Қарақыпшақ Қобыланды батыр (2-бөлім)
Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 3 мин оқу
Қобыланды:—Сіздің қол-аяғыңызды бұл қанжыға ұстап тұра ала ма?—дейді.
Қызыл ер:—Мен ол қанжығаменен талай дұшпанды байлап қарағанмын. Шаншар ханның заманындағы мыстан кемпірдің терісі. Ол үзілмейді,—дейді.
Қобыланды Қызыл ерді қанжығасыменен алып байлап, бұзау терісі кертартарменен тартып қалғанда, белшұбар ат ышқынып тулап ала жөнеліп, батырды тау менен тасқа соғып өлтірді.
Сол уақытта қыз Құртқа:—Қызыл ердің Ағанас, Тоғанас деген екі кішкене баласы бар. Соларды өлтіріп кет. Олар тірі қалып ер жетсе, әкесінің кегін алмай қоймас,—дейді.
Қобыланды:—Олар өскенше кім бар, кім жоқ,—дейді де жүре берді.
Бұлар көшіп келіп бір жерге қонды. Қонған жерлері көп жылқының іші еді. Сол жылқының ішінен қыз Құртқаның көзі бір биеге түсіп:—Әй, батыр, мына биені мені берсеңіз де алыңыз,—дейді.
Қобыланды:—Сені берсем бір рулы елдің малын алмаймын ба?— дейді. Құртқа:—Мұның ішінде тұлпардан пайда болған бурыл құлын бар,—дейді,—аман-есен құлындаса, сол құлынды ат қылып саған берермін,—дейді,—астыңыздағы торы ат жауға, дауға мінуге жарамайды, жабының баласы,—дейді.
Сонан соң бұл батыр:—Жылқының иесі кім екенін білейін,—деп бір таудың етегінде ұйықтап жатқан жылқышыларына келіп:—Бұл кімнің жылқысы?—дейді. Тоқсан құлдың бастығы Қаракөшек деген:—Сәлімбай байдың жылқысы,—дейді. Жөн-жосығын сұрап келсе, әкесі Тоқтарбайдың інісі болып шықты. Қобыланды батыр Көшекке:— Сәлімбайға барып ініңіз үй ұзатып келе жатыр екен. Тоқсан нарды артуыменен алсын да, кәрі көк Бурылды берсін деп айтты деңіз,—дейді. Қаракөшек байға барып, Қобыландының айтқан сөздерінің бәрін айтты.
Өтірік айтып, Көшегім,
Қалып жүрме ұятқа.
Жүк саламын шанаға,
Үш әйелім бар еді,
Ортаншысы жүкті еді,
Арнап едім мен оны
Ішіндегі соның балаға.
Тайдың несін сұрайды,
Әкете бермей далаға.
«Қалауымды алдым» деп,
Мақтанып барсын алдында
Тоқтар сынды ағаға.
Сәлімбай сөйдеп айтқан соң,
Көшек шауып жөнелді,
Жауабына кенелді,
Бұ да айтулы ер еді.
Сәлімбайдың сөздерін
Бұлжытпай айтып береді.
Қобылан сынды еріңіз
Биені алып жөнейді.
Тілекті Құдай береді,
Қыз Құртқаға келеді.
Айналдырып биені
Көзін салып көреді.
Желіні жеткен биенің,
Жақсылығы болсын Иенің,
Биесі құлын табады.
Табанын жерге тигізбей,
Маңдайын күнге күйгізбей,
Киімге орап алады,
Жақсылап Құртқа бағады.
Аяқтанып алған соң,
Көк ала бие қасында
Айнала құлын шабады.
Бірнеше күн өткенше құлын менен биені сонда бағып жата береді. Құлын енесіне тоймайды. Қырық қысырақтың үйірін айдап әкеліп сауып ішкізді. Армасын, талмасын деп жеміне қызыл дәрі қосып жегізеді. Құлын әбден аяқтанып болған соң, бұлар көшіп елге келіп, отауын әкесі Тоқтардың ордасының жанына әкеліп тікті.
Қобыланды:—Әй, әке, мен кеткелі малдың аман, жаманын білесіз бе?—дейді. Онда Тоқтар айтты:—Әй, шырағым, мен сені малда жүрген шығар деп едім, қайдан білейін,—деді. Мұны естіп Қобыланды үйіне түспей, ашытқан балын ішпей, Қараспан таудың етегінде жатқан Естемшеге қосылып ит жүгіртіп, құс салып, мал қызығыменен жүре берді. Сол уақытта қырық мың үйлі қият деген елдің ішінде Сайым деген бай болып, оның Қараман деген баласы бар еді. Қобыланды туған жылы туған, жылы жылдас, жасы құрдас еді. Сол Қараман қырық мың кісі алып, ақ-қара бас ту алып, Қарақозы, Аққозы, Қосдәулет, Қарабұқан жауырыншы—соларды алып, қалмақтан Қазан деген ер шығып, қазақтың жерінен Қарақала, Сырлықала деген екі қала салып, мұсылманның жерін алды дегенменен аттанып келе жатыр еді. «Қарақыпшақ Қобыланды батыр Қараспан тауда Естемше құлменен ит жүгіртіп, құс салып жатыр» дегенді естіп Қараман:—Жылы жылдас, жасы құрдас еді. Соған бара кетелік, жүрсе ала кетелік,—деп жолдастарыменен Қобыланды батыр жатқан жерге келіп қонды. Қобыланды оларға қос басына бір-бір ту бие сойып берді. Ертеңіне жүрейін деп жатқанда Қараман сөйлейді: