Қарақыпшақ Қобыланды батыр (19-бөлім)
Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 3 мин оқу
Сонда Қобыланды тыңдап тұра қалса, тоқсандағы атасының Қобыландыны жоқтап зарлағаны екен.
Тоқтар шал сонда сөйлейді,
Жадына алып Құдайды.
—Келелі түйем ішінде
Бурадайын айдынды,
Жалғызым, сенен айрылдым.
Омар менен Османға,
Ішім толды пұшманға,
Ай мүйізді қошқардай
Қозым, сенен айрылдым.
Қолымнан құт кетті енді,
Құтым Қобылан айрылдым.
Қайыңға біткен жапырақ,
Құлан шабар шоқырақ.
Бұл бейнетті көргенше
Неге өлмедім мен шұнақ?!
Өлгенде мені кім көмсін,
Тілеп алған қозым жоқ,
Кім салар маған топырақ?!
Балтам тасқа өтпейді,
Ауырған жерім бітпейді.
Күнде «ал» деймін Құдайға,
Мезгілсіз ажал жетпейді.
Күн ыстықта қой бағып,
Маңдайымнан тер ағып,
Бұтымда жоқ ыстаным,
Кендірден киген кебене
Бұтыма тартсам жетпейді.
Бүгін айдың нешесі,
Ай қараңғы кешесі.
Алпысқа келген Аналық
Енді оянып жылайды,
Қобыландының шешесі.
—Өріп едім жібекті,
Құлан тастар тезекті.
Шырағымды жоқтайын,
Шаршаған жерде тоқтайын,
Жан қосағым, Тоқтар шал,
Беріңіз маған кезекті.
Алтын бесік иісім,
Күміс еді киісім.
Ереуі жоқ күмісім,
Жастан қосқан білісім,
Ойнау менен күлісім.
Жалғызымның барында
Кеңейіп еді өрісім.
Қондырып еді өзіме
Бұл дүниенің бейішін.
Түн ортасы болғанда
Шырағым жақтан жел соқты
Жаңылмасам деп едім,
Шырағым мінген астына
Тайбурыл аттың желісін.
Омар менен Османға
Ішім толды пұшманға.
Шырағымның жоғында
Пенде болдым дұшпанға.
Жан қосағым, Тоқтар шал,
Разымын Тәңірге
Сені маған қосқанға,
Көзіңді сал аспанға.
Төрткілдеп соққан төбемнен,
Шырағым шыққан денемнен.
Жаз болса шығар күн жаққа,
Қыс болса шығар жел жаққа,
Бабасы берген шырақтың
Бұлты келді төбемнен.
Қарағай садақ, қырық кез оқ,
Балдағы алтын белге тоқ.
Бұлты келді, өзі жоқ,
Бұлтын көріп кеулім тоқ.
Қобыланды үйде барында
Мақпалдан тонды киіп ем.
Айналайын, Жасаған,
Көзімнің жасын иіп ең.
Тілегімді берсейші,
Қозы бағып жүргенде,
Шырағым менің келсейші.
Оң қабағым тартады,
Шырағым менің келгендей.
Иінім менің тартады,
Қамқаны таңдап кигендей.
Тақымым менің тартады,
Қараспанға ел көшіп,
Парымен жорға мінгендей.
Жан қосағым, Тоқтар шал,
Етіме қатқан қос тері
Бұлақ болып есілді,
Жалғызым келіп емгендей,
Бір нышанын көргендей.
Қуанамын мен ғаріп,
Кеткен қозым келгендей.
Алпыста шешең Аналық
Арқан ескен не қорлық?!
Өзге қорлық, қорлық па,
Өзің алған Құртқаны
Қалмақтың ханы Алшағыр
Аламын деген не қорлық?!
Мен бір пақыр анаңды
Дұшпаннан халас қыла көр.
Ықылас атты Шашты Әзиз
Біздерге жәрдем қыла көр.
Қарлыға сонда сөйлейді:
Енді Құртқа сөйлейді:
—Аспаннан ай түсірдім,
Хордың қызын құшырдым.
Ойпаң жерге ор қаздым,
Ақсұңқар құсқа тор жаздым.
Шырағым түзде, мен үйде,
Жарғабында қылғандай,
Бибі Фатима, не жаздым?!
Биік таудың жылғасы,
Бауырында ойнар құлжасы.
Әр пендеге бітер ме,
Сұлтанымның тұлғасы.
Тәңірі неден жаратты
Төмен етек ұрғашы.
Аламын деп қинайды
Діні жаман болмашы.
Шырағым сүйген ару денем
Бола ма жаудың олжасы?!
Құлыны өлген қулыққа
Тай теліген бар ма екен?!
Ботасы өлген түйеге
Нар теліген бар ма екен?!
Сұлтаным түзде, мен үйде,
Ақсұңқар құстың орнына
Қарға қонған бар ма екен?!
Сары бал қойдым аяққа,
Бұғалық салдым саяққа.
Өзім баққан Тайбурыл
Менен кеттің қай жаққа?
Мінген атым Шалқасқа,
Алтыннан таға салдырдым
Таймасын деп тау-тасқа,
Қызмет еттім мен жаста.
Қулықтың сүтін еміздім,
Бәрекелді дегіздім.
Сексен күні біткен соң,
Тоқсан күні жеткен соң,
Құнанда емдің, тайда емдің.
Бес жасыңа келгенде
Бел қызығын көрсін деп,
Бес бедеуге салдырдым.
Алты жаста ақтаттым,
Ат болар деп батырға
Сені сонша мақтаттым.
Таралып мойны өссін деп,
Алты қабат ала арқан
Жібектен есіп сүйреттім.
Белде белден өткізді,
Бурыл аттың дауысын
Қыз Құртқаға жеткізді,
Періштелер жалғасып.
Танығансын дауысын
Жалтыр да көлдің қатысын,
Тілеп ала барады
Алшағыр ханның сатысын.
Сатыны тілеп алады,
Сатыны тамға салады.
Сатыға шығып өрмелеп,
Жан-жағына қарады.
Қобыланды менен Бурылды
Құртқаның көзі шалады.