Көрұғлының Шағдатқа барғаны (2-бөлім)
Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу
Қарсы шауып келді түрікпен ерлері,
Найза, қылыш дұшмандарға сермеді.
Қолма-қолтық араласты батырлар,
Шаң-тұманнан бірін-бірі көрмеді.
Қорықпады қырық жігіт садақтан,
Оқ тигізбей сақтады Хақ жаратқан.
Шамалы адам шаһид болды оқ тиіп,
Қарсы шапқан түрікпен мен арабтан.
Сайпар батыр қамшы басты атына,
«Қалмаймын,—деп,—бір айқаспай қапыда».
Найза, шоқпар қабат ұстап қаһарман,
Белде қылыш жарқырайды қынапта.
Ұрайын деп қолына алды шоқпарын,
«Түрікпеннің қырамын,—деп,—топтарын».
Қызылбай ер садақ тартып өкпеден,
Мұрттай ұшып құшты Сайпар ат жалын.
Қарсы келген қылышпенен шабылды,
Қол көтеріп қызылбастар бағынды.
Қаруларын дұшмандардың жиып ап,
Айдап келді пенде қылып залымды.
Келіп қонды қайнап жатқан бұлаққа,
Ат шалдырды майса біткен құраққа.
Бір қызылбас байлағаннан босанып,
Қашып келіп хабар берді Шағдатқа:
—Жаудан қашып сізге хабар бергенім,
Анық көрдім жүз кісінің өлгенін.
Бастығы оның Көрұғлы мен Қызылбай,
Ондай ерді бұл дүниеде көрмедім.
Әскері көп, күннің көзі тұтылған,
Аттары да нағыз тұлпар ұмтылған.
Сайпар ханды садақ оғы өлтірді,
Қара басым жаудан қашып құтылған.
—Байқадың ба қанша екен шамасы?
—Аспан мен жер тұтасқандай арасы.
Есебінің қанша екенін білмеймін,
Тақсыр ханым, қандай болар шамасы.
Мұны естіп Шағдат қатты қысылды,
Мазмұнына айтқан сөздің түсінді.
Ақылдасып, халқын жиып Шағдат хан:
—Көрсетің,—дер,—жауға аямай күшіңді.
Меһрам айтты:—Көрұғлыны өлтірсем,
Палуандарын сізге байлап келтірсем.
Сонда маған не бересің, тақсырым,
Ойыңдағы мақсатыңды бітірсем.
Шағдат айтты:—Не десең де берейін,
Қайратыңды халық алдында көрейін.
Ел қорғаушым, жаным ортақ батырым,
Сертті орында, мұнан артық не дейін.
Жеңгеніңді көзімменен мен көрсем,
Ар-намысты қырып-жойып әперсең.
Баста бағым, тұрса тағым астымда,
Арманым жоқ дұшманымнан соң өлсем.
Жар салдырды Шағдатханың қалаға,
Бұйрық берді, ат шаптырды далаға.
Он жеті мен елу бестің арасы,
Келсін дейді қарамасын балаға.
Келді әскерлер Шағдатханға жиылып,
Қара бұлтай қабақтары түйіліп.
Қылыш, найза, садақтарын арқалап,
Шоқпарлары таудай болды үйіліп.
Шағдат патша қайғыланды күйініп,
Қаруланды әскерлері киініп.
Көрұғлы да жақын келіп бекінді,
Жаратқан мен пірлеріне сиынып.
Қызылбай мен Көрұғлы бек, Райхан,
Ақылдасып демін алып тыңайған.
Көп әскерді Қызылбайға тапсырып,
Атқа мінді жәрдем сұрап Құдайдан.
Анасына түнде шықты сайланып,
Дұшман-жаудың алдын ала ойланып.
Шабуылдап Ахметбек пен екеуі,
Тау ішімен қала сыртын айналып.
Жүрген жері дұшмандардың аралы,
Өзі көрген, кеткен жерін табады.
Екі батыр қарап жүрсе таба алмай,
Жылап жүред сол уақытта Бабалы.
Мұны естіп шауып келді маңына,
Кез боп қалды Бабалының малына.
Қорқып қалды ат дүбірін есітіп,
Дұшман ғой деп келе жатқан тағы да.
Сәлем беріп Бабалыға таныпты,
Амандасып құшақтасып қамықты.
«Раушан мен Ғаждам аман бар ма?» деп,
Мұңын айтып Көрұғлыға шағыпты.