әм және де ұстағаны қазақ салты.
Жетіру: Тама, Табын, Төлеуменен,
Рамазан, Кердері мен Алшын атты.
Жетінші—Жағалбайлы деген ел бар,
Деседі осылайша елдің қарты.
Алшын мен Жағалбайлы турасында,
Десіп жүр, сіңген тайпа боп бұралқы.
Беймағлұм болса-дағы біз тараптан,
Жазылды келген үшін сөздің шарты.
Бір елді екінші жақ кем тұтатын,
Қазақтың бұрыннан бар ескі салты.
Кейбірі ұры, кәззап болғанменен,
Ішінде Атымтайдай бар жомарты.
Кімдер жоқ ел ішінде байқап тұрсаң,
Жасайтын досқа қастық, бар нәмарты.
Білмейтін сөз қадірін надан да бар,
Адаммен бірдей болмас надан парқы.

Жараттың, Пәруарым, барды жоқтан,
Бина етіп адамзаты топырақтан.
Келтірдің дүниеге нелер батыр,
Қашпаған көре тұра ажалды оқтан.
Жазалық Ұлы жүзден тараған-ды,
Тыңлайтын құлақ болса инабаттан.
Әуелі Ұлы жүзден Кейкі туып,
Бек әділ би болыпты асқан топтан.
Төбей би бұл кісіден жалқы туып,
Жауына тартып садақ зымыратқан.
Төбейден Майқы, Қоғам, Қойылдырмен,
Төрт бала Мекірейілмен бір қынаптан.
Бұрынғы өзбектің жазуында,
Осылай ата жөнін ажыратқан.
Мекірейіл, Қойылдырмен қазақта жоқ,
Деседі араласқан тәжік-сартпен.
Қай елге қосылады екі рулы ел
Айырылған бөтен ел боп «қазақ» аттан.
Қоғамның әйелі әм деседі жұрт:
Қаңлы мен Шанышқылы—екі ұл тапқан.
Бағзылар: Шанышқылы, Қаңлы дейді,
Ел сөзі, мен емеспін жала жапқан.
Бақтияр Майқы биден жалқы туып,
Ақылмен жалпы қазақ туын соққан.
Баласы Бақтиярдың Ойсыл, Үйсін,
Бұлар да жүрген жерін ойсыратқан.
Бағзылар аз ғана елдер деп те атайды,
Бұл сөздер ескіліктен келе жатқан.
Ойсылдан Сіргелі атты рулы ел бар,
Ел дейді батыр болған жастық шақтан.
Не батыр болған екен бұл елдерде,
Кәлласын талайлардың домалатқан.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз