Қарақыпшақ Қобыланды батыр (12-бөлім)
Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 3 мин оқу
Суарып шапқан шар болат
Өтелер майдан күн бүгін.
Толғамалы ақ сүңгі,
Жау ішінде жалтаңдап,
Толғамасам, маған серт!
Толғауыма шыдамай,
Толықсып сынсаң, саған серт!
Алтынды құндақ ақ берен,
Қысылған жерде от беріп,
Ата алмасам, маған серт!
Мен атқанда ұсынып,
От алмасаң, саған серт!
Қарсы атса, оқ атпас,
Жауын жауса, су өтпес,
Ыстық болса, күн өтпес,
Бадана көзді ақ сауыт,
Шындап соққан ер Дәуіт.
Қалмақтың қалың қолына,
Шашақты найза туына.
Қазан салған қалаға,
Жаяу салған балаға,
Бұл әскердің өзіне
Тая шапсам, маған серт!
Ата-ана сүйген ақ денем
Оқ дарытсаң, саған серт!
Қобылекең айтып болған соң,
Белі жазық Бурыл ат
Қиналарын білген соң,
Шиыршық атып ойнады.
Тіктеп тиген тұяғы
Қар кешкендей қаршылдап,
Ауыздан аққан ақ көбік
Түсін жуды шалпылдап.
Шабайын деп Қобыланды
Бойын алды аршындап.
Алтын қалпақ, жез телпек,
Баса киді көзіне.
Қырық мың атты қызылбас
Қырық кісідей Қобылекең
Көрінбеді көзіне.
Бурыл атты қамшылап,
Әскердің кірді өзіне.
«Иә, Құдай!» деп ат қойды,
«Мұхаммед!» деп лап қойды.
Қаланың аузын қан қылды,
Көшенің аузын шаң қылды.
Қызылбас қашып жосылды,
Ақбөкен аңдай босылды,
Қобылекең келіп қосылды.
Бөлек-бөлек қылады—
Бөрі тиген немедей,
Бөктеріп кетіп барады.
Қасқыр шапқан немедей,
Қырып кетіп барады.
Жолбарыс шапқан немедей,
Жойып кетіп барады.
Тиген жері алмастай,
Ойып кетіп барады.
Артында жоқ көмегі
«Аллалап» батыр шабады.
Жалғыз өзі Қобылекең
Жарып кетіп барады.
Үш жүз атты бір сайға,
Төрт жүз атты бір сайға,
Аламын деп қайтарда
[Қойып кетіп барады].
Жүрген жері шаң болып,
Ақ білегі қан болып,
Жау үстіне жол салып,
Үкімін жауға мол салып,
Жез телпегі басында,
Көмегі жоқ соңында
Тұлпар мініп, ту алды,
Туын қанға суарды.
Қаладан қашқан қырық мың қол
Әрмен-бермен ырғалды,
Қашайын деп қозғалды.
Артуымен оқ қалды,
Тартуымен топ қалды.
Қобыландының ақ сүңгі
Қызыл қанға боялды.
Соншама адам әйелі
Шаһарда жылап тұл қалды.
Жетінші күні бесінде
Мұншама қолды сап қылды.
Бурыл атпен бұлғақтап,
Қобылекең жалғыз қалыпты,
Шаһарды жалғыз алыпты.
Бұл қырғынмен қоймады,
Құмары бұған тоймады,
Жан қалдырмай қырсам деп,
Ат қоймаққа ойланды.
Ел шығармай далаға,
Нақ бесінде сыйынды
Жеті кәміл бабаға.
Ақсұңқар құстай шүйіліп,
Лашын құстай түйіліп,
Жеңсіз берен киініп,
Тағы да шықты қалаға.
Қаланың аузын қан қылды,
Көшенің аузын шаң қылды.
Айдарлысын азғырып,
Тұлымдысын жазғырып,
Алтынын артып шанаға,
Баспақты сиыр, танаға,
Қарамай қатын-балаға,
Өтірік емес, жан аға,
Қырық қақпалы шаһардан
Жалғыз адам құтқармай
Айдап шықты далаға.
Есіктің алды мойыл-ды,
Ашыққан қият тойынды.
Алды үш қыз алады,
Арты екі қыз алады.
Онан соңғы байғұстар
Таңдағанын алады.
Бізге ұқсаған бейшара
Айтса тілін алмады,
Қыз да оған бармады.
Қорасан шыққан құжыр бет
Құдайға сүйтіп зарлады.
Малды алып болған соң,
Көңілдері толған соң,
Толып жатқан көп қият
Жиылып бәрі кеңесті,
Кеңескенде не дейді:
—Атадан алтау туғандай,
Асылмен белін буғандай,
Бұрын барып бұлардан
Қаланы өзім алдым дер,
Жаманға олжа салдым дер.
Жалғыз атты қыпшақты
Өлтіріп кетсек не етер деп,
Олжаны бермей кетер,—деп,
Қоста отырған көп жаман
Көтеріліп сөйлейді.
Сөйлегенмен не қылсын,
Бәрінікі құр былшыл.
Бірнеше күн болған соң,
Көпке олжа толған соң,
Елдегі сөзі Құртқаның
Тұп-тура анық болған соң,
Қобыландыдай батырдың
Қайтуға көңлі бұзылды.
Мінгенде аты қызыл-ды,
Іс тағдырға сызылды.
Жарлының жалғыз атына
Ұрының құрығы ұзын-ды.
Қобыланды сынды еріңіз
Қайтайын деп тұрғанда
Қараман сонда сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Әй, құрдасжан, қайтпаңыз,
Қайтамын деп айтпаңыз,
Алдыңыз—құз, артыңыз—жар,
Құдай берген ер едіңіз.