Қарақыпшақ Қобыланды батыр (8-бөлім)
Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 2 мин оқу
Қызылбастың шаһарына
Мұнша болдың ынтызар.
Ойға алғаның қоймайсың,
Батыр туған Қобылан нар!
Ата-анадан жалғыз тақ
Жалғыздың кегін менен ал,
Жамбасыма қамшы сал.
Қалалы жерде қарғырмын,
Қазып салған кең орға.
Ақсұңқар құс түседі,
Тамақ үшін ақ торға.
Төрт аяғым тең жорға,
Тізгінім тартпай сал жолға.
Сен үстімде есенде,
Астыңда өзім есенде,
Қажу бар ма мен сорға.
Ат қылып Тәңірім жаратты
Сен сықылды лайыққа.
Екі жақсы қосылса,
Бір Тәңірге жылайды.
Қырық күншілік Қазанға
Бір мезгілде жет дейсің,
Қырық үш күнім кем еді,
Жетуге маған оңай ма?!
Қиын да болса, Қобыланды,
Қиналамын, қайтейін,
Хаққа уағдаң солай ма?
Намаздігер өткенше,
Намазшамға жеткенше,
Құптан уақты біткенше,
Қазан ағаш бақшасын
Түсірмесем өзіңе,
Көрсетпесем көзіңе,
Жан серігің Бурылды
Сол жерде шал Құдайға.
Сонан соң атқа бел шешіп,
—Шырағым, Бурыл, шу,—деді,
Шу дегенде гулейді.
Табаны жерге тиместен,
Тау мен тасты өрледі.
Төрт аяқты сермеді,
Құлақтың түбі терледі.
Тер шыққан соң өрледі,
Адырды көзі көрмеді.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Қараша емес қауыс-ты,
Қоңыраулатып дауысты,
Күн төбеден аумай-ақ,
Түзеді Бурыл шабысты,
Жақын қылды алысты.
Қос құлағы тігілді
Қырға біткен қамыстай.
Түс ауған соң бүктелді
Илеуі жеткен қайыстай.
Байлаулы малдай шешілді,
Төрт аяғы көсілді,
Әбіре сымдай есілді.
Кешегі кеткен көп қолға
Жетем деген Қобыланның
Жоқ еді тіпті есінде.
Қол соңынан барады—
Қарабұқан жаурыншы.
Ағыны қатты Бурылмен
Салып келді бесінде.
Бұқанға келді:—Ар ма,—деп,
Алдыңда кісі бар ма?!—деп.
Сонда Бұқан сөйлейді:
—Жылқы ішінде аланы,
Қылшаң жүнді қараны.
Аты қалар деп пе едің
Өзіңнен үлкен ағаны.
Осынау қырдың астында
Қосдәулет кетіп барады.
Тайбурыл атты құтыртып,
Оған да келді сыпыртып.
—Үлкен едің, ар ма,—деп,
Алдыңда кісі бар ма?!—деп.
О да айтты: «аланы,
Жоқтап ек Қобылан баланы».
Осынау белдің астында
Аққозы кетіп барады.
Тайбурыл атты құтыртып,
Оған да келді сыпыртып.
—Үлкен едің, ар ма,—деп,
Алдыңда кісі бар ма?!—деп.
О да айтты: «аланы»
—Жоқтап ек Қобылан баланы.
Мына белдің астында
Қарақозы кетіп барады.
Тайбурыл атты құтыртып,
Оған да келді сыпыртып.
—Үлкен едің, ар ма,—деп,
Алдыңда кісі бар ма?!—деп.
Қарақозы сөйлейді:
—Алыстан айқын көрінген,
Жылқыда малдың аласы,
Ағынан көп-ті қарасы.
Жеткен-ді деп ойлаймын,
Шапқалы көзім көрген жоқ
Өз көңіліммен шамасы.
[Құрдасың Қараманның қарасын],
Көппен бірге шапқалы,
Өзіңнен шығып кеткелі
Сонан бері көрмедік,
Не болғанын білмедік.
Көктен жауған тамшыдай,
Шебер қыздың қолында
Балдағы алтын қайшыдай.
Бұлаңдаған Бурылға
Мына тұрған Қобылекең
Баса соқты қамшыны-ай.
Алтынды найза қолынан,
Желі тұрды оңынан.
Бақанға жеткен бесінде,
Қараманның шу салып
Қобылекең жетті соңынан.
Артынан келіп сөйлейді:
—Болғаның ба, досым-ай,
Мақтаған атың осы ма-ай.
Он екі күнде жетерсің
Менің тіккен қосыма-ай.
Жүресің бе, Қараман,