Көрұғлының Шағдатқа барғаны (7-бөлім)
Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 3 мин оқу
Сағынып қалған Ғаждамбек,
Көзінен жасы тамады.
Мұңайып біраз отырып,
Күләйімді сұрады.
Шағдат ханның өлгенін,
Күләйім көшіп келгенін,
Құлағына салады.
Шоқтығы шығып Ғаждамбек,
Жан-жағына қарады.
«Бабалыны хан қойдық,
Бағынды барлық адамы».
Көңілі тасып Ғаждамбек,
Жүрегі оттай жанады.
Күләйімді көрмекке
Атпен шауып барады.
Ғаждамды көріп Күләйім,
Аттан жерге құлады.
Ғаждамбек түсіп атынан,
Басын сүйеп жылады.
Күләйім талып, ес жиып,
Көзінің жасын бұлады,
Құшақтасып тұрады.
—Аман ба, Ғаждам, қосағым?
Көрген соң сізді босадым.
Кәзір өлсем арман жоқ,
Ұлғайып жасты жасадым.
Дұшманнан қайттым кекті алып,
Дариядай шалқып тасамын.
Көрұғлым аман тұрғанда,
Дұшманды белден басамын,
Дүниенің бәрін шашамын.
Ғаждам айтты:—Күләйім,
Қосылдық бүгін саламат.
Әлі есімнен кетпейді
Шағдаттан көрген ғазабат.
Етікпенен су кештім,
Басыма түсіп аламат.
Шүкірлік еттім Аллаға,
Көрұғлым болды азамат.
«Сабырдың түбі—сары алтын»,
Кешегі өткен Раушанбек,
Ішінде кетті-ау жарақат.
Бақытты болсын Көрұғлым,
Көрсеткен бізге рахат.
Күләйімді Ғаждамбек келді үйге алып,
Амандасты түрікпен халқы жиналып.
Бірнеше күн ат шаптырып той жасап,
Бесті ат мінді жамбы атқандар бәйгі алып.
Палуан шығып әр ауылдан күресті,
Жығыса алмай көп алысып тіресті.
Жібек шапан, жыққандары тай алып,
Кәриялар алып жатыр үлесті.
Ән шырқап сауық етті шалып дутар,
Жиналып ойнап жатыр қыз бен ұлдар.
Бәйгеге мұнан кейін көп ат қосып,
Қарақшы қадап қойды, тігіп тулар.
Жаратып өңкей тұлпарды,
Дәйекшілерге айдатты.
Түн жарымда кеткен ат
Бесін кезде шаңдатты.
Көкқасқа мен бал Ғират
Алдына бір ат салмайды.
Әкесін сыйлап жануар
Бір қадам алға озбайды.
Қызылбай қосқан тарлан ат,
Ілесіп бұл да қалмайды.
Озамын деп Көкқасқа,
Маядай мойнын созады.
Аспанға шықты тозаңы,
Сыйламаса бал Ғират
Әкесінен озады.
Тарта-тарта балдардың
Алақаны тозады.
Тартқанына бой бермей,
Төрт аяғын созады.
Қарақшыдан бірге өтіп,
Шалдардың бәрі жылады.
Жыламасқа болар ма,
Шыққан соң айқай ұраны.
Қызылбай қосқан тарлан ат,
Үшінші болып бұл да өтті,
Тыңламай сай мен жыраны.
Жалғасып келді он бес ат,
Өзгесі қалған шаба алмай,
Желуге келмей дәрмені.
Он сегіз ат бәйгі алды,
Бөліп алып көп бала,
Халықтың көңілі тынады.
Сонымен той тарқатып, кетті тарап
Райхан Қызылбай мен рұқсат сұрап,
Бәйгіге алған малын үлестіріп,
Айрылды ойнап-күліп, ішіп шарап.
Райхан Қызылбайды алып келді,
Құрметтеп сыйлап жатыр Қызыл ерді.
Райхан Қызылбайға бір сөз айтып,
«Аралап біздің елден қыз ал» деді.
Ағасы Райханның Мәлік Дарап,
Қызылбай қыз алмаққа етті талап.
Бар еді Мәлік Дарап жалғыз қызы,
Жігітті жақтырмаушы ед қырын қарап.
Сол қыздың аты еді Зина Дарап,
Қызылбай ұнатыпты соны қалап.
Сол кезде он сегізге жасы жеткен,
Айрықша көркем еді түлкі тамақ.
Аққұба, құралай көз, пісте мұрын,
Қиғаш қас, жазық маңдай, лебізі шырын.
Нәзік бел, сүйрік саусақ, нұрлы жүзі,
Сипаттап тауыса алмаймын қыздың түрін.
Райхан, Мәлік Дарап кеңес етті,
Дарап та жақсы кісі ед адал ниетті.
Зинаның бірнеше күн тойын жасап,
Ұзатып Қызылбай ер алып кетті.
Қызылбай Зинаны алып келді елге,
Батырдың кетті даңқы талай жерге.
Үш батыр тізе қосып бірлікпенен,
Бақыты асып кетті күннен-күнге.
Әуезхан, Асанханды тартып алып,
Атанды аға сұлтан Шанбілбелге.
Ағажүніс, Гүлнар, Мысқал сұлуды алып,
Көрұғлы күйеу болған перілерге.
Көп жасап Көрұғлы бек жетті жүзге,
Сонда да шығып жүрді жапан түзге.
Безерген, Қалдарханды жеңіп алып,
Жүргізген ағалығын сондағы елге.
Жер жүзіне жайылған,
Түрікпен елдің батыры.
Өзінен перзент болмады,
Тумады пері қатыны.
Әуезхан мен Асанхан—
Екеуі өгей баласы,
Осылай болған ақыры.
Осымен сөзді бітірдім,
Өзім де шаршап бітілдім.
Айып етпе, жолдастар,
Келіспесе айтымы.