Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Түрік тайпалары және қазақ үйсіндері (6-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Айтбозым, Сегізсары, Қызылбөрік,
Бұлар да туып келді жарық көріп.
Алжан мен Қоңырбөрік, Құрман, Қыстық,
Албаннан келген екен дүниеге еніп.
Демейміз бел баласы содан туған,
Уақтында ана сүтін бірден еміп.
Кейінгі рулары болса керек,
Анығын білмеген соң біз не дейік.
Алматы айналасын мекендеп жүр,
Ағайын бір-біріне болып серік.
Суанның тұқымынан бейхабармыз,
Қытайды мекендейді өсіп-өніп.
Ілгері солар жақтан бір кездерде,
Жылқы айдап тұқымдары қайтты келіп.
Соларды көрген адам әлі де бар,
Көбісі бұл кездерде кеткен өліп.

Сол сапар келгендердің айтуынша,
Суанның болса керек тұқымы анық.
Қайтадан сөзімізге оралайық,
Қайтеміз білмеген соң айта беріп.
Екеуі Жанту, Жантай Жаныстағы,
Үшінші Жарылғамыс арыстаны.
Жанысы Қапал, Шегір екеуі бар,
Оймауыт, Бөгежілі алыстағы.
Жаныстан жеті бала болған екен,
Жығылған белдескенде алысқаны.
Кісілік мансабына қарағанда,
Талмайтын өрен жүйрік шабыстағы.
Бұл күнде жеті рулы ел болып кетті,
Көп болды қыз беріп, қыз алысқалы.
Шындықпен жазылған соң сөз турасы,
Бұл сөзді бекер демес қалыстағы.
Жайылмыс, Өтеміспен және Бәйіс—
Жантудың үш баласы жарыстағы.
Болып жүр осы күні құдандалы
Себеп сол қыз-бозбала танысқаны.
Бірі алып, бірі тиіп өз еркімен,
Қыз-жігіт бір-бірінен қалыспады.
Жекжат боп, туысқандық белгі қалмай,
Осылай бірден біреу қалыспады.
Жамбай мен Қожамберді—Жайылмыстан,
Деседі шежіремен таныстары.
Қыбырай және бірі болса керек,
Бұлар да ел аузында барыс-тағы.
Бұлардың бір туғандық дара жасы,
Бұрында білімпаздар анықтады.
Және де бұлар жайлы дәлелдеген,
Ілгергі жазған қазақ тарихтары.
Үш бала үш арыс боп, қыз алысып,
Шығып жүр, солай деген дабыстары.

Деп едік Жайылмыстан Қожамберді,
Үш бала кәмарынан дүниеге енді.
Құдайқұл, Ақберді мен Құдайберді
Үшеуі жер бетіне туып келді.
Бұлардан небір жүйрік болған еді,
Қаратқан ауызына талай елді.
Болыпты Құдайбердіде тоғыз бала,
Жазайын аты-жөнін мұның енді.
Қолжазба Саурықтан деп айтады
Әлібек, Тоқан менен Құдайменді.
Үшеуі бір анадан болса керек,
Бұрынғы айтушылар «солай» дер-ді.
Бақыбек, Ақтайменен бір анадан,
Осылай деп айтады білген жөн-ді.
Түгелбай, Манай менен Шәуке, Тілек
Бұлар да бір анадан төртеу еді.
Бұлардан Тілек атты тұқым қалмай,
Деп жазған айтушылар жасында өлді.
Дүниеден аз күн жасап бұлар да өтті,
Атаның жолын қуып бұ да ежелгі.
Қаншалық өнер, айла жасағанмен
Ақыры бар адамды ажал жеңді.
Бұл сөздер—жинақталған тарих сөзі
Біреудің дей көрмеңіз, тіліне ерді.
Көбісі шежіреші қарттарда бар,
Аңыз боп келе жатқан көптен бергі.
Қаншасы келіп-кетіп жатқанменен,
Ойласақ, кім тойғызған қара жерді.
Дүниеге бала туып, келтірсе ана,
Уайымсыз ешнәрседен болмақ бала.
Өзімен бір нәрсе де ала келмес,
Ақылсыз, надан болмас туа сала.
Кемеңгер, өнері көп ғалым болмас,
Яғни ақылы асқан, болмас дана.
Мансапқа, иә билікке құмарланбас,
Айта алмас боламын деп шаһизада.
Ғайбат та, өтірік те айта білмес,
Біреуге өтіріктен жаппас жала.
Ешкімді өзі біліп мақтамайды,
Яғни жамандамас елден ала.
Айтарлық дос-дұшпаны және болмас
Мұқатып, ешбіреуді етпес таба.
Мұсылман, кәпірменен жұмысы жоқ,
Парызды мойнындағы етпейді ада.
Өзінің ойлағанын айта білмес,
Толғанша бәлиғатқа сөйлер шала.
Өзімен өзі болып жайбарақат,
Біреумен тілдесуге келмей шама.
Ержетіп қайсыбірін тапса керек,
Бір кезде қалыптасып ой мен сана.

Ойласақ, дүниеге кім келмеген,
Мұқтажсыз дүние жиып күйбеңдеген.
Мал үшін жан, иманын бірдей сатып,
Жұмыстан арам, пасық жиренбеген.
Дүниесі мол адамға қошеметпен,
Жалпаңдап, өтірікпен күлмеңдеген.
Бағзылар достан досты ажыратып,
Өсек пен ғайбат айтып сүйреңдеген.
Бәзбірі күшті екенін көрсетіп жүр,
Жыландай айбат жасап, иреңдеген.
Кейбірі туысына қараспай жүр,
Кісідей сыр алысып үйренбеген.
Бақ тайып, бағзылардың досы келсе,
Жақтырмай қабақ шытып бұл нем деген.
Кей надан білгішсініп шіреніп жүр,
Бола алмас жай ит арлан үргенменен.
Болмайды есек тұлпар жем-шөп беріп,
Құйрығын жылқы мысал түйгенменен.
Қарақұс түлкі, қарсақ ала алмайды,
Биіктен бүркіт мысал шүйгенменен.
Бөктергі баптасаң да, қаз алмайды,
Тырнағын қаршығадай бүргенменен.
Адам мен надан нарқы бірдей болмас,
Екі аяқ, бір кәлламен жүргенменен.
Ләззатын дүниенің білмеген көп,
Жалғанда аз күн дәурен сүргенменен.
Ер, әйел бірін-бірі сыйламай жүр,
Басында көңіл қосып сүйгенменен.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз