Қарақыпшақ Қобыланды батыр (21-бөлім)
Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 3 мин оқу
Құртқа сонда сөйлейді:
—Көптен дамыл көрмеген,
Көнбісті болған ер едің,
Аз-кем күнге шыдаңыз.
Тайбурылды ойнаттың,
Дұшпаның көп, достың аз,
Сұлтаным, бұзба қайратың.
Айдын көлдің бетіне,
Ойынға балық шығады,
Жазғы судың шетіне.
Ертеңгі күн, сұлтаным,
Жұрт қолыңа тигенде,
Біреуменен ұрыссаң,
Біреуменен керіссең,
Әзілдесіп, күлісіп,
Жамандардың тілі ащы—
Қадір білмес кей жаман
Ата-анасын танымай,
Қатынын көрген Қобылан деп,
Кінә қылар бетіңе.
Сонда Қобылан сөйлейді:
—Асып туған, қыз Құртқа,
Әйел болдың амал жоқ.
Әгар еркек болғанда
Болар ең тұтқа бір жұртқа.
Төрткүлдеп соққан төбедей,
Алтыннан соққан жебедей,
Сағындырған жарым сен едің.
Соншама күн жол шегіп,
Абырой-ажат көп көріп,
Сағынған жұфұтым сен едің.
Құдай қосса, шырағым,
Ертең Бурыл мінейін,
Беліме семсер ілейін.
Қазам жеткен күн болса,
Ата менен анадай
Құрбандық болып өлейін.
Иә болмаса, Тәңірге
Жүгініс етіп көрейін.
Байқамас па екен деуші едім,
Әсіре қыпшақ баласын,
Өткен ерлер шамасын.
Құртқа кейін кеткенде,
Шаһарға барып жеткенде,
Күңі мен құлға жүр дейді,
Тұрайын десе күң мен құл
Ойындарын қимайды.
Еркіне Құртқа қоймайды,
Күңі мен құлын жинайды.
Ертіп алып қыз Құртқа
Құлдарыменен келген соң,
Қалаға Құртқа енген соң,
Шұбалаңдап шаң шықты,
Қаңғыр-күңгір даң шықты.
«Немене шаң?» деп қараса,
Саулы іңгендей аңқылдап,
Күшігендей саңқылдап,
Алтын күмбез дулыға
Шекесінде жылтылдап,
Ақмоншақ аты астында
Қарлыға келді сылқылдап.
Қарлығаның соңынан
Сайымұғлы Қараман
О да келді былқылдап.
Бұл Қараман соңынан
Есіктің алды балдырған,
Нан пісірдім тандырдан,
Қызылбастың көңілін қалдырған.
Қызылбастың жұртынан
Мұштай деген шаһарды
Тағыболат, Тасболат
Бұрынғы үш ағасын
Бірдей қырып салдырған.
Шонжар қатар заты бар,
Жіңішке жирен аты бар,
Аллаға жеткен даты бар,
Балалы тауда бар-ды Орақ,
Қосын салған мырзалық.
Айдынды Орақ, айлы Орақ,
Айбалтасы қанды Орақ.
Қобыландының елдерін
Қалмақ алды деген соң,
Келген екен бұл Орақ.
Торғай емес, Тосынды,
Ақбөкендей жосылды.
Қараман менен Қарлыға,
Аты шыққан Орақжан
Қобыландыдай батырға
Үшеуі келіп қосылды.
Бұлар тұра тұрсын. Алшағыр ханның шешесі бар еді, денелі зор кісі еді. Маясоқ домбырақоқ, аузы үңгірдей, мұрны пештей, көзі көрдей, сиқы адам құсарлық жаман қатын еді. Құрма тастап, бал ашып, Қобыланды әм Орақтардың келгенін біліп, баласы Алшағырға сөйлейді:
—Мінгенде атым құлаша,
Бидай өңді құбаша,
Қобаған мұрын, қой көзді,
Ұзын бойлы, нұр жүзді,
Сымбат бойлы дембелше,
Алтын камзол жеңдіше,
Бейне Қобылан секілді,
Келді, балам, тұр-сәна.
Қобыландының артынан
Сүйек біздікі, ет бөтен,
Көбіктінің қызы Қарлыға
О да келгенге ұқсайды,
Жалғыз балам, тұр-сәна.
—Әуелі тартқан иегі,
Ұстаған садақ білегі,
Үш ай тоқсан болғанда
Шешілер қошқар күйегі.
Он жыл болды Қобыланның
Қайдан келсін сүйегі.
Тағы кемпір сөйлейді:
—Май жүзінде тортамын,
Қобыланды деп қорқамын.
Атаң мінген алтын тақ
Сол мінер деп қорқамын.
Ойран болар жұртыңыз,
Басыңнан ұшып әруақ,
Атаңыз жиған байтақ ел
Бүлінер деп қорқамын.
Тура атқанда оқ өтпес,
Сол киер деп қорқамын.
Емпең-емпең жүгірген,
Еңкейе басып бүгілген.
Ертеден салса, түске озған,
Ертеден шапса, кешке озған.
Томаға көзді, қасқа азбан
Сол мінер деп қорқамын.
Менің өзім нашармын,
Кілттің аузын ашармын.
Күнікейдей кекті қыз,
Тінікейдей текті қыз,
Екі қызымды алармын.
Тіл алмасаң қайтейін,
Бас сауға қылып қашармын.
Екі қызды алады,
Күймесіне салады,
Кемпір қашып барады.
Көбіктінің қызы Қарлыға
Қиядан көзі шалады,
Қасына жақын барады,
Екі қызды ұрлап алады.
Арбада қызым аман деп,
Кемпір кетіп барады.
Сол уақытта Қараман
Мұны көзі көреді,
Қасына жақын келеді,
Келіп те сөйлей береді.
—Екі қызды бер,—дейді,
Қарлыға сонда сөйлейді:
—Апырым-ау, енді не дейін,
Байытқалы келіп пе едім,
Қияттың жаман кедейін.
Өзімнің басым сауғадан
Құтыла алмай тұрғанда,
Мен кімге сауға берейін?