Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарақыпшақ Қобыланды батыр (3-бөлім)

Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 3 мин оқу

Қараман сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Сайым ұғлы Қараман,
Мен Қазанға барамын.
Жүрмеймісің, құрдасжан,
Қол ағалық қыламын.
Замандасым, мұңдасым,
Жасың бірге құрдасым,
Жылың бірге жылдасым,
Сен шыққан соң, құрдасым,
Білемін дұшпан оңбасын.
Қазан салған шаһарға
Сапарланып жол шектім,
Жүрмейсің бе, жолбарысым?

Сонда Қобылан сөйлейді,
Ителгі құстай іледі,
Сүйкімді назбен күледі:
—Барар-бармас жолымды
Үйдегі Құртқа біледі.
Сұрағалы Құртқадан
Естемше құл жөнелді.
Базарда бар ақ мата
Ойнақтайды жас бота,
Бұл сөзімде жоқ қата.

Қобыландының қасынан
Естемше шықты ел жата.
Тоқтарбайдың жанында
Құртқа тіккен отауға
Естемше тыстан сөз қатты,
Күн шыққан жоқ таң атты.
—Үйдемісің, қыз Құртқа,
Түздемісің, қыз Құртқа,
Әйелде болдың айла жоқ
Әгар еркек болғанда,
Болмас па ең тұлға бір жұртқа.
Іс тағдырға сызылды,
Мінгенде аты қызыл-ды.
Жарлының аты кез келсе,
Ұрының құрығы ұзын-ды.
Жол қылмаққа дұшманға
Арыслан көңілі бұзылды.
Мінуге керек қазанат,
Белге керек шар болат,
Денеге керек жалаңғат,
Жаппарға жаны аманат.
Жалғыз емес Қобылекең,
Қияттан шықты қолғанат.
Батыр мініп шығуға
Жарады ма, Құртқа, Бурыл ат?

Естемшеден бұл сөзді
Естіген соң қыз Құртқа,
Қылаң етіп, қылт етіп,
Сылаң етіп, сылт етіп,
Алтын шашбау қылт етіп,
Шекеде шоғы жылт етіп,
Саулы інгендей ыңқылдап,
Күшігендей сыңқылдап,
Сүмбіледей жылтылдап,
Алтын қалпақ, жез телпек,
Көтеріп Құртқа сөйледі,
Естемше құлға былқылдап:
—Дүние деген адам ит
Пенде тоймас іңкәрға.
Екі тоқты, бір саулық
Жарамай ма қырқарға.
Жұмсады ма сіздерді
Үйдегі нашар тұлпарға.
Тұлпарына жұмсаған
Көп құлдық бас сәлем айт,
Халық иесі сұңқарға.
Құрбы менен құрдасқа,
Заманы бірге мұңдасқа.
Мінемін көшке көк қасқа,
Саламын қамшы жамбасқа,
Бөрі де қастық қылмайды,
Соңынан ерген жолдасқа.
Бәдік пенен той басқа,
Ешкі менен қой басқа.
Шайтан менен жын басқа,
Туған ұл мен құл басқа.
Жұмсады ма сіздерді
Біздей нашар жолдасқа?
Жолдасына жұмсаған
Көп құлдық бас сәлем айт,
Халық иесі жолбарысқа.
Құлын Алла алмасын,
Алды-артымды шалмасын.
Тілімді алса сұлтаным,
Бұл сапарға бармасын,
Бұл олжадан алмасын.
Көп жылады дегейсің
Үйдегі нашар жолдасың.
Асқар тауда белдік бар,
Құдірет сізде кеңдік бар,
Құрдаста қанша елдік бар.
Тілімді алса, бармасын,
Сұлтаныма сәлем де,
Біздің баққан Бурылда
Қырық үш күндік кемдік бар.

Ақылды туған қыз Құртқа
Бұл жауаппен жіберді.
Асаулар үзер шідерді,
Аттан бір үзді күдерді.
Аттан күдер үзген соң,
Қараман сынды құрдасы
Қайрап-қайрап батырды

Қатынға қайта жіберді.
Қараман сонда сөйлейді:
—Бұл барғаннан барсақ біз,
Сол Қазанды өлтіріп,
Шаһарын бұзып алсақ біз.
Сұлуынан қызылбас
Қойынға бір салсақ біз.
Есіктің алды ебене,
Ерлер киер кебене.
Өлген кісі келе ме,
Алғанын Тәңірім бере ме?!
Әр талапқа шығарда,
Қатынға ақыл салсақ біз,
Айналайын, құрдасжан,
Қатын да емей немене?
Сонда тұрып Қобылекең
Терлер тамып иектен,
Түгі бір шығып білектен.
Жаны бір тулап жүректен,
Ордалы құлан ұйлықса,
Малақай болар үйектен.
Қараманның бұл сөзі
Өтті бір келіп сүйектен.
Сөз сүйектен өткен соң,
Топшақ атқа ер салып,
Ақ алмасқа қол салып,
Шапты батыр ауылға.
Найзасын ұстап бармаққа,
Аттанбаққа қалмаққа.
Әгар келсе үйіне,
Еш жазығы жоқ еді,
Келе жатыр бұл батыр
Үйде отырған Құртқаның
Басын кесіп алмаққа.

Тағы оқыңыз