Қарақыпшақ Қобыланды батыр (15-бөлім)
Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 2 мин оқу
Қобыланды батыр абақтыдан шықпаған соң, Қарлыға менен Қараман ақыл тауып, жылқыдағы Тайбурыл атты алып келіп, тақымына қылшылбыр салып бұрады. Сонда Бурыл шыдамай шыңғырып жіберді. Құлағына Тайбурылдың даусы келген соң Қобыланды төзе алмай жүгіріп шықты. Бұлардың алдап шығарғанын білмеді.
Сол уақытта Қобылекең
Тайбурыл атқа мінеді,
Үстіне сауыт киеді,
Беліне семсер іледі.
Ат мінген соң тұрмады,
Көбіктінің жылқысын
Және айдап жөнеді.
Қаладан қиғаш өткенде,
Қоба көлге жеткенде,
Жамандатқыр сол көк ат
Құйрығын шаштай тарады,
Шекесінен қарады,
Бауырынан жарады.
Аспанға қарап есінеп,
«Ием бе?» деп кісінеп,
Жау екенін білген соң
Сыртына құйрық салады,
Көк ат қашып барады.
Жалғаса қуған екеуі
Қарасын көрмей қалады.
Көк ат енді қалаға,
Жәрдем берсін Құдайым
Қобыланды сынды балаға.
Қалаға көк ат еніпті,
Естіді дүбір Көбікті.
—Ояумысың, Қарлыға,
Ат ертте,—деп желікті.
Қарлыға сонда сөйлейді:
—Ұйқыңды бұзба, Көбікті,
Жамандатқыр Ақмоншақ
Жем жейін деп келіпті.
Көбіктіні жатқызды,
Әбілетке батқызды.
Ақмоншақ атқа ер салып,
Аз ғана азық жем салып,
Артында байтақ ел қалып,
Қобылекең еске түскенде
Қарлыға шері қозғалып,
Ақмоншақ атқа мінеді,
Беліне семсер іледі,
Денеге сауыт киеді.
Қарлыға қыз, мінеки,
Қобыландыға қосылып,
Әкесінің жылқысын
Және айдап жөнеді.
Қаладан қиғаш өткенде,
Сарыөзенге жеткенде,
Пайғамбар Құдай пендесі,
Төменде аттың денесі
Сілтесе, тастан өтеді
Ғалидің шапқан қылышы.
Оттамай да, жусамай
Жамандатқыр көк бесті—
Қашаған көктің інісі
Көрінем жерге келгенде,
Құйрығын құстай тарады,
Шекесінен қарады.
Аспанға қарап есінеп,
«Ием бе?» деп кісінеп,
Жау екенін білген соң,
Сыртына құйрық салады,
Көк бесті қашып барады.
Жалғаса қуған үшеуі
Қарасын көрмей қалады.
Көк бесті енді қалаға,
Естіді дүбір Көбікті
Көбікті батыр желікті.
Көк бестіні көрген соң,
Кеткенін қыздың білген соң
Көк бестіге мінеді,
Шоқпарды қолға іледі,
Мал соңынан шабады.
Көбікті мұнда келгенше
Қарлыға ақыл табады.
Сонда Қарлыға айтты:—Әй, Қобыланды менен Қараман, енді ол Көк бесті әкеме барады. Әкеме барған соң атқа мініп бізді қуар, тез жетіп келсе керек. Әкем Көбіктіге атсаң мылтық батпайды. Шаншысаң найза, шапсаң қылыш өтпейді. Өйткені үстіндегі ақ сауытын өзім қолдан жасап едім. Көзін тар қылып едім. Бірақ кіндігінің тұсындағы төрт көзін кем соғып шығарып едім. Өзім бір жақсы адамды сүйіп барам десем, әкем бермесе, сол жерден байлап аттырармын деген жерім еді. «Балам, мына жердің шығыршығы қайда?» дегенде «жетпей қалды» деп едім. Сол жерінен кіндігі бұлтыйып шығып тұратын еді. Сонан байлап атсаң қаза бар, болмаса бөтен жерден қаза жоқ,—дейді.
Қараманға:—Ақырын жылқыңды айдай бер. Биең құлын салмасын, тайың жолда қалмасын. Артыңа көзіңді салып жүргейсің. Екі қара көрінсе, Қобыланды менен Қарлыға екен дерсің. Жалғыз қара көрінсе, Көбікті болар. Онда өзіңіз қамыңызды қыларсыз,—дейді. Қараман жылқыны айдап жүре берді. Мұнда Қобылекең қисайған оғын түзетіп, тоғайда жол тосып жата берді.