Қарақыпшақ Қобыланды батыр (10-бөлім)
Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 4 мин оқу
Алтынын артып шанаға
Қарамай сиыр, танаға,
Өтірік емес, жан аға,
Сырлықала пендесін,
Жалғыз адам құтқармай
Айдап шықты далаға.
Қаланы шауып алады,
Айдап жөнге салады.
Батырдың көзі көреді:
Будақ-будақ шаң шықты.
Шаң алдынан қараса
Көп қиятқа бас болып,
Қалмақ десе қас болып,
Қазанның Сырлықалаға
Қараман келіп қалады.
Қараманның артынан
Шабылғанын қаланың
Бұлар да енді көреді.
Ор түбінде жиылып,
Бәрі бірдей қамалды.
«Өткіздік бастан заманды»
Деп қияттар сандалды.
Сол уақытта Қобыланды Қараманға келіп:—Қалмақтың Сырлықаласын мен алдым. Қарақаласын сендерге қойдым,—дейді,— барар жері тар екен. Еңбек қылған ерлерге олжа болғандай бар екен. Алты қабат қала екен, жеті қабат ор екен, алсақ олжа мол екен,—дейді.
Сонда бұлар жиылып, сөйлесіп Қараман батыр ат қойды. Мойны алыстан созылып келген ат қарғып кіре алмады. Сонда Қараман қайта шауып Қобыландыға келіп сөйлейді:
Қараман сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Айбалтам тастан өтпейді,
Жамандар сөзді кектейді.
Жүрмейсің бе, құрдасжан,
Қазанның Қарақалаға
Сенсіз күшім жетпейді,
Өтірік сөзім жоқ,—дейді.
Сонда Қобылан сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Арғымақ па екен, ат па екен,
Атан ба екен, нар ма екен.
Жая ма екен, жал ма екен,
Шекер ме екен, бал ма екен.
Ер бұзбаған шаһарды
Қатын бұзған бар ма екен?
Не деп айттың өзіме,
Өлейін деп кетіп ем
Қатын деп айтқан сөзіңе.
Ол кезде сен бір айтсаң
Мінеки, мен үш айттым.
Келмеді ме кезіңе,
Көрінбе менім көзіме!
Үйдегі қалған Құртқамның
Сатса алмаймын өзіне.
Өзі түгіл алмаймын
Сағынғанда бәз күні
«Қалқамжан» деген сөзіне.
Бурылға Қобылан «шу» дейді,
Шу дегенде гулейді,
Табаны жерге тимейді,
Тау мен тасты өрледі.
Әбден қызып алған соң,
Қамшыны баса салған соң,
Алғы аяғын бүгеді,
Артқы аяғын тігеді.
Құлағын істей қадады,
Құйрығын шаштай тарады.
Шекесінен қарады,
Бауырынан жарады.
Қояндай ағып жөнелді,
Ортасына шаһардың
Бурыл барып топ етті.
Төрт аяғы тиген жер
Тесіле жаздап солқ етті.
Әлде өтірік, әлде рас,
Айтып өттім—бәрі шын,
Ебіне келді нем кетті.
Қалаға Қобылан енген соң,
Еркімен барып кірген соң,
Не қылса да батырдың
Тайсалмасын білген соң,
Қара қасқа ат мінген,
Ат құйрығын шарт түйген,
Алдына дабыл төңкерген,
Артына сауыт бөктерген,
Аламын деп дем берген,
Азды көпке теңгерген,
Қара бөркі қалпиған,
Мен сондай деп дандиған,
Қайратымен мал жиған.
Қысқа күнде қырық шапқан,
Тері тонды теріс атқан.
Мұсылманға оқ атқан,
Қызылбасқа жан тартқан,
Құдайдан дұшпан сұраған,
Найзаның ұстар жеріне
Қолыма жұмсақ болсын деп,
Топтанып барқыт ораған.
Шын қаһары келгенде,
Жауған қардай бораған.
Суда болар ақ сазан,
Моллалар айтар бес азан.
Бұрынғы ердің бірімен
Алдынан шықты ер Қазан.
Бұ да айтулы ер еді,
Бірін-бірі көреді.
Келіп те сөйлей береді,
Сөйлегенде не дейді:
—Қашпа, балам, қашпа!—деп,
Саспа, балам, саспа!—деп,
Алдынан шапты ер Қазан
Хан шапқан соң кім қалсын:
Ханның ұлы қарауыл,
Хан шектісі жасауыл,
Бидің ұлы бекауыл,
Хан қасында қайдақтар,
Қатыны жоқ бойдақтар.
Ай басына мың сомнан
Жатып жеген бейбақтар.
Жаудан қашқан кей жаман
Ұстап атын жайдақтар.
Жауға шабар ер жігіт,
Өткір қылыш мойнақтар.
Хандар мінген қанды атты,
Батыр мінген жалды атты,
Қырық мың әскер салт атты—
Түймелетіп кигендер,
Түрегеліп сигендер,
Масақ құлақ мылтық қолында,
Қара сухар қойнында,
Алтыатары қолында.
Бәйгіден келген дөнені,
Сол шаһардың гөзелі,
Иесіз қалды көп әйелі
Талай төре келеді,
Төсінде алтын мыйлады,
Қаланың аузын қандатып,
Солдатын жаяу айдатып,
Шаһардың аузын шаңдатып,
Ішеміз деп бал алып,
Шайнаймыз деп нан алып.
Қырық мың кісі бұл шықты:
Он кісіден қос болып,
Қобыландыға қас болып,
Қазан ері бас болып.
Базарда болар ақша бөз,
Арқада болар сары көз.
Әлім менен Шөменге,
Жоғары менен төменге,
Төменгі жатқан көп елге,
«Мен—мұсылман» дегенге
Мағлұм болды біздің сөз,
Жекпе-жек деп келді кез.
Өзі жеке келген соң,
Қобыландыны көрген соң,
Не қылса да батырдың
Тайсалмасын білген соң,
Басын тартып қара аттың,
Қобыландыға ер Қазан
Екі-үш ауыз айтты сөз.
—Қазақтың ұлы, залым-ай,
Кигенің ала қырмызы-ай.
Ат саурысы тасыпты,
Көп шабуыл көргендей.
Атыңның жалы жатыңқы,
Алыс жолдан келгендей.
Қабағыңыз қатыңқы,
Түн ұйқыңды бөлгендей.
Қай шаһарға барасың,
Қай орынға қонасың?
Бурыл атты жас бала,
Кімнің ұлы боласың?
Атаң сенің кім деймін,
Анаң сенің кім деймін?
Батыр Қазан—мен деймін,
Шын сөзіңмен кел деймін,
Қалжың сөзге көнбеймін.
Ашуыма жолықпай,
Бурыл ат пен ақ сауыт
Қол тигізбей бер деймін.