Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарақыпшақ Қобыланды батыр (5-бөлім)

Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 2 мин оқу

Көп қосыннан соң қалып,
Қобыланды гулеп жөнелді.
Тоқсанға келген Тоқтарбай,
Алпыстағы Аналық,
Қарындасы Қарлыға,
Алған жары қыз Құртқа
Төртеуі қалмай соңынан,
Кескілеп кет деп қолыңнан,
Қобыландының артынан
Төртеуі жылап келеді.

Түстік жерге келгенде
Қарлыға сонда сөйлейді:
—Халық ұйғарса, қалмайсың,
Көңілің сүймесе, бармайсың.
Құдай мінеп жаратты
Балдағы алтын болатқа.
Ақсұңқар құс ұшады
Құйрығы мен қанатқа.
Жалғыз ағам, жан көкем,
Сапарландың талапқа.
Саздыққа біткен қоқтымын,
Бөрік үстінде шоқтымын.
Осы кеткен сапардан
Көкем елге келгенше,
Ел-жұртын аман көргенше,
Артыңда қалған мен сорлы
Айтыңыз, көке, ниязға.
Көзге, көке, жас алдық,
Тағдырға ұсынып бас алдық.
Көкем елге келгенше,
Ел-жұртын аман көргенше,
Артыңда қалған мен сорлы,
Болайық сенен тасаттық.
Басымда бар алтын шоқ,
Көкем барда көңілім тоқ.
Көкем елде болмаса,
Табаныма тиер шоқ.
Қарғаның жүні қаттасым,
Үйректің жүні оттасым,
Бірге туған сүттесім,
Қысылған жерде топ басым.

Таласып емшек еміскен,
Тай-құлындай тебіскен,
Бірге жатып, бірге өскен,
Кіндігімді бір кескен.
Тоғай толған түйеңді,
Жан көке, кімге тапсырдың?
Желі толған жылқыңды
Тағы кімге тапсырдың?
Қора толған қойыңды
Және кімге тапсырдың?
Бәрін айт та, бірін айт—
Тоқсандағы әкең Тоқтарбай,
Оны кімге тапсырдың?
Алпыстағы Аналық—
Әжеңді кімге тапсырдың?
Қарындасың Қарлыға—
Мен сорды кімге тапсырдың?
Қасыңдағы мұңдасың,
Төсекте жатсаң сырласың,
Қияметтік жолдасың,
Көклен қызы Құртқаны,
Ағеке, кімге тапсырдың?

Қобылекең сонда тарықты,
Көп ескерді халықты.
Қарлыға даусы шыққан соң,
Шыдай алмай Қобыланды
Ақ найзаға сүйеніп,
Өксіп жылап қамықты.
Қайта айналып қаз қонар
Ұя салған жеріне.
Әркім де ойнап-күледі
Өзі қатар теңімен.
Көзден аққан қара жас
Қаныменен аралас,
Төмен қарап жер шұқып,
Қарындасына көрсетпей,
Көзін сүртті жеңімен.

Және Қобылан сөйлейді:

—Тауда болар тарғыл тас,
Тарықса, шығар көзден жас.
Арқаңды жапқан қолаң шаш,
Шырағым, сөзге құлақ ас.
Мен кешігіп келмесем,
Сендерді мұнда тастамас
Қараспан тауды жайлаған
Қалың қыпшақ, қарындас.
Қарлыға, мен айналсам,
Ағызба жасты көзіңнен,
Сай-сүйегім босайды
Көке деген сөзіңнен.
Атадан тақ баламын,
Жауға кетіп барамын,
Әлдеқандай боламын.
Армансыз боп өтейін,
Қыз да болсаң бір тудың,
Нашарсынып нетейін.
Қарлыға, бұршы мойныңды,
Көкең сүйсін бетіңнен.
Айдын көлден қу аттым,
Керектер болып өтінен.
Ойынға балық шығады,
Жазғы судың бетінен.
Еркек болсаң, қарағым,
Қалмас ең менің соңымнан.
Қыз да болсаң бір тудың,
Нашарсынып нетейін.
Мал сатамын базардың
Бояғы мен бөзіне.
Салған жылқым тоқтайды
Арқаның сары көзіне.
Құлағың сал сөзіме,
Жаратқан Алла бір Құдай,
Жамандық берме өзіме.
Айналайын, Қарлыжан,
Тоғай толы түйемді
Сарысуға тапсырдым.
Желі толған жылқымды
Жасанған жауға тапсырдым.
Қора толған қойымды
Аш бөріге тапсырдым.
Азу тісі балғадай

Жас бөріге тапсырдым.
Тоқсандағы әкем Тоқтарбай
Құдіретіме тапсырдым.
Алпыстағы шешем Аналық
Фатимаға тапсырдым.
Қарындасым Қарлыға
Қарашашқа тапсырдым.
Қосақ жарым қыз Құртқа
Палуан қызға тапсырдым.
Сендер төртеу, мен жалғыз,
Бір Аллаға тапсырдым.

Тағы оқыңыз