Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарақыпшақ Қобыланды батыр (9-бөлім)

Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 4 мин оқу

Сен кеткелі он бес күн
Түсте шауып соңыңнан,
Бесінде өтіп барамын.
Жағалай тауда татыр-ай,
Жарасар тіксе шатыр-ай.
Он бес күн бізге қарамай,
Бұрын кеткен батыр-ай.
Бүгін түсте шауып ем,
Бесінде жетті қатын-ай.
Қатын да болса білдің бе
Құртқаның асыл затын-ай.
Жүрмейсің бе, Қараман,
Қатынның баққан аты озды,
Қапыда қалма, батыр-ай.
Қобылекең гулеп жөнелді,
Көп қиятқа қарамай.
Қалың қият—көп қосын,
Бәрі қалды артында,
Бірі еруге жарамай.
Електен өтсең, Есенбай,
Қыс қыстауға—Борсық жай,
Бәрінен озды Бурыл тай.
Қобыланды сынды еріңіз:
—Айт, жануар, шу,—дейді,
«Шу» дегенде гулейді,
Табаны жерге тимеді.
Тау мен тасты өрледі,
Құлақтың түбі терледі.
Тер шыққан соң өрледі,
Адырды көзі көрмеді.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Аманбайдың ақ тікен
Аса қарғып жөнелді.
Заңғар-заңғар таулардан
Секіріп асып жөнелді.
Ол төбе мен бұл төбе,
Бауыры шұбар күл төбе,
Онан да өтіп жөнелді.
Бөктергінің бүкіл сай,

Су түспеген терең сай,
Сыпсың біткен қарағай
Онан да өтіп жөнелді.
Қамыстының қазды көл,
Қоғалының қулы көл,
Жекендінің жалын көл,
Шағалалы шалқар көл,
Қызғыштының қызыл көл,
Бәрінен өтіп жөнелді.

Айшылықтың көлінен,
Күдерінің қара дөңінен
Бесінде өтті деңінен.
Барлы, барлы, барлы тау,
Басы биік қарлы тау,
Хан жайлаған қара тау,
Би жайлаған ала тау,
Қыз емшекті сүйір тау,
Түйемойнақ иір тау.
Атасу мен Манашы,
Ішейін десе су ащы,
Мал оттауға оты ащы,
Мұнан дағы жол шекті.
Емпей-күмпей қасынан,
Жем, Темірдің басынан,
Қалбағайлы бұлдидан,
Қас-қабақты ылдидан,
Тобылғылы нұрадан,
Су түспеген жырадан,
Баялышты құмайттан,
Бүлдіргенді шыңайттан
Жалғыз шауып келеді.
Астында мінген Бурылдың,
Омырауы есіктей,
Ойынды еті бесіктей,
Сырты сұлу Бурылдың
Құмдаудан қазған көсіктей.
Қос құлағын қайшылап,
Тобықтан тері тамшылап,
Ақ сауыты жылтылдап,
Тобық еті бұлтылдап,
Алдыңғыдан артқысын
Сынық сүйем кем басты.
Жалғасып ұшқан қоңыр қаз
Тозаңынан адасты.
Асқар төбе бел еді,
Бұ да шауып келеді.
Көлденең жатқан көк тасты
Аяғы барып тигенде
Саз балшықтай иледі.
Жанында қылыш жалтылдап,
Береннен қылған шалбары
Жел соққанда жалпылдап,
Тозаңы шықты бұрқылдап.
Табанына тас тисе,
Түнде шаққан шақпақтай,
От шығады жылтылдап.
Аттың жолы қазылды,
Қысқан жерде ұмтылып,
Бес жүз құлаш жазылды.
Омырау тері көпірді,
Бурыл көкке секірді.
Шаба-шаба шатылды,
Тақиядай көрмеді
Үстіне мінген батырды.
Тұяғына тиген тас
Қызылбас атқан оғындай
Аспан көкке атылды.
Тұяғымен тоздырды
Құла дүз майдан тақырды.
Бұлаңдап шапқан Бурылдың
Маңдайында месі бар,
Марал ішсе, таусылмас.

Арындап аузын ашады,
Аяғын топтап басады.
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады.
Кешке таман Тайбурыл
Жын қаққанға ұқсады.
Құлан менен бұланды,
Киік пенен қоянды
Ұзатпай алдан тосады.
Көл жағалап отырған
Көкқұтан мен қарабай
Көтеріліп ұшқанша
Белінен кесе басады.
Дуадақ пен жек қалды,
Бірқазан құс көп қалды.
Ақсұңқар мен лашын,
Әлде өтірік, әлде шын
Өлген құсты жем қылды.
Көбелек ұшпас көлсізден,
Ебелек ұшпас елсізден,
Құла мидай шөлдерден,
Батпақты талай көлдерден,
Жалғыз шауып келеді.
Үмітін үзіп батырың
Қараспанды жайлаған
Қалың қыпшақ елдерден,
Намаздігер өткенде,
Намазшамға жеткенде,
Белес, белес бел көрді,
Бел астында ел көрді.
Байтақ жерде ай татыр,
Ақты, бозды қой жатыр.
Төтелеп шауып қалаға
Қобылекең келе бұл жатыр.
Құланнан аттым қодықты,
Өксігін басып солықты.
Намаздігер өткенде,
Намазшамға жеткенде,
Бес ағаштың түбінде,
Қазан салған қалаға
Келіп батыр жолықты.
Көк алалы көп жылқы,
Бөрі құлақ ен жылқы
Гулетіп жылқыны алады,
Айдап жолға салады.
Жылқыны жолға шығарып,
Қайтадан келіп ат қойды.
Қазанның Сырлықалаға
Қалаға кірді Аллалап,
«Иә, Құдай» деп ат қойды.
Ай бетінен кіреді,
Айқай-сүрен салады.
Күн бетінен кіреді,
Күн бойы сүрен салады.
Қойға кірді бір бөрі
Бөріктіре қырады.
Талай қалмақ сорлады,
Ер қайратын сынады.
Атысқан жауы артық көп,
Қай уақытта тынады?
Бір уақытта Бурылға
Бастан келіп дүбірі,
Тайбурыл салды мойынды.
Толып жатқан қалмаққа
Қобылекең салды ойынды.
Талай қалмақ жойылды,
Қалмақтың көбі шалбарлы
Шарбарлыны сермеді.
Алқындырды сағақтан,
Бауыздады тамақтан.
Адам шыдар ер емес,
Қар жаудырды қабақтан.
Бір уақтар болғанда,
Жалғыз жаумен ойнады,
Жауды ерікке қоймады.
Көтеріп салған көк сүңгі
Тіріде қанға тоймады.
Бір уақыттар болғанда
Жалғыз жаумен ұрысты,
Ит арқасы құрысты.
Ердің жаудан қашуы
Шірітті де, борсытты.
Мың жылқының дүбірін,
Тайбурыл жалғыз салады.
Мың кісінің дауысын
Қобылекең жалғыз салады.
Аллалаған дауысқа
Тау да Аллалап барады,
Тас та Аллалап барады.
Екі шеке солқылдап,
Бас домалап барады.
Қаланың аузын қан қылды,
Көшенің аузын шаң қылды.
Солдатын жаяу айдатып,
Туырлығын тоқым қып,

Тағы оқыңыз