Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарақыпшақ Қобыланды батыр (23-бөлім)

Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 3 мин оқу

Бөкенбай келді бір жасқа,
Жүгіріп бала шығады
Үйде енді тұрмасқа.
Бөкен келді екіге,
Жан шыдамас лебіне.
Атадан бала сұрайды
Малды бағып кетуге.
Бөкен келді үш жасқа,
Артықша бала іс басқа.
Мықтылығын сонан біл,
Найзасы кірді тау-тасқа.
Төртке келді Бөкенбай,
Қобылекеңнің көңілі жай.
Бес жасына келгенде,
Қобыландыменен болды сайма-сай.
Бөкенбай келді алтыға,
Таулар жанды зарпына.
Дұшпандарын мұқатып,
Пайдасы тиді халқына.

Бөкенбай алты жасқа келген соң, тобылғы торы атын мініп, Естемшемен қосылып, мал бағып жүре берді. Ит жүгіртті, құс салды.

Қарындасын Қараман алды. Қобыландының қарындасы Қарлығаны Орақ ерге берді. Көбіктінің қызы Қарлығаны ешкім алмады, жаманға ол бармады. Он екі құлақты алтын шатырын тігіп, Қараспан таудың етегінде жата берді. Ешкім оған келмеді. Қобыланды мұны көрмеді. Бұл мұныменен жата берсін.

Хан Шошай деген бар екен. «Қобыланды Көбіктіні әм Біршымбайды, Алшағырды және Қазанның қырық кез Қызыл ерін өлтіріп алды» деген соң, он екі мың кісі алып, ақ қарабас ту алып аттаныпты. «Қобыландыны өлтіріп, не өзім өліп келейін» деп.

Қобыланды енді дұшпанды жеңіп, хабарсыз жатқанда, ұйқыда келіп тиіпті. Қобыланды шошып оянып, арқанда тұрған Тайбурылға бара алмай, сасқалақтап дамбалын көйлегім деп киіпті. Бөрігін етігім деп киіпті, сасқанның белгісі білте мылтыққа от бермей құр ата берді. Сол уақытта қыз Құртқа келіп мылтыққа от беріп, гүрс етіп даусы шықты. Онда қарындасы Қарлыға «көкем мылтығының даусы мезгілсіз шықты» деп оянып, қасында Ораққа «бар» дейді.

Сол уақытта Қобыланды,
Тайбурыл атқа мінеді,
Қарына сүңгі іледі,
Жау екенін біледі.
—Айт, жануар, шу,—дейді,
«Шу» дегенде гуледі.
Ұшқан құспен жарысып,
Үстіне мінген Қобылекең
Басыменен алысып,
Салып жетіп келеді.
Бірін-бірі көреді,
Бұ да айтулы ер еді.
Екі батыр қосылып,
Соғысуға келеді.
Итерісіп тұрысты,
Тебінгіден тер шықты,
Семсер қалды майысып,
Ерлер жаннан түңілді.
Екеуінің ақ сауыт
Шығыршықтан сөгілді.
Әл-дәрмені құрыды,
Қайрат қылып Қобылекең
Шошайды жерге бір ұрды.
Сол уақытта, мінеки,
Көбіктінің қызы Қарлыға
Қобылекеңдей батырға
Өкпе қылып жүр еді,
Бірін-бірі көреді.
Өш алғанда өш жоқ деп,
Кек алғанда кек жоқ деп,
Хан Шошайдың алдында
Ескі кекті енді алдым,
Етбетінен бір салдым.
Маған енді қылды деп,
Ашу қылсаң өзің біл деп,
Маған енді қылды деп,
Қоңынан найза салады,
Сүйтіп кегін алады.
Қобылан сынды-ай еріңіз
Шоңқайып аттан құлады.
Сол қалпыменен Қарлыға
Шаһарға қашып барады.
Орақ менен Қараман
Бұлар да келіп қалады.
Міне, тұрған хан Шошай
Хан Шошай батыр ақырды,
Әруағын судай сапырды.
Жекпе-жекке келші деп,
Батырларын шақырды.
Сол уақытта Бөкенбей
Жылқыдан салып келеді.
Хан Шошайды көреді,
Бөкенбай да ер еді.
Хан Шошайменен екеуі
Жеке-жеке десісті,
Жекелесе қалысты.
Келе найза салысты,
Найза қармақ майысты.
Итерісіп тұрысты,
Ат тізесін бүгісті,
Бүгісе-бүгісе тұрысты,
Тебінгіден тер қатты,
Қақырғанда қан татты.
Қанжар қалды майысып,
Семсер қалды майысып,
Сол уақытта Бөкенбай
Омыртқасы өспеген,
Қабырғасы қатпаған,
Хан Шошайдың қайраты
Өте айрықша масқара.
Еңкейіп кетіп барады
Бөкенбай сынды жас бала.
Сол уақытта бабасы:
«Жоқ, жоқ, балам, жоқ,—деп,
Болмас, балам, болмас,»—деп,
Көк есегі астында,
Шар кітабы қойнында,
Өзі Хақтың жолында,
Қасына жетіп барады,
Аяғынан алады.
Хан Шошайдай батырды
Өлдім, талдым дегенде
Бабасы менен Бөкенбай
Әрең деп жерге салады,
Басын кесіп алады.
Сонда бабасы сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Айналайын Бөкенжан,
Құлағың сал сөзіме,
Мен айтайын өзіңе.
Бұл не деген мықты-ай,
Сыйынған пірің мен болсам,
Екеулеп әрең жықтық-ай.
Бөкен сынды-ай жас бала
Әруағы асады,
Ағыны судай тасады.
Хан Шошайды өлтіріп,
Сағатына келтіріп,
Талай енді дұшпанды
Табанына басады.
Қобылекеңдей батырдың
Құртқа келді қасына.
Көбіктінің қызы Қарлыға
Дұшпандық етті басына.
Сүйіп алған қыз Құртқа
Ақ дәріні алады,
Жараға үгіп салады.
Саламаттанып Қобылекең
Жазылып енді қалады.
Жан-жағына көз салады
Шақырады баланы.
Бала келді қасына:
—Ау, шырағым, Бөкенжан,
Қайғы түсті басыма.
Сөзіме құлақ сал,—дейді,
Айтқан тілім ал,—дейді.
Көбіктінің қызы Қарлыға
Соған шапшаң бар,—дейді,
Алып мұнда кел,—дейді.
Бөкенбай сынды жас бала
Тайбурыл атқа мінеді,
—Айт, жануар, шу,—дейді,
«Шу» дегенде гуледі.
Әне-міне дегенше,
Салып жетіп келеді.
Көбіктінің қызы Қарлыға,
Қарлыға келіп Бөкенге
Найзаны келіп салады.
Сол уақытта Бөкенбай
Ашуы келіп қалады.
Найзаның тоқал жағыменен
Бөкенбай салып қалады.

Тағы оқыңыз