Қазақ шежіресі (2-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 2 мин оқу
Қағу-соғу көрместен еркін өсті,
Білмеді атқан таң мен батқан кешті.
Ен жайлап, еркін өсіп көбейген соң,
Мұның аты Еркінахун болсын десті.
Ел көшіп, шығатұғын жолын тапты,
Таласын тастап шықты қиын шақты.
Сол жолмен кең дүниеге шыға келіп,
Аспаннан күнді көріп талып қапты.
Мас болып күн нұрына екі ай жатты,
Ай, жұлдыз көк жүзінде таңырқатты.
Сол екі айды мейрам қып күні бүгін,
«Кеген-Шаған» деді де, қойды атты.
Кең жерді кесе басып жүре берді,
Өзеннен тауып өтіп, өткелдерді.
Жер шұрайын жобалап, жете жүріп,
Алтайға ауған елдің алды келді.
Олар келді, мұндағы ел оны көрді,
Замана тоғыз сәна себептері.
Түрік, Татар бере ме Алтайды оңай,
Неше ғасыр мекендеп жүрген жерді.
Қызғаншақ екі елге кірді тағы,
Кімде-кімнің сенгені күш баяғы.
Ары кет, бері келме деушілікпен,
Тағы да соғыс болды сөз аяғы.
Соғысып Қытай, Моңғол қайта жеңді,
Айдады Алтай таудан біздің елді.
Түрік, Татар, Қазақ пен Созақ елі,
Батысқа күншығыстан ауып еді.
Сарыарқа иен жерге ауып келді,
Мекенінен кетірді соншама елді.
Бас қосып, ақылдасып ел ауғанда
«Балқан тауға барамыз» десіп еді.
Ауған ел күнбатысқа бармақ болды,
Жүре көріп, таппақ боп барар жолды.
Мен осында қалам деп Созақ елі,
Қимай қалды Сарыарқа салқын белді.
Түрік, Татар, Қазаққа ермей қалды,
Сайлап алды ішінен Ойрат ханды.
«Мен мұнда қалмақпын» деген сөзден,
Қалмақ деген атақты содан алды.
Бірге өніп, бір анадан жаралғанмен,
Арғы тегі Тұраннан таралғанмен.
Өмір—тартыс, айырып бірден-бірін
Басында туысқан жұп саналғанмен.
Жер де иесіз, ел де шағын сол заманда,
Қай жақта жақсы бар бұл жалғанда.
Қара теңізді айнала мекендеді,
Аралықтан шаһар көрді барлағанда.
Аралас қылды барып қатым-қатыс,
Бет алып Қапқаз өтіп қалай барыс.
Ел-жері таныс боп көшін танып,
Көп ұзамай салысты атан жарыс.
Әскермен қаласына бармақ болды,
Ішіне кіріп соғыс салмақ болды.
«Бір патшалық бұл жерге құралық» деп,
Иунанның шәрін тартып алмақ болды.
Осы шаһар Стамбол—Зарқұм салған,
Зарқұмды жеңіп, Әлі тартып алған.
Жеті қабат соғысып, жеті ел алып,
Жеті жүз жыл жеті жұрт патша болған.
Келе кіріп Стамболға соғыс салды,
Елін қырып, патшаның басын алды.
Қалған Иунан қашып кетті ағылшынға,
Патшалық құрып, Түрік орнап қалды.
Осы сөз—түрік жазған тарих сөзі,
Білген жанға таса емес, жердің жүзі.
Түріктің Стамболды меңгергені
Ғасырдың он екінші орта кезі.
Қазақ келіп Қырымнан қала салды,
Жайылымға тастады қостан малды.
«Шәрлі болған—малды болмайды» деп,
Кең жер іздеп, таппақ боп аралады.
Аттанып әскерменен Балқан барды,
Салынған аралады қалаларды.
Отырықшы қалада ел иен қалған,
Кең дала малға жайлы таба алмады.
Батырлар жер таппады, қайтып келді,
Елсіз иен жоқтығын айтып келді.
Орманбетті хан сайлап Ноғай қалды,
Қайтадан кейін қазақ ауып берді.
Көшпелі ел Қапқаз өрлеп шығыс тартып,
Сол Қапқаздың бойында көп жыл жатты.
Олай-бұлай ел ұйтқып толқығанда,
Бөлініп әрбір тасы сонда қапты.
Ауған, Орыс, Қытайда бар қазақтар,
Қалған қалып Түрік пен Татарлар да.
Арабтың да ішінде қазақтар бар,
Мекке барған жолыққан сапарларда.