Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарақыпшақ Қобыланды батыр (17-бөлім)

Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 2 мин оқу

Жамандар қорлық еткен соң,
Қараман қият кеткен соң,
Жалғыздықтан жабығып,
Қорлық көріп қамығып,
Өксіп жылап қайғырып,
Қайғы тартып қан жұтып,
Запыран ішіп, май жұтып,
Осынша көптің ішінде
Жалғыз жылап қалады.

—Көптің ісі бітеді,
Жалғыздың ісі кетеді.
Шауып алған олжамды
Қият алып кетеді.
Шамырқанып шамдансам,
Буырқанып бұрсансам,
Мұздай темір құрсансам,
Қосыны түгіл, қияттың
Еліне әлім жетеді.
Ақылсыз туған мен ақымақ,
Елден жалғыз шыққанша,
Онды, бесті жаныма
Кісі ертсем нетеді?
Құдіретті күшті, Құдайым,
Жаратқанша жалғыз қып,
Жаратпасаң нетеді?
Туғызғанша жалғыз қып,
Туғызбасаң нетеді?
Көп болған соң жалғызға
Жаманның әлі жетеді.
Үйге барсам түзім жоқ,
Түзге барсам үйім жоқ.
Осындай жалғыз жүргенде,
Өтесің бе дүние боқ?
Қарағай кестім талымды,
Қайнаттым шекер-балымды.
Әттең, шіркін, жалғыздық,
Бетімнен төктің арымды.
Кетірдің мұнша сәнімді,
Көп қинадың жанымды.
Атадан алтау туса да,
Шірік туған жаманға
Болайын нағып жалынды.
Қазам жетіп мен өлсем,
Жұрт талайды малымды.
Қай мезгілде көремін
Үйдегі кемпір-шалымды.
Құлым десең, Құдай-ай,
Бүгін маған көрсетші
Ататұғын таңыңды.
Көрсін десең таңыңды,
Ойла менің қамымды.
Бүгін таңға жеткізбей
Тауыс менім нанымды.
Қият қылды мастықты,
Жылап жүріп Қобылекең
Ерін қылды жастықты.
Жамандар қылды өсекті,
Наза болып Қобылекең,
Тоқымын қылды төсекті.
Тоқымын төсеп, ер жастап,
Етбетінен Қобыланды
Ұзынынан сұлады.
Алтынды ерге сүйеніп,
Артық туған Қобыланды
Өксіп сонда жылады.
Жылап жатып Қобылекең
Бөлінбеген ұйқыға,
Жыртылмаған құлпыға,
Таң мезгілі болғанда,
Көк есегі астында,
Алтын дәстар басында,
Сырлы асасы қолында,
Өзі Хақтың жолында,
Жетіп келіп қасына,
Отыра қалып басына,
Тізесін бүгіп сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Ұйқыдамысың, Қобыланды,
Мінгенде атым боз-ды ғой,
Арқам желге қозды ғой.
Саған келген пәлені
Қорғаймын деп мен сорлы
Етегім әбден тозды ғой.
Құланнан аттым қодықты,
Көлден тарттым борықты.
Сенің әкең Тоқтарбай—
Қартайған шалға жолықтым.
Биік-биік қыр екен,
Оқпанды сай жер екен.
Сенің әкең Тоқтарбай,
Бұтында жоқ ыстаны.
Қойшы болып кәпірде
Ақтабан боп жүр екен.
Алпыс жаста Аналық
Арқан есіп, жүн түтіп,
Алшағырдың елінде
Құрт қайнатып жүр екен.
Қарындасың Қарлыға
Пиаласы қолында,
Дастарханы қарында,
Белдемшесі белінде,
Бөтен жаудың елінде,
Шай қайнатып жүр екен.
Өзіңнен қалған Құртқаны
Қалмақтың ханы Алшағыр
Аламын деп жүр екен.
Шауып кетті еліңді,
Кесіп кетті желіңді,
Өзің тірі тұрғанда
Қыпшақты жаудың алғаны
О да саған өлім-ді!
Еліңді алған дұшпанға
Көрсеткейсің көрімді.
Жалған айтар демеңіз
Жеті кәміл піріңді.
Қалмақтың ханы Алшағыр
Бүгін үш күн болады.
Шауып кетті еліңді,
Кесіп кетті желіңді.
Хандар мінген қара ала ат
Жалтарып шабар қояндай.
Татулықтың белгісі
Қозы Көрпеш—Баяндай.
Жас күніңде ойнап қал
Бозбалалар аянбай.
Бабасының сөзімен
Қобыланды шошып оянды-ай.
Қылған ісі пенденің
Жаппар Хаққа аянды-ай.
Көзін ашып жіберсе,
Таң шымырлап атыпты,
Моллалар азан айтыпты,
Шолпан жұлдыз батыпты.
Көзін ашып қараса,
Мақталы жастық мамық-ты
Оянып түске қамықты.
Талауға жұрты түскен соң,
Байлауға малы кеткен соң,
Осыны біліп Бурыл ат,
Қапаланып ақсап жүр екен.

Тағы оқыңыз