Көрұғлының Шағдатқа барғаны (6-бөлім)
Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу
Қарсы ұмтылды екі жақ,
Жамыраған қойдай боп.
Біреуді біреу білмеді,
Қызылбас залым қандай көп.
Шапқыласты қылышпен,
Қандары ақты судай боп.
Шағдат хан көріп өлгенін,
Ашыды іші удай боп.
Бармағын тістеп шайнады,
Сақал-мұрты қудай боп.
Қарсыласып шабысты,
Әуеден түскен жайдай боп.
Өліктер қалды үйіліп,
Орылған пішен баудай боп.
Әскерінен айрылып,
Қу басы [қалды] жұрдай боп.
Қызылбай батыр өшігіп,
Қылышын тасқа қайрады.
Қарсы келген дұшмандар
Сойылған малдай жайрады.
Қашқандарын қуалап,
Желкеден салды найзаны.
Қылышпен шауып қиратып,
Дұшманның соры қайнады.
Шыдай алмай қызылбас
Қалаға қашып айдады.
Қуып жетіп қырық жігіт
Талайын ұстап байлады.
Қашатұғын жер таппай
Тауысты Шағдат хайланы.
Қаптай шауып көп әскер
Көшеде қырды салдатты.
Қорғанын бұзып Көрұғлы,
Ұстап алды Шағдатты.
Екі көзін ойып ап,
Бірнеше күн зарлатты.
Азар беріп өлтіріп,
Шаңырағын қаңыратты.
Бабалыны хан сайлап,
Халықты жиып теп-тегіс,
Бабалыға қаратты.
Бас уәзірі Шағдаттың,
Аты Бандүр Шаһман-ды.
Раушанбекті өлтіртпей
Сұрап алған осы еді,
Атасына айтты рахматты.
Көп дүние беріп қолына,
Бас уәзірге сайлатты.
Шаһман қызы Шәмсия,
Бабалы соны ұнатты.
Некелеп қосып екеуін,
Ойын-күлкі, қызойнақ,
Тамаша деген боп жатты.
Жылап жүрген Бабалы ед,
Мінгізді бұған пайтақты.
Ұстады мыстан кемпірді,
Тоймайтын ләпсің мынау деп,
Аузына құмды құйдырды.
Жамандық қылған осы еді,
Алдына мұның келтірді.
Буындырып сүйретіп,
Шығады елдің шетіне.
Күйе жағып бетіне,
Ит пен құсқа жем қылып,
Көрұғлы жетті сертіне.
Есепсіз қызылбастан адам өлді,
Қамбалап жинап алып бәрін көмді.
Араб пен түрікпендердің өлгендерін
Құрметтеп, таза арулап жақсы көмді.
Көрұғлы Шағдатханда біраз жатты,
Соқтырды шешесіне рабатты.
Үстіне тастан әкеп күмбез салып,
Басына көктас қойып жазды хатты.
«Жақсылап осы анамды көріп тұр» деп,
Тапсырды бір кісіге инабатты.
Халықтың үлкендерін жиып алып,
Мінгізді астарына бір-бір атты.
Тапсырып Бабалыны халайыққа,
Сұрады қайтайын деп рұқсатты.
Халайық Көрұғлыға бата беріп,
Айтыпты рұқсат беріп рахматты.
Батырлар бетін түзеп қайтты елге,
«Нұр жауар деген сөз бар талапты ерге».
Бабалы Күләйіммен ризаласып,
Құрметтеп әкеп салды біраз жерге.
Күләйім айтты:—Риза бол, балам, маған,
Жоқ еді тілің тиіп көңлім қалған.
Өсіп-өн, өркенде,—деп, бата берді,—
Мен риза өлсем дағы, балам, саған.
Қош айтысып батырлар,
Жолға түсті жосылып.
Шат болып қайтты ауылға,
Дұшманның үнін өшіріп.
Күләйімді құрметтеп,
Үстіне торқа кигізіп,
Теңселген жорға мінгізіп,
Келеатыр елге көшіріп.
Қонған жерге тамаша,
Шарабын ішкен есіріп,
Асығыстап келеатыр,
Жатпайды ерлер шешініп.
Күн-түн қатып жүрген соң,
Мұнарасы Шанбілдің
Көрінді көзге шошиып.
Шаһарға жақын келген соң,
Астында тұлпар тұрмады.
Ауыздықпенен алысып,
Көкқасқа менен бал Ғират
Бұрыннан жүрген танысып.
Жарап қалған жануар,
Қарындары қабысып.
Біріне-бірі соқтықты,
Үзеңгісі қағысып.
Шауып келед қалаға,
Күліп-ойнап жарысып.
Аттан түсіп үш батыр,
Ғаждамның қолын алады,
Аман-есен қауышып.
Уайымдап Ғаждамбек
Қайғыменен отыр ед,
Ақылын әбден тауысып.
Жүгіріп келді ағайын
Амандасып танысып.
«Келдің бе аман, балам,—деп,
Жаратқан болсын панаң» деп,
Сүйіп жатыр Ғаждамбек,
Қозыдай маңырап табысып.