Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарақыпшақ Қобыланды батыр (1-бөлім)

Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 2 мин оқу

Сөйтіп, үйіне келіп, бірнеше күн өткенде, тоғыз ай, он күн жеткенде, алпыстағы Аналық толғатты, толғағы болды тым қатты. Бір қыз менен ұл тапты, ұлы болды сымбатты. Тоқтарбай сынды байыңыз ел шақырып, той қылып, ғаріп-қасерге сый қылып, ұлына ат қойдырды. Жарлыжақыбайды тойдырды. Ұлдың аты—Қобыланды, қыздың аты—Қарлыға болды. Халық тойын жеп тарқасты.

Тоқтарбайдай байыңа,
Кеңіген енді секілді,
Дүниенің тарлығы,
Көңілдің кетіп зарлығы.

Бала алты жасқа жетті. Мал бағуға ойланып, тобылғы меңді торы атқа мініп, жылқыға барып Естемшеге қосылып, ит жүгіртіп, құс салып, мал бағып жүре берді.

Бір күні у-шу дауыс шықты. Қобыланды:—Әй, Естемше, бұл дауыс не?—дейді.

Естемше айтты:—Қызылбас жұртында Көклен деген кемпір бар, өзі патша еді. Сол кемпір: «кімнің діні қуатты болса, соның оғы тиер» деп елдің ортасына биік баған қағып, басына алтын теңге тағып: «Мұны кім қағып түсірсе, қызым сұлу Құртқаны соған беремін» деп жатыр дейді. Әр жерлерден келген батырлар биіктігі жүз сарзиндай жердегі теңгені атып түсіре алмай жатыр,—дейді.

Онда Қобыланды:—Мен барып атып түсірсем, кемпір маған қызын берер ме?—дейді.

Естемше:—Саған атып түсірсең де бермейді,—дейді,—неге десең Құдайдың зор дұшпаны бойы қырық аршын Қызыл ер деген ер бар. Ол бұл қызға ғашық еді. «Мен оғым тисе де алармын, тимесе де алармын» деп жатыр. Ол сенің оғың тигенменен де бермейді. Сенің бұғанаң өспеген, қабырғаң қатпаған, оған әлің келмейді,—дейді.

Соныменен бірнеше күн өтті. Бірнеше күн жетті. Күні-түн дыбыс басылмаған соң, Қобылекең қисайып соған барды. Көз салып тұрды. Әркімдер атып тигізе алмады.

Бір кезде кезек Қобыландыға келді. Саржаны тартып қалғанда теңге қақ бөлініп жерге түсті. Көклен кемпір мұны көрген соң келіп:—Әй, шырағым, мұсылман заттың баласы екенсің. Күштілігіңнен түсірген жоқсың, дініңнің асылдығынан түсірдің. Мен де сенің дініңе кірдім, қыз Құртқаны саған бердім,—дейді.

Тоқсан нарға жасауды артып, қыз Құртқаны ұзатып жатқанда кемпір айтты:—Әйелдің бір тегі ерге дұшпан болатұғын, шырағым. Беліңді шешіп, сырыңды айтпағайсың,—дейді,—Қызымның тілі жоқ сақау, құрт жеген ағаштай ақау. «Қылайын енді саған» деп ашуланып қарай көрме бетіне, таяқ соға көрме етіне,—дейді де кемпір қала береді.

Бұлар жөнеле бергенде баяғы қырық кез Қызыл ер келіп килікті.— Мен қарындасыма қырық күн ойын, қырық күн тойын қылмай жөнелтпеймін,—дейді.

Қобыланды:—Не ойнайсың, батыр?—дейді.

Қызыл ер:—Жерден теңге алмақ ойналық,—дейді.

Қобыланды «жарар» деп тобылғы меңді аттың үстінен жердегі теңгені алып шауып кетті. Қызыл ер аламын деп ала алмады, аты асау екен.

Онда Қобыланды:—Әй, батыр, сіздің атыңыз асау екен. Мен жас күнімде, мынау аттың арқасына байлап шауып үйретіп едім. Сонан соң атым жуас болып кетті,—деп батырды алдап нандырды. «Батыр аңғырт, бай салғырт» деген сонан қалыпты.

Сонда Қызыл ер айтты дейді:—Ендеше, менің де екі қолым, екі аяғым сондай қылып байла,—деп, әм байлауға өзінің қанжығасын беріпті.

Тағы оқыңыз