Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарақыпшақ Қобыланды батыр (13-бөлім)

Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 2 мин оқу

Мына жақта Көбікті бар есітемін,
Соған бара кетелік,
Ойранды сала кетелік,—дейді.
Берік туған, құрдасжан,
Құлағың сал сөзіме,
Мен айтайын өзіңе,
Көбікті деген қалмақ бар,
Көрсетейін көзіңе.
Соған енді баралық,
Жылқысын қуып алалық.
Керегесін отын қып,
Ойранды соған салалық.
Сөзіне құлақ салады,
Әйтсе тілін алады.
Көбіктіні шаппаққа
Іздеп енді барады.
Мінгенде аты дөнен-ді,
Көкке тойған көбең-ді.
Байдың қызы жамылар
Масатыдан беренді.
Көп қосынға тапсырды
Қазаннан алған көп елді.
Қараман, Қобылан қосылып
Кешкі уақыт болғанда,
Көбіктінің шаһарына
Сапарланып жөнелді.
Базарда бар ақ мата,
Ойнақтайды жас бота,
Бұл сөзімде жоқ қата.
Көп қосынның қасынан
Сапар қылды ел жата.
Көбіктінің шаһарына
Келді бұлар таң ата.
Көбікті кеткен ұйқыға,
Жыртылмаған құлпыға.
Екі қабан кез келді
Қоба көлдің үстінде,
Отарда жатқан жылқыға.
Көк алалы көп жылқы,
Бөрі алалы ен жылқы,
Алдарына алады,
Айдап жөнге салады.
Тізе қосып екеуі
Жылқыны айдап барады.
Көрінім жер келгенде
Биік-биік қыр екен,
Оқпанды сай жер екен.
Көбікті мінген тарлан ат,
Жамандатқыр сол көк ат
Құйрығын құстай тарады.
Шекесінен қарады,
Бауырынан жарады.
Аспанға қарап есінеп,
«Ием бе?» деп кісінеп,
Жау екенін білген соң,
Сыртына құйрық салады,
Көк ат қашып барады.
Артынан қуған екеуі
Қарасын көрмей қалады.
Қалаға көк ат еніпті,
Есітті дүбір Көбікті,
Ат барған соң желікті.
Басы—күміс, сабы—алтын,
Базардан келген қасықты
Жалаңған болат жасықты.
Ақмоншақ атқа Көбікті
Ер салғанша асықты.
Еріндіктеп алады,
Астына терлік салады.
Ат басындай тас шоқпар
Тақымына қыстырып,
Мал соңынан салады.
Алтындай найза қолынан,
Жұлдызы туып оңынан.
Таң сарғайып атқанда,
Көбікті жетті соңынан.
Тау суындай сарқырап,
«Таста,—деп,—малды» барқырап,
Көбікті сөйлеп кетеді:
—Мал иесіз дедің бе,
Жан иесіз дедің бе?
Байлаулы жатқан жылқыны
Байлаудан шешкен кім еді?
Батыр жігіт қайдасың,
Батыр табар хайласын.
Жақсы кісі жаманға
Көп тигізер пайдасын.
Қобыланнан бұрын Қараман
Көбіктінің жүрекке
Келе салды найзасын.
Қараман ерлік бастады,
Ерлігін Қобылан қостады.
Қараманның найзасын
Денесіне тигізбей,
Міне, келген Көбікті
Қолындағы шоқпармен
Допша қағып тастады.
Бұлғары садақ, бұқар жай
Қиядан тартты Қобылекең.
Қобылекеңнің оғын да
Денесіне тигізбей,
Қолындағы шоқпармен
Мұны да қағып тастады,
Жаңадан қайрат бастады.
Аттан түсе алысты,
Бақалшығы қайысты,
Қабырғасы майысты.
Итерісіп тұрысты,
Ат тізесін бүгісті,
Бүгісе, бүгісе тұрысты.
Тебіндіге тер қатты,
Қақырғанда қан татты.
Қанжар қалды қайысып,
Семсер қалды майысып.
Қобылан сынды еріңіз
Бара жатыр бұл жерде
Бақалшығы майысып.
Сол уақытта бабасы:
—Жоқ, балам, жоқ,— деп,
Болмас, балам, болмас,—деп,
Көк есегі астында,
Шар кітабы қойнында,
Өзі хақтың жолында,
Есектен түсе қалады,
Қасына жақын барады.
Сол уақытта Қобылекең
Танымады бабасын.
Қан толды екі көзіне,
—Құлағың сал сөзіме,
Есіге бойлы қара сауыт,
Етегіңіз сіздердің
Орым-орым көрінген.

Тағы оқыңыз