Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарақыпшақ Қобыланды батыр (20-бөлім)

Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 2 мин оқу

Сонда Құртқа сөйлейді:

—Әуелі Алла әл-хамым,
Атса мылтық өткізбес,
Үстіңде далда қалқаның.
Күнім туды, Құдай-ай,
Дұшпан іздеп, жол кешкен
Келген екен сұлтаным.
Қайтып келіп қонар ма
Ұшып кеткен сұңқарым?!

Енді Қобыландыны көрген соң, Құртқаның балқымаған жері қалмай, аққан судай көңілі тасып, аяғын жылдамырақ басып, Алшағыр ханға айтқаны.

Құртқа сондай сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Елімді шапқан, Алшағыр,
Сөзіме құлақ сал, Шағыр.
Сақтағаны сен итке
Бір Тәңірдің бар шығар.
Мінгенде атым кер ме еді,
Кекілден аққан тер ме еді.
Әкелдің де қамадың,
Жарық сәуле көрмедім.
Құртқа шығып, бой жазып,
Далаға шықсын демедің.
Рұқсат берсең, Алшағыр,
Ала қапты алайын,
Беліме арқан шалайын.
Тезек теріп, бой жазып,
Далаға таман барайын.
Аянбасаң, Алшағыр,
Екі құл мен екі күң
Бақташыңды сал, Шағыр.
Теремін деп тезекті
Сәске мезгіл болғанда,
Шаһардан шығып барады.
Бақташысы қасында,
Екі құл мен екі күң—
Құртқаменен бесеуі
Ақылдаса қалады,
Сөзіне құлақ салады.
Көрінім жер барғанда,
Келді бір сай басына,
Отырды Құртқа қасына.
Отырып бір сөз бастады,
Күң менен құлдар қостады.
Бір күң менен бір құлды
Осы сайдың басында
Ойнай бер деп тастады.
Күңді құлдар ұстады,
Бола ғой деп қыстады.
Күң менен құл қалған соң,
Бойын жазып алған соң,
Тақырға тұрған құла қақ,
Сөйлеген ғазиз тіл мен жақ,
Патшалар мінген алтын тақ.
Ала қапты төрт бүктеп,
Жүкті қатын секілді,
Ішіне тықты Құртқажан—
Қобыландыны сынамақ.
Қыл қобызға жаққаным
Қарағайдан шайырды.
Үлкен-кіші жамағат
Тіріде қайыр бермеген,
Ғибадат жүзін көрмеген.
Бұл дүниеден өткенде,
Ақыретке жеткенде,
Білесіз бе байырды?
Мынау шарбақ осы деп,
Иә болмаса тұсы деп,
Бұл шарбаққа байлаған,
Терек басын шайнаған,
Шығыршық атып ойнаған,
Бурылды Құртқа көріпті.
Құртқажанды көрген соң,
Тұлпардан туған Тайбурыл
Теректегі шылбырды
Жұлып ала жөнелді.
Бурылды Құртқа көрген соң,
Омырауда он түйме
Құртқа ағытып жіберді.
Есіктің алды ағынды,
Бола жазды шығынды.
Шығынды болмай не қылсын,
Сағынып келген Бурыл ат
Қолтығына Құртқаның
Тұмсығын тығып жығылды.
Ат қашқан соң «тәк-тәк» деп,
Артынан Қобылан жүгірді.
Ат тоқтаған мезгілде
Құртқажанды көреді.
Ғашық жарын көрген соң,
Артық туған Қобыланды
Құртқаны көріп күледі.
Қобыландыны көрген соң,
Бұлаңдаған Құртқажан
Тұра келіп иілді,
Қол қусырып жиылды.
—Дүниеде іңкәрім,
Бұрын жетті өзіңнен
Астыңда мінген тұлпарың.
Тұлпар мініп, ту алған,
Туын қанға суарған,
Кеткен жері қуарған,
Келген жері қуанған.
Аман-есен келдің бе,
Жұрт иесі сұңқарым.
Сақтадың жаудың қаласын,
Дұшпанның мініп аласын,
Қалмақтың жегіп шанасын.
Қасіретті қылған данышпан
Әлдеқандай боласың?
Үкімменен жина-дүр
Кәуірдің дұшпан баласын.

Онда Қобылан сөйлейді:

—Күлме, Құртқа, қой,—дейді,
Кетті заман баяғым.
Кім ұстамас жылқының
Қырға қашқан саяғын.
Бірді таппа, мыңды тап,
Көріп келдім бұл жолда
Жалғыздықтың азабын.
Омса болмас баяғым
Адам болып ер жетсе,
Өзімнің соғар таяғым.
Қобылекең кеңдік бастайды,
Кетігін Құртқа қостайды.
Тұл болсын деп ақ қапты
Көзінше алып тастайды.
Қап екенін біледі,
Езу тартып күледі.
Аузы айтса да Қобылекең,
Іші қимай тұр еді.
Құртқаны қолдан жетелеп,
Қасындағы тоғайға
Қобыланды алып жөнелді.

Тағы оқыңыз