Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарақыпшақ Қобыланды батыр (7-бөлім)

Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 3 мин оқу

Бурылға батыр шу дейді,
Шу дегенде гулейді,
Табаны жерге тимейді.
Қасиетін Құртқаның

Батыр Қобылан біліседі.
Бұрынғы кеткен көп қосын,
Алалай деген өзенде
Жатыр екен иіріліп,
Соңынан жетіп келіседі.
Қонып жатқан ерлерге
Қобыланды батыр келіпті.
Құртқаның айтқан жерінде,
Жатыр екен көп қосын
Сыңсылама деген өзенде.
Он жетісі сайланып,
Баршаға барып келіпті,
Мұны Қобылан көріпті.

Сонда Қобыланды ойлайды: «Құртқаның айтқаны келді. Енді елімді жау алады деген сөзі расқа келер,—деп уайым қылып,—не болса да Құданың жазуыменен болар»,—деп жата берді.

Сонда Қараман көп қосынды жинап:—Кімде-кімнің аты озса, осы қолға аға болсын,—деп жар салды. Қобыланды оған бармады. Сөзіне құлақ салмады. Құрдасының тілін алмады. Қараман көп қосынмен шауып кетті. Қобыланды бір Жөнтөбе деген төбенің басына шығып жатып қалды. Бір ұйықтаса қырық күн ұйықтайтын еді. Бірнеше күн өткен соң:

Байлауда тұрған Тайбурыл
Шығыршық атып ойнады,
Ойынға енді тоймады.
Ұйықтап жатқан батырға
Барайын деп ойлады.
Қасына жақын барады,
Ұйықтап жатқан батырды
Маңдайға келіп салады.
Тұяғының даусымен
Тау жаңғырып қалады.
Сонда батыр оянып,
Жан-жаққа көзін салады.
Көрмеді ешбір қараны,
Өзінен басқа адам жоқ,
Жататұғын заман жоқ.
Теңдесе басып ырғалып,
Көп қосыннан соң қалып,
Бурылға Қобылан сөйлейді.

—Төрткілдеп соққан түп еді,
Шынжыр найза жіп еді.
Ескіден қалған күн еді,
Тайтермелі шеге еді.
Жаңылдың ба, Тайбурыл,
Мінейін деп жатқанда,
Шешең Құртқа не деді?
Қара жалды жылқыдан
Бурылым қалмас деп еді.
Әуелі Алла—анайым,
Хақ Жаратқан Құдайым.
Ұжмақта хордан сымбатты
Үйдегі Құртқа жұбайым.
Жарым жаман болды деп,
Жемеймін, Бурыл, уайым.
Шешең тұлпар деп еді,
Шешеңнің сөзін сынайын.
Жан серігім—жалғыз ат,
Жайың қалай, Бурыл ат?
Шырағым, бүгін шабайын,
Төрт аяғың сом болат,
Қолтығыңда қос қанат
Мен үстіңде аманат.
Үкілі құйрық, майда жал,
Сөзіме менің құлақ сал.
Кешегі кеткен көп қолға
Тұлпар болсаң жетіп қал.
Құртқам баққан Тайбурыл,
Ырғала басып жүр жарқын,
Терлемессің күн салқын.
Жылқыда тұлпар сен едің,
Жігітте сұңқар мен едім.
Сен астымда сау тұрсаң,
Қара жалды қыл құйрық
Сенен озбас деп едім.
Мал сатамын базардың
Бояғы мен бөзіне.
Салған жылқым тоқтайды
Арқаның сары көзіне.
Құлақ сал, Бурыл, сөзіме,
Қырық күншілік шаһарды
Көрсет бүгін көзіме.
Көрсетпесең көзіме,
Онда шешең, мен мұнда,
Қалар бір көңілім өзіңе.
Біздің ауыл Арыста,
Есебі жоқ алыста.
Азулының бойында
Жылқылары қамыста.
Кешегі кеткен көп құлға
Қоясың ба намысқа.
Қырық күншілік Қазанға
Бір мезгілде жетуге
Сіздей малға алыс па?!
Озушы едің қыпшақта
Той бәйгіде, жарыста.
Жаным, тәнім, Тайбурыл,
Ұшқан құстан қалыспа!
Қаса тұлпар болсаң сен,
Қалқам, бүгін қарышта!

Құралайдың малына,
Алуаның шекер, балына,
Тобылғы сапты қамшымен
Толғап ұрды санына.
Жанға серік Бурылдың
Жаман батты жанына.
Сауысқан, қарға тойынды
Санынан аққан қанына.
Санына қамшы басқан соң,
Қаны бір судай аққан соң,
Күндіз батпай түн батты.
Төменгі ерні қыбырлап,
Жоғарғы ерні жыбырлап,
Екпінімен сыбырлап,
Тайбурыл атқа тіл бітті.
Тіл біткен соң сөйлейді:
—Қарағай мен бітер тал,
Алуа менен шекер, бал.
Кімге келмес керім сал,
Назбедеуге бітер жал.
Аямай тарттың қамшыны,
Артық туған Қобылан нар.
Өлмесек те кеудеде
Шыға жазды шыбын жан.

Тағы оқыңыз