Қарақыпшақ Қобыланды батыр (22-бөлім)
Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 3 мин оқу
Қараман сонда сөйлейді:
—Мұсылманға ғазат-дүр,
Қызылбасқа оқ аттыр.
Екі қызды бер маған,
Тіпті сені алмаймын,
Өз басыңа азат-дүр.
Енді Қарлыға екі қызды Қараманға беріп, өз басын босатып алды. Бұл қосынның ең кішісі Орақ екен. Қараман Ораққа айтты:—Мына екі қызды Қаракөзайым жеңгеңе апарып бер, ешкімге көрсетпесін. Әгар көрсетсе, мен ол жеңгеңді талақ қылармын деп айтты дегейсің,—дейді. Орақ батыр екі қызды алып барып қатынға тапсырып, Қараманның сөзін айтып, қайтадан бұларға келіп шықты.
Қарлыға айтты:—Әкем Көбіктінің күші менен мың батпан артық. Әм менен Біршымбайдың күші батпан артық. Үстіндегі ақ сауытты өзім қолдан соғып жасап едім. Атсаң мылтық, шапсаң қылыш, соқсаң найзаң өтпейді. Оған жалғыз інім болған соң Құдайдан болмаса, пендеден қаза болмасын деп соғып едім. Өзім амалдап ебін тауып өлтірейін. Әйтпесе сендерге болмас,—дейді. Біршымбайға шауып жөнелді.
Қасына жақын келіп жылай берді:—Ойбай, менің жалғыз інім, қайда жүр едің? Әкең Көбіктіні өлтіріп, мені ұстап әкелді. Құдай жалғызға кез келтір деп едім, Құдай тілегімді берді,—дейді, бетіне шашын жайып жылай берді.
Онда Біршымбай:—Ойбай, апа, сен бе едің? Мен танымадым,— дейді,—өзіме жақын кел,—дейді.
Қасқа жақын келген соң апасы жылайды:—Ойбай, қарағым, менім ауыр науқас әлім бар. Мені бір көз көрмес жерге алып бар,—дейді.
—Пәлен жерде бір таудың үңгірін көріп едім соған жүр,—дейді.
Онда апасы айтты:—Шырағым, сен алға жүр,—дейді.
Назары әрман ауғанда,
Түстей мақпал көрпеден.
Қарлығасы құрысын,
Біршымбайдың артынан
Найзасын салды желкеден.
«Жан апа» деп жылапты,
Біршымбайды аттан құлатты.
Жан апасы құрысын,
Өтірік емес рас-ты.
Бұл Біршымбай өлген соң,
Баспақты сарлы танадан,
Қалмады қатын-баладан.
Пенде болған көп қыпшақ
Қобыланды қамал бұзған соң,
Шулап шықты далаға.
Ақбөкен аңдай жосылды,
Тоқсандағы Тоқтарбай
Қобыландыға қосылды.
Алпыстағы Аналық,
Қарындасы Қарлыға,
Алған жары қыз Құртқа
Пенде болған көп қыпшақ
Балаға есен қосылды.
Алшағырдың шаһарын
Жалғыз жүріп шабады,
Адаспай Қобылан табады.
Байлар мінер дөненді,
Жарлы мінер көбеңді.
Байдың қызы жамылар
Масатыдай беренді.
Пенде болған көп қыпшақ
Олжа малға кенелді.
Қарақыпшақ елдері
Қараспан тауға бет алып,
Ырғытып аттап жөнелді.
Белгілі болды еліне,
Семсер буды беліне.
Нан пісірді деміне,
Келмеді дұшпан шебіне.
Үш ай тоқсан болғанда,
Келді қыпшақ жиылып,
Бөлініп көшкен жеріне.
Пенде болған елдердің
Сірә, қыпшақ баласы.
Олжа малға толады
Қараспан таудың арасы.
Қобылекең сынды батырың
Тайбурыл атпенен желеді,
Ел қонаға келеді.
Жағалай елі қоныпты,
Ел жағалай қонған соң,
Салаға малы толған соң,
«Басым екеу болсын» деп,
Қарындасын Қобыланды
Орақ ерге беріпті.
Қонған жері жыңғыл-ды,
Құмырсқа бел, талма бой
Қарлығаны ұзатып,
Батыр Қобылан той қылды.
Бір-біріне қосылды,
Жібек болып есілді,
Екі аяғын көсілді.
Мұратына жетіпті,
Сөйтіп, дәурен өтіпті.
Иманды құл көреді
Пайғамбар жатқан Меккесін,
Жарлы тігер кепесін.
Отыз күндей ойын қып,
Қырық күндей тойын қып,
Тоқсан қатын жеңге боп,
Бұлаңдаған Құртқаны
Қасына алып келеді,
Бірін-бірі көреді.
Тойына сойған секілді
Ешкі малдың текесін.
Қыз Құртқаның бұл жерде
Батырға қиды некесін.
Құртқа жатты қасында,
Қосылған деген осы ма?
Бұйырғанын көрсетті
Сүйіп алған досына.
Енді үстіне мінеді,
Сағынысып жүрген ер еді.
Бірін-бірі қинады,
Тұрайын десе қимады.
Қобылекең асылы
Қыз Құртқаға сыймады.
Бұйырғанын береді,
Тоқсан екі қатын жеңгесі
Ертең түсте келеді.
Жарқырап жатқан асылын
Қатындар келіп көріпті.
Көрген қатын қызықты,
Қызыққанның себебі—
Алтыннан түсі бұзық-ты.
Көрген қатын қызығып,
Қасықпенен алады,
Денесіне салады,
Перзент болып қалады.
Тоқсан екі қатын алған соң,
Денесіне салған соң,
Перзент болып қалған соң,
Тоқсан екі қатыннан
Тоқсан екі бала туған соң,
«Тоқсан екі баулы қыпшақ» деген сөз
Мирас болып қалыпты.
Айлардан ай өткенде,
Тоғыз ай, он күн жеткенде,
Сұлу Құртқа толғатты,
Толғағы болды тым қатты.
Дүниеге жар қылып,
Бала келді сымбатты.
Құндақтап алды баланы,
Тойына сойды аланы.
Үлкендігін сонан біл,
Екі қарыс болыпты
Жас баланың табаны.
Тілекті берді бір Құдай,
Жақсылығы тым оңай.
Жиылып елдің молдасы
Атын қойды Бөкенбай.