Қарақыпшақ Қобыланды батыр (6-бөлім)
Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 2 мин оқу
Асқар төбе бел дерсің,
Тайбурыл атпен желерсің.
Жақсы-жаман қадірін
Құртқаның сонда білерсің.
Тоқсандағы Тоқтарбай
Бұтында жоқ ыштаны,
Тізесіне тон жетпей,
Ақтабан боп кәпірге
Қой баққанда келерсің.
Алпыстағы Аналық
Арқан есіп, жүн түтіп,
Құрт қайнатып жүргенде,
Сұлтаным, сонда келерсің.
Қарындасың Қарлыға
Абадасы қолында,
Шай қайнатып жүргенде,
Бауырыңды сонда көрерсің.
Көк етіктің мықтысы,
Күзгі жердің шықтысы,
Сенен қалған мен сорлы
Бір дұшпанның мықтысы,
Аламын деп жүргенде,
Сұлтаным, сонда келерсің.
Мінуші едім ақтабан
Айтулы ер мақтаған.
Құданың ісі көп шығар
Өлмеген құлға сақтаған.
Қош, сұлтаным, аман бол,
Қайда жүрсең аман жүр.
Мерген байлап оқ атар
Ұшқан құстың қойнына.
Иманды құл тос болар
Хауыз, кәусәр суына.
Бұ дүниеге іңкәрсің,
Құртқамбысың демейсің.
Аққа қарап жөнелсең,
Ысрапыл көпір аузында.
Пайғамбардың тойында,
Айналайын, сұлтаным,
Сорлы болған Құртқаңды
Еске бір сонда алғайсың.
Бұл сөзді айтып қыз Құртқа қала берді. Қобыланды сол кеткеннен кете берді. Сонда Құртқа:—Әй, енеке! Сізге мен ақыл айтамын: сіз сонау шоқ терекке барып, екі аяғыңызды көсіліп, екі емшегіңізді шығарып, балаңызды шақырып «шырағым, мамаңды еміп кет» десеңіз, сізге келер. Келген соң әкесі, сіз, әм біз төртеуіміз етегінен ұстап «бізді кімге тастап барасың, тоқта, болмаса қолыңнан бізді өлтіріп кет» деп жыласақ, әуелі Құдайдан, екінші сізден, үшінші бізден ұялып, қиып тастап кете алмас,—дейді.
Мұны естіп кемпір бейшара елпең-елпең жүгіріп, алпысқа келген бейшара етпетінен жығылып, ау деп демін алып, екі емшегін шығарып:—Шырағым Қобыланды, мұнда келіп мамаңды еміп кет,— дейді. Қобыланды мұның ұстап жібермесін біліп келмеді. Құдай тілекті бермеді. Сол уақытта Аналық әуелі Хаққа, екінші пірлерге тапсырып, осылайша, баласына оң батасын берді.
Астында мінген Тайбурыл
Елпең-елпең жортады.
Қобыландыны көрген жан,
Жерге енгендей қорқады.
Ерні төмен салынып,
Қара терге малынып,
Қала берді кемпір-шал,
Бір Аллаға жалынып.
Сонда Бурыл гуледі,
Не болғанын білмеді.
Артық туған Құртқаны
Батыр Қобылан біледі.
Артынан Құртқа келеді,
Келіп те сөйлеп береді:
—Сіз бұл барғаннан барарсыз. Алалайдың аузында, Сыңсыламаның көпірінде Қараман көп қоспен барып жатып, ар жағына он жеті кісі барша салар. Ол барша ар жағында бір Індүлі деген тау бар, соның басына шығып болжал-болжал көрінген Сырлықала, Қарақала деген Қазанның қалаларын көріп: «мына жағы бір күндік жол екен» деп қайтып келер. Бірақ олар жақын десе де қырық күншілік жол болса керек,—дейді,— соған Қараман иланып бас-аяғы сегіз күндік жер деген соң «кімдекімнің аты озса, осы қолға аға болсын» деп шауып кетер,—дейді,—бірақ сіз оныменен бірге шаппаңыз. Не үшін десеңіз, мен көп қосынның астындағы аттарына көзімді салып едім. Қараманның астында қара құла жалсыз деген ат бар екен. Табаны жерге тиіп, маңдайы күнге күйіп, арқасын ер тесіп, бауырын айыл кесіп, көзіне күн қақты болып, тер құйылып шаба алмай қалар. Елінде ат бағатұғын адам жоқ-ақ екен. Әгарда ат баға білетін адам болғанда ол қосында онан озатын ат болмас еді. Сіз оныменен бірге шаппаңыз. Бірнеше күн кейін қалсаңыз да, иншалла, озарсыз,—дейді.