Көрұғлының Шағдатқа барғаны (3-бөлім)
Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу
Бабалы жылап зарланған:
—Көрмедім қызық жалғаннан,
Кеткелі дерек болмады
Раушанбек пен Ғаждамнан.
Басымда еркім болмады,
Күн көре алмадым бұл жаудан.
Көргенім, қалқам, рас па,
Кездестің қалай бұл таудан?
Көрұғлы айтты:—Жасыма,
Нелер келіп, не кетпес
Ер жігіттің басына.
Әскермен келдім аттанып,
Жолдасым көп қасымда.
Анамды барып көрейін,
Кетіп ем қашып жасымда.
Сал құлақ сөзге, жан аға,
Тұрмайық бекер далада.
Сіздерге аман қосылдым,
Мал деген бастан садаға.
Тағдырдың басқа жазғанын
Көрмеске пенде бола ма.
Жүріп кетті түн жарымда үшеуі,
Анасының үйіне кеп түседі.
Күләйімнен сүйінші сұрап Ахметбек,
Сөз білетін, жол бастайтын кісі еді.
Мұны естіп ұшып тұрды Күләйім:
—Рас па көрсеткенің, Құдайым?
Қарағымды көзіме бір көрсетші,
Ат пен түйе ал, сені ырза қылайын.
Үйіне келді Көрұғлы
Көзінен жасы төгіліп.
Құшақтады анасы,
Қабырғасы сөгіліп.
Есінен танды Күләйім,
Қысылып өкпе демігіп:
—Түсім бе деп қорқамын,
Көзіме тұрсың көрініп.
Мен бір өлген кісі едім,
Қайғымен жатқан көміліп.
Сүйіп жатыр баласын,
Қармақтай белі бүгіліп.
—Тірлігімде көрсет деп,
Жад етіп едім Алланы.
Сізден тірі айрылып,
Анаңның жауда қалғаны.
Тастан ауыр жүкті әкеп,
Үстіме менім салғаны.
Кәзір өлсем, арман жоқ,
Алдыңда жақсы алғаны.
Баласын сүйіп бейшара,
Кемпірдің бітті арманы.
«Ғаждамбек, Раушан бар ма?» деп,
Кемсеңдеп тағы жылады,
Сөйлеуге келмей дәрмені.
Ахметбек айтты:—Күләйім,
Ұста еді сөзге мүләйім,—
Ғаждамбек тірі саламат,
Етпеңіз қайғы, уайым.
Раушан балаң қайтты деп,
Есіттірді Ахметбек,
Өзі алды Тәңірім Құдайым.
Мұны естіп Күләйім
Іштегі шерін қозғады.
Баласын естіп боздады,
Дұшмандар біліп қалар деп,
Даусын көкке созбады.
Көңілдік айтып Ахметбек
Мынау сөзді толғады:
—Неше адамдар кетті өтіп,
Артында қалып мал-жаны.
Патша өткен дүниеден,
Пайтақ пен қалып қорғаны.
Қорқыт қашып өлімнен,
Қанша жерге барғаны.
Көп күндер қашып жүріпті,
Оны да ажал алғаны.
Өлшеулі өмір біткен соң,
Алады тағдыр пендені.
Үгіт айтып Ахметбек жуатып,
Ақылдасты көшу жағын ұнатып.
Күләйімді түн ішінде көшірді,
«Дұшман сезіп қалар,—дейді,—таң атып».
Ауыр жүгін тастап кетті құлыптап,
Дұшман залым білмей қалды ұйықтап.
Күләйімді шетке әкеліп қондырды,
Жылқыларын қуып келді құрықтап.
Бұл ақылын жұрттың бәрі ұнатты,
Мінгізіпті әскерлерге құр атты.
Қос басына бөліп беріп сойғызып,
Жылқылардың бәрін сөйтіп таратты.
Соғысуға белді байлап тақ тұрды,
Ұстап алған пенделерін бақтырды.
Шағдатханның қаласына бармаққа
Атқа мініп, дабыл қағып сап құрды.
Ақылдасты Көрұғлы, Райхан, Қызылбай:
«Бас тартпаңдар дұшман туы жығылмай».
Райханға соғыс туын ұстатып,
Қарсы шықты ердің көңілі бұзылмай.
Жер майысып келді Шағдат әскері,
Қазандай боп Меһрам ердің бастары.
Екі жақ та дабыл қағып төніп тұр,
Жекпе-жекке енді соғыс ашқалы.
Ахметбек—түрікпеннің батыры,
Қолда найза, баста қалқан шатыры.
Шаһимат Шараб қызылбастан келіп тұр,
Қандай болар екен мұның ақыры.