Қарақыпшақ Қобыланды батыр (11-бөлім)
Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 3 мин оқу
Қобыланды сонда сөйлейді:
—Пұл жіберіп шығып ем,
Базарда алтын қасыққа.
Арланам атты беруге
Сендей дінсіз жасыққа.
Ат алуың қаша ма,
Дем алғанша асықпа.
Қызылбас, неден есірдің,
Жолықпай жатып ат бер деп?
Қызылбас қызы сұлу деп,
Дем алмай жүріп келіп ем.
Бұл сапарда бұл жақтан
Сұраймыз деп жесірді.
Олай болсаң, қызылбас,
Шыдамасаң бері кел,
Көрсетейін кесірді.
Арқа деген жайларда,
Атан шығар жыл болса,
Ауада сұңқар түйілсе,
Жүніне қара жоламас.
Жауға шабар ер жігіт
Ешкімнен ақыл сұрамас.
Мұсылманның баласы
Өзім өлмей жыламас.
Аты-тонын әр жерде
Беруші еді сендей нас.
Атасы жаман атасыз,
Атамды сұрап нетесіз?
Анасы жаман некесіз,
Неке сіз сұрап нетесіз?
Атаң бар-ды үлгісіз,
Алланың күні белгісіз.
Зар боларсың, бәлем-ай,
Еріксіз жарық көргісіз.
Өзіңнің салған қалаңнан
Зар қылармын жүргісіз.
Ер емессің тасырсың,
Бас білмеген есерсің,
Патшадан келген қаттауың
Қағылмай-ақ шешерсің.
Қара қасқа тұлпардың
Сауырынан түсерсің.
Мойныңнан аққан қара қан
Шамаң келсе ішерсің.
Асқар төбе белсің сен,
Қызылбас деген елсің сен.
Арақ ішіп, нан жесең
Қала ішінде ерсің сен,
Мұсылманнан кемсің сен!
Көкірегіңнің басынан
Қылышпенен өлтірсем,
Қапыда қалдым дерсің сен.
Садақпенен өлтірсем,
Жазым қылды дерсің сен.
Сен аға да, мен іні,
Сендер көп те, мен жалғыз,
Білгеніңді қыла ғой!
Жайықтың бойы қамыс-ты,
Бір қызылбас, бір қазақ,
Бермейміз деп намысты
Басында тәуір сөйлесіп,
Артынан шайтан жабысты.
Шайтан емей немене
Ырғай сапты сүңгімен
Ырғай, ырғай салысты.
Найза қанға майысты,
Қармақ болып қайысты.
Итерісіп тұрысты,
Ат тізесін бүгісті,
Бүгісе-бүгісе тұрысты.
Тебінгіден тер қатты,
Қақырғанда қан татты,
Түкіргенде жын татты.
Қанжар қалды қайысып,
Семсер қалды майысып.
Жеткен екен ажалы
Қан қаттаудан төгілді,
Ерлер жаннан түңілді,
Аш күзендей бүгілді.
Екеуінің ақ сауыт
Шығыршықтан сөгілді.
Хал-дәрмені құртылды,
Түсермін деп ұмтылды.
Екеуінің ақ сауыт
Ескі бөздей жыртылды.
Сол уақытта Қобылекең,
Найзаны ырғап ендірді,
Қазанды жерге төндірді,
Ат көтіне міндірді.
Туралықтан ай шықты,
Тартып еді жан шықты.
Үлкен сәске болғанда,
Ішкі қамал тысында,
Сыртқы қамал ішінде,
Ер Қазанның аузына
Қобылекең тықты балшықты.
Шалқасынан шалады,
Басын кесіп алады.
Басын кесіп алған соң,
Қанжығаға салады.
Салмағымен қубасы
Аударып кетіп барады.
Сасқанынан Қобылекең
Қолындағы қанжармен
Басты қиып тастады.
Бас барып жерге топ етті,
Қара жер сонда солқ етті.
Дір-дір етіп қорғанның
Бәрі бірдей құлады,
Ордың іші толады.
Қобыландыдай батырды
Қырық мың әскер қамады.
Шілде уақты болғанда,
Көктен түскен самал-ды.
Тура келген өлімге
Кім табады амалды?
Өлген құлдың басынан
Гулеп өткен заман-ды.
Қырық мың атты қызылбас
Алдында көрді қабанды,
Қабанның ісі жаман-ды.
Сонша қосын көп әскер,
Таба алмады амалды.
Қырық мың атты қызылбас,
Қаладан қашып кете алмай,
Дарбазадан өте алмай,
Қобыландыға жете алмай,
Ор түбінде қамалып,
Мынау тұрған Қобылекең
Бір Құдайды еске алып,
Жан-жағына көз салып,
Жалғыздықтан жабығып,
Жауды көріп қамығып,
Алдында көп қызылбас,
Артында жоқ жалғасып,
Көмек берер қарындас.
Жалғыздық түсіп есіне:
«Қараман көмек бермеді,
Келген екен несіне?»
Құдайды айтып жағалап,
Пайғамбарды айтып паналап,
Қобыланды батыр сөйлейді:
—Өзі болат, өзі өткір
Бұрынғының найзасы.
Бақ қараған пенденің
Басында болар хайласы.
Алдында жау көрінді
Қараспан толған халқымның,
Кәнеки, тиген пайдасы?
Мініп шықтым үмітпен
Шырағым Бурыл дөненді,
Көкке тойған көбеңді.
Ерлігімді кім айтар,
Қараспан тауды жайлаған
Қалың қыпшақ көп елге.
Жар болды Құдай өзіме,
Шыбын жаным көрінді
Бүгін менім көзіме.
Бір жан үшін сыйындым,
Жасаған, сенің өзіңе.
Жазым болып көз жұмсам,
Жалғызыңның аты деп
Кім апарып көрсетер
Кемпір мен шалдың көзіне.
...........................................
Бурылыма жаптым сауыт,
Сыйынамын Қамбар, Дәуіт,
Ат қоямын ауыт-ауыт.
Дұшпаннан қорқып тұрмаймын,
Аттың басын бұрмаймын.
Бүгін қанға боялсын,
Балқынға тіккен ақ сауыт.
Мұсылман ұғлы дарқан,
Жауды көрсем қызды арқам.
Бүгінгі күн бөктерсем
Жеті қабат діллә қалған,
Еменнің кестелі талынан,
Кем көрмеймін жанымнан.
Толғамалы ақ сүңгі
Шаншылар майдан күн бүгін.
Бұлғары садақ, бұқар жай
Тартылатұғын күн бүгін.
Жаға басы қақпалы
Бадана көзді ақ сауыт,
Сөгілер майдан күн бүгін.