Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көрұғлының Шағдатқа барғаны (5-бөлім)

Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу

Дабыл қақты түрікпен, араб шаттанып,
Меһрам батыр өзі шықты аттанып.
Тоғыз қабат сауыт киіп үстіне,
Ақырып тұр майдан жерде мақтанып.

Бойы ұзын Меһрамбектің шамасы,
Өте жалпақ екі иықтың арасы.
Дәу қазандай үлкендігі басының,
Жарты аршындай әр саусақтың саласы.

Пілге мініп келіп тұрды қозғалмай,
Денесі үлкен, түсі суық тажалдай.
—Ажалыңа асыққаның, тез кел,—деп,
Қапы қалма, түрікпен, араб, арманда-ай.

Көрген жерді таңырқатып қаратқан,
Бойы тұла қаруланған жарақтан.
Қарсы ұмтылды «тәуекел,—деп Мұхитбек,—
Пана бол деп жалғыз өзің, Жаратқан».
Мұхит батыр ұрды қанжар бүйірден,
Қанжар батпай қармақ болып иілген.
Аттан алып Мұхитбекті лақтырды,
«Ауқаттанып қайтып кел,—деп,—үйіңнен».

Қызылбастар дабыл қағып шырғатқан,
Меһрам батыр ашуланып тасқа атқан.
Мұхит батыр дүниеден кетті өтіп,
Алып қайтты адам келіп арабтан.

Меһрам айтты:—Көрұғлыбек, кел өзің,
Мендей ерге бере алмайсың сен төзім.
Ілгеріде шауып алып еліңді,
Ойдырғанмын Раушанбектің мен көзін.

Бір қалаңды қиратқанмын еңсеріп,—
Айқайлап тұр майдан жерде белсеніп,
—Қызың күң боп, ұлың құл боп сатылған,—
Мақтанып тұр майдан жерде теңселіп.

Меһрамның өтті сөзі сүйектен,
Көрұғлының қаны қайнап жүректен.
Шауып кетті бес қаруын байлап ап,
Көп ісініп.........

Шауып келді бал Ғиратпен жанына,
Шыдамай тұр намысы мен арына.
«Келсең, кел» деп пілдің басын бұрғанда,
Салды найза Меһрам ердің тәніне.

Салған найза белден сынды мүсіндей,
Қояр емес бірін-бірі түсірмей.
Алысумен қасқарайып күн батты,
Екі жақ та шамын жақты өшірмей.

Сатырлатып найзаларын қағысты,
Найза батпай қармақ болып майысты.
Шоқпармен де ұрды кезек аянбай,
Қолдан келген хайлаларын тауысты.

Таң атқанша екі батыр ұрысты,
Шапты аямай бір-біріне қылышты.
Белден сынды талай қару шыдамай,
Аю, қабылан, арыстандай жұлысты.

Сауыттың дал-дал болды жағалары,
Келмеді бір-біріне шамалары.
Көрұғлы сиынып жүр пірлеріне,
Қан аққан жарақаттан тәнадағы.

Хал кетіп екі батыр талып тұрды,
Жад етіп Көрұғлы бек налып тұрды.
Көп қуат Көрұғлыға пайда болып,
Шоқпармен Меһрамды мықтап ұрды.

Бас жарылып Меһрамбектен қан аққан,
Жәрдем етті Көрұғлыға Жаратқан.
Көрұғлыбек тартты садақ бүйірден,
Жарып өтті өкпе, бауыр, талақтан.

Кідірместен шапшаңдатып тағы атты,
Атқан оғын дәл жүректен қадалтты.
Пілден құлап жатты батыр теңкиіп,
Қуандырды түрікпен мен арабты.

Шағдат жылап жұлды сақал, шаштарын,
Төкті көзден қан аралас жастарын:
—Ел қорғайтын батырымнан айрылдым,
Мені, сірә, алмай қоймас дұшманым.

Шағдат жыртты пара-пара жағасын,
Келмейтінін білді енді шамасын.
«Әскерімнің бәрін жаппай болмас» деп,
Бұдан басқа таба алмады шарасын.
Екі жақ та демін алды болып кеш,
Шағдат ханнан шығып кетті ақыл-ес.
Таң атқан соң қалмай келді майданға,
«Жабылмасаң ала алмаймыз бұдан өш».

Соғыс туы Райхан араб қолында,
Барлық әскер Көрұғлының соңында.
Бұлар дағы қарсы ұмтылып ат қойды,
Олар дағы дайын тұрып жолында.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз