Көрұғлының Шағдатқа барғаны (4-бөлім)
Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу
Шағдат патша халқын жиып біріккен,
Текежәуміт Ахметбек—түрікпен.
Шаһимат Шараб ақырып тұр майданда:
—Тырнағымнан аман қалмас іліккен.
Ахметбекке бата берді сиынып,
Ортасынан Көрұғлы бек бұйырып.
Қарсы келіп екі батыр айқасты,
Найзаласты қабақтары түйіліп.
Сықырлатты итерісіп найзасын,
Бір-біріне етіп жатыр хайласын.
Қынабынан қылыш алды қос батыр,
Итерісіп қолдары әбден талғасын.
Қарап тұрды көзін салып екі жақ,
Ахметбекке жәрдем берсін Жаппар Хақ.
Қылыштасты екі батыр аянбай,
Қан тамшылап Шаһиматқа түсіп дақ.
Ұрды шоқпар Ахметбек басына,
Бойын жазып соқты күшін асыра.
Бас жарылып, ағып миға қан кетіп,
Жаны шығып құлады аттың астына.
Түрікпен, араб қақты шаттық дабылын,
Шағдат тартты қасірет-қайғы зәбірін.
Зымыран деген бір батыры бар еді,
Соған «шық» деп берді Шағдат әмірін.
Батыр Зымыран келе жатыр ақырып,
Ахметбекке зәрлі тілін батырып.
Шыдай алмай Ахметбек те ұмтылды:
«Күн бұрыннан былшылдайсың гәп ұрып».
Ат үстінен жұлып алды баладай,
Әй-шәйіне, анау-мынау қарамай.
Лақтырды алып келіп жартасқа,
Ұзынынан сұлап жатты анадай.
Жылдам өлді Зымыран батыр ауырмай,
Күйдіріп тұр Шағдатханның бауыры-ай.
Таһир батыр Шағдатханнан келеатыр,
Боран соққан қаһарланып дауылдай.
Таһир келіп Ахметбекпен айқасты,
Найза салып екі батыр байқасты.
Ат үстінен бірін-бірі итеріп,
Қылышпен де шапқыласып шайқасты.
Ахметбек пірлеріне сиынды,
Таһир ерді аттан алып үйірді.
Алып ұрып, басын кесті қылышпен,
Шағдат көріп өте қатты күйінді.
Ахметбекті Көрұғлы ер шақырды,
«Деміңді ал» деп, тігіп қойды шатырды.
«Жан аямай қаруыңды көрсет» деп,
Көрұғлы ер шығарды Әнуар батырды.
Шағдатханнан Канған шықты асығып,
«Өзімді-өзім жүрмеймін,—деп,—жасырып».
Айқай салып жетіп келді қасына,
«Түрікпендер, кеттің-ау,—деп,—масығып».
Келе салып ұрды Канған шоқпарын,
Шоқпар тиіп болды қалқан от-жалын.
Әнуарбек басы айналып әлсіреп,
Мақтандырды қызылбастың топтарын.
Басы айналып Әнуарбек тұрғанда,
Миға жетті дұшман залым ұрғанда.
Әнуарды аттан алып лақтырып,
«Келіңдер!» деп, мақтанып тұр майданда.
Мұны көріп Шағдат тұрды шаттанып,
Қызылбастар күліп жатыр топтанып.
Тасқа құлап қаза болды Әнуарбек,
Түрікпен, араб алып кетті ат салып.
Осыменен қасқарайып күн батты,
Елшілер кеп арасына сөз қатты.
Таң атқан соң соғыспаққа келісіп,
Екі жақ та қарауылда тек жатты.
Таң атқанда дабыл қақты екі жақ,
Майдан жерге келіп тұрды түзіп сап.
Канған келді қызылбастан майданға,
«Шапшаң кел» деп, қышқырып тұр салып дақ.
Түрікпеннен шықты бұған Мұхитбек,
Рұқсат алды Көрұғлыдан тұрмай тек.
Шабуылдап жетіп келді майданға,
«Канған ерден қайтайын,—деп,—алып кек».
Қараңыздар Мұхитбектің ісіне,
Қарамады Канған ердің күшіне.
Канған батыр көтергенше шоқпарын,
Қанжар ұрды Мұхит батыр ішіне.
Жарып өтті Мұхитбектің қанжары,
Судай ақты өкпесінен қандары.
Аттан ауып омақасып құлады,
Өліп кетті Шағдатханның шонжары.