Түрік тайпалары және қазақ үйсіндері (3-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Кезінде ел болмаған бұдан асқан,
Жыр қалды соңғыларға болып дастан.
Әуелі екі тайпа бір ел еді
Жерінде Орта Азия орналасқан.
Көп жерді күштілікпен алды жаулап,
Жерінен қан ағызып қадам басқан.
Еліне Кіші Азия басып кірді,
Бір қандай қарсылыққа қарамастан.
Жаулап ап Бағдат, Мысыр және Шамды
Байытып Мұқадысқа бір жол ашқан.
Көбейіп қолдың саны өсе берді,
Босқын ел жеңілістен, жолдан қашқан.
Дұшпаннан Байтулланы азат етті,
Жауынан болғаны үшін күштері астам.
«Паходы креставай» деп жазылған,
Орыстың тарихының бетін ашсаң.
Деседі аһл ислам мұсылманша
Жазылған осылай деп әуел бастан.
Көп жерде бағынған ел бас көтерді,
Топ болып, жанжал жасап, жүрсе де аштан.
Арабта Аббас сақи әулетінен
Патша боп Алалетрин бала жастан.
Бір күшті арабтардан әскер құрып,
Селжукпен соғыс жасап қарсыласқан.
Татар мен бір жағынан моңғол шықты,
Қан шыққан, қаһарланса, қара тастан.
Хандығын селжук-түркі талқан етті,
Тоздырып адамдай-ақ жол адасқан
Әр елге бет-бетімен кетті тарап,
Мал-мүлкін тастап қашып, етіп босқын.
Оныншы, он бірінші ғасырларда
Елдей боп бір-бірінен ажырасқан.
Тарихта бұлардан із қалмады,
Ел еді арыстандай қаһар шашқан.
Болмады нелер сұмдық дүниеде,
Адам мен жаралғалы жер мен аспан.
Сөз болған Уақ, Керей, Қыпшақ, Найман,
Қазаққа қосылады келіп қайдан.
Тараған Орта жүзден деседі жұрт,
Әркімің болса керек бұл жайға қайран.
Көнеден хандық құрған ел болған соң,
Өскен ел болу керек бір талайдан.
Қыпшақ әм тоқсан баулы атануы
Жай бір сөз болмау керек шыққан ойдан.
Құралып тоқсан екі рулы елден,
Көп жерге Қыпшақ атпен салған ойран.
Бұнақ хан, Жұлдыз хандар заманында,
Көп елге күш көрсетіп ашқан майдан.
Ақыры татар-моңғол хандықтары
Қыпшақты бір соғыста қырып жойған.
Жеңіліп бөтен елге кетті тарап,
Ел еді көп жерлерге қанат жайған.
Ғасырдың он бірінші аяғында
Тарихтан біржолата шығып қалған.
Тарихтың бір мың бір жүз сәнасында
Жетісу, Алтай тауы арасында
Бір тайпа Хайе деген ел болыпты,
Сол жердің көшіп-қонып даласында.
Жайларды бұл айтылған дәлелдейді
Шежіре Қашқаридың намасында.
Сүлеймен бұл елдерге хан болыпты,
Көшпенді даласы мен қаласына.
Үндіден Атила хан соғыс ашып,
Бір шетін шауып алған, аясын ба!
Екінші бір жағынан бас салыпты,
Жақыны моңғол-татар баласы да.
Хайе елі екі жақтан қысым көріп,
Қалмаған паналайтын саясы да.
Бере алмай бұған төтеп көше қашқан,
Ем іздеп, қансыраған жарасына.
Жол жүріп, неше уақыт арып-ашып,
Жетіпті Пират суы жағасына.
Ықтылат [қаласында] хан Сүлеймен
Тағдырдың ұшыраған қазасына.
Байтоқтың елі-жұртын өсиетпен
Тапсырған Таһир атты баласына.
Бұлар әм Османлыға барып жетті
Ғасырдың он екінші шамасында.
Бұрынғы Хайе елі жоқ болыпты,
Сол елдің айналыпты баласына.
Бұл ел де шежіреден біржола өшіп,
Хайе елі қалмай кетті қарасы да.
Бұл жақта қалғандары қашып жүріп,
Күн көрген тау мен тастың арасында.
Құралып кейінірек бір ел бопты,
Топталып Алаша хан саясына.
Алаштан Қарақалпақ, Қазақ туған,
Халықтың солай дейді данасы да.
Азырақ сөз етейін Алаш жайын,
Түсінер сөз мәнісін еткен пайым.
Әртүрлі шежіреде мағлұмат бар,
Келеді сәйкесі жоқ боп әрдайым.
Бірінде Хайеден соң Ақас десе,
Бірінде Алаша хан тұрар дайын.
Халықтың айтуында «Аннас» дейді,
Тамызған шешендер әм тілдің майын.
Махмұд Қашқаридың жазғандарын,
Мұны әм осы жерде сөз қылайын.
Ғасырдың он бірінде Хайе елі бар,
Білмеді деуге болмас ол мұндайын.
Аттары Алаш, Ақас аталмайды,
Тіліменен сөз етеді жарлы-байын.
Дүниеге бұл кездері келмегені,
Жоғарғы мағлұм болды айтқандайын.
Алаштан Әмет, Сәмет екі ұл болған,
Шоқанның байқасаңыз сөз ыңғайын.
Өзбектің жазуынша Қазақ, Созақ,
Әр жерде аты өзгеріп жазған сайын.
Жазайық пактілерді мағынасы зор,
Қазақтың жаза бермей құр айқайын.