Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарақыпшақ Қобыланды батыр (18-бөлім)

Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 3 мин оқу

Пірден хабар тиген соң,
Ақсап жүрген Бурыл ат
Құлындай ойнап қалыпты.
Белгілі төбе бел еді,
Әйел де болса ер еді.
Қараман алған Қарлыға
Батыр жалғыз қалған соң,
Майқара мен көдеге,
Жусан менен бетеге,
Шұңқыр менен өзенге,
Түніменен ұйықтамай,
Бурыл атты жетелеп,
Қарлыға бағып жүр екен.
Көзінің жасы мөлтілдеп,
Қос бүйрегі бүлкілдеп,
Елін дұшпан алған соң,
Аяғын басып жүре алмай,
Қарлығаның қасына
Азар келді былқылдап.

Қобыланды келіп сөйлейді:

Қарлыға сонда сөйлейді:

—Ерлер сасар болар ма,
Етегін басар болар ма?
Үмбетінен пайғамбар
Дінсіздер асар болар ма?
Әуелі Құдай анайым,
Хақ жаратқан Құдайым.
Бөлініп елден шыққан соң,
Сіз болар ма деп едім,
Тәңірі қосқан жұбайым.
Өзім сізден қалған соң,
Мұныма жеймін уайым.
Сіздіңменен дос болып,
Өз еліммен қас болып,
Сөйтіп шыққан сорлы едім.
Артық туған сұлтаным,
Бір шыбындай жанымды
Сенен бір несін аяйын.
Қайғы ішіп, қан құспай,
Запыран ішіп, май жұтпай,
Бүлінген елге кете көр,
Шабылған елге жете көр.

Асқар-асқар бел болса,
Қараман сынды құрдасың
Жаны ашыған ер болса,
Жинап алып артыңнан
Тап үш күнде барайын.
Жанына байлап болатты,
Басына асыл жалатты.
Сүйіп мінген Бурылдың
Жел тимеген саурысын,
Күн тимеген баурысын
Қамшымен ұрып қанатты.
Тайбурыл аттың маңдайын
Қараспан тауға қаратты.
Қаратып тауға шу дейді,
Атылып Бурыл гуледі.
Тау мен тасты көрмеді,
Құлақтың түбі терледі,
Тер шыққан соң өрледі.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Ерте шапқан Қобыланды
Кешке шейін шабады.
Бара алмады еліне,
Жете алмады жеріне.
Таң мезгілі жеткенде,
Шолпан жұлдыз батқанда,
Есіктің алды ағынды,
Бола жазды шығынды.
Шығынды емей немене,
Екпіндеп шапқан Тайбурыл
Етбетінен жығылды.
Жылап жүріп Қобыланды
Жерге қолын салады,
Жерді сипап қарады.
Ертеңгі таң атыпты,
Бұйырған дәмін татыпты.
Жазығы мал демесең,
Адамнан ақылы артық-ты.
Ел барында Құртқаның
Екі мезгіл жем берген,
Жаныменен тең көрген,
Алтыннан соққан албарға
Бурыл құлап жатыпты.

Таң ата Қобылан қараса,
Жұрты жатыр, елі жоқ,
Батпағы жатыр, көлі жоқ,
Сандалып жүрген бала жоқ.
Табанына тиді шоқ,
Жанды қара бірде жоқ.
Балта кеспес мұртына
Сүйексіз тілім бел қылды.
Сәске мезгіл болғанда,
Шауып келді Қобыланды
Бұлаңдаған Құртқаның
Отауын тіккен жұртына.
Қылыш сала байланып,
Жұртын жүрді айналып,
Есіктің алды ойыңқы,
От ортасы көбіңкі,
«Томпайған мынау күл ме?» деп,
Найзаны күлге салады,
Аударып күлді қарады.
Жая менен жал екен,
Шекер менен бал екен.
Өзін қалмақ алғанда
Босанып қолдан қалғанда,
Батыр бұған кез келсе,
Қарны ашып келер деп,
Қаны қашып жүрер деп,
Көмген екен жұртына
Бір табадай нан екен.
Бұйырғаны осы ғой,
Азды-көпті жиған деп,
Нанның түбі—иман деп,
Шетінен тістеп алады,
Қоржынға батыр салады.
Бурыл атқа шу десе,
Етбетінен құлады.
Сонда тұрып Қобыланды
Алтын ерге сүйеніп,
Өксіп-өксіп жылады.

—Тұлпардан туған Бурылым,
Сен де айрылдың анаңнан,
Мен де айрылдым анамнан.
Және айрылдым Қарлыға,
Бірге туған бауырдан.
Қарағым, Бурыл, әлменен,
Адаспай шауып жолменен.
Өкпе-бауыр жалменен,
Тұман болды шаңменен.
Ауылға барған кезімде
Құртқа түссе қолыма,
Суартамын балменен.
Сипатармын, шырағым,
Ақ сүңгідей қолменен.
Қобылекең сонда шу дейді,
Шу дегенде гуледі.
Ерте шапқан Қобыланды
Кешке шейін шабады.
Шапса да елге жете алмай,
Іңір болып барады.
Есіктің алды ағын-ды,
Бола жазды шығын-ды.
Шығынды болмай немене
Екпіндеп шапқан Тайбурыл
Етбетінен жығылды.
Жерге қолын салады,
Жерді сипап қарады.
Аллаға қанша жазықты,
Батыр бұған кез болса,
Аты арыса, қарны ашса,
Болсын депті атқа жем,
Өзіне қылсын азықты.
Тұлпардан туған Бурылдың
Астынан тауып алыпты.
Алтын қазық бес бүктеп
Ат қоржынға салыпты.
Таң мезгілі болғанда,
Алшағырдай қалаға
Қобылекең жетіп келеді.
«Қолыма алдым найза деп,
Шерменде болған халқыма
Тигізейін пайда» деп.
Таң атқанда Қобыланды
Шаһарды үш айналды,
«Енуге есік қайда?!» деп.
Бір шетінен өткенде,
Мүсідеу жерге жеткенде,
Жылқыда құмай аланы,
Атадан тақ баланы.
Күнде қойға барғанда,
Жалғызым деп Тоқтар шал
Жоқтаушы еді баланы.
Бүгін тағы зарлаған,
Жас қозыдай маңыраған,
Саулы інгендей аңыраған,
«Уай, балам» деп сарнаған
Тоқтар шалдың дауысы
Сыртта жүрген Қобыланның
Құлағын жарып барады.

Тағы оқыңыз