Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарақыпшақ Қобыланды батыр (16-бөлім)

Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 3 мин оқу

Бір уақыттар болғанда,
Көбікті сынды еріңіз
Таң сарғайып атқанда,
Шолпан жұлдыз батқанда,
Төбеден жұлдыз аққанда,
Көк бесті атқа ер салып,
Тас шоқпарды қолға алып,
Теңселе басып ырғалып,
Енді атына мінеді.
Қобыландының соңынан
Көбікті қуып келеді,
Батыр мұны көреді.
Көтерілді Қобылекең,
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды.
Қалмақы ердің басы деп,
Қақ жүректің тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Салдыр-гүлдір өткізіп,
Оқ масаққа жеткізіп,
Сонда Қобылан сөйлейді:
—Сынғыр қолым сындың ба,
Шыққыр көзім шықтың ба,
Шын бір қазам жеттің бе,
Шын бұйрығым біттің бе?
Ықылас атты Шашты Әзіз
Қысылған жерде дем бермей,
Сарт болып-ақ кеттің бе?
Қобыланды тартты бір кезде,
Тартқан кезде Қобыланды
Жанына азап көрінді.
Азап емей немене,
Көк бесті аттың үстінде
Бөксесі жатып қалады.
Кеудесі оқпен бөлініп,
Шоқпар қолда қалады.
Шоқпарды қолға алмаққа,
Қобыландымен қарсы тұрмаққа,
Екі қолмен тырбаңдап,
Кеудесі кетіп барады.
Базардың бар мақпалы,
Ұстайды құндыз қақпалы,
Жетіп келді Қобылекең
Алтынды семсер қолға алып,
Көбіктіні шапқалы.
Заманақыр тақалды,
Саудагер сатар бақалды.
Қыздан келген хайланы
Біліп енді Көбікті:
—Қыз он беске жеткенде,
Өспесін,—деп,—өркені,
Жұлып та жатыр сақалды.
Діні кәпір, зат басқа,
Аяп болмас атпасқа,
Хайласы қанша қыз жасқа
Екінші сөзді сөйлетпей,
Суырып алып қылышын
Қобылекең салды қақ басқа.
Шалқасынан сылқ етіп,
Жаны шығып бұрқ етіп,
Өліп қалды сорқасқа.
Бөксесі атпен барады,
Қараманның жылқыда
Құлағын дүбір шалады.
Арт жағына қарады,
Көреді жалғыз қараны.
«Қобыландыны өлтіріп,
Сағатына келтіріп,
Көбікті мұнда келеді деп,
Сазамды менің береді» деп,
Жылқыдан қаша жөнелді.
Үшінші күдер асқанда,
Қараман жаман сасқанда,
Шығып кетіп оңаша
Артына және қараса,
Жылқы ішінде жүр екен,
Бөксе екенін біледі,
Өз-өзінен күледі,
Жылқыға шауып келеді.
Ат үстінен бөксені
Тартып енді қарады.
Бөксе бұған болмады,
Қараман сөйтіп сорлады.
Аттан түсе қалады,
Аяғынан алады.
Өлдім-талдым дегенде,
Әрең деп жерге салады.
Өтірік емес оңайдан,
Тілейді әркім Құдайдан.
Қос аты бар қолында,
Қуғыншы жоқ соңында,
Қобыланды мен Қарлыға
Көбіктіні өлтіріп,
Сәтіне оны келтіріп,
Аударыспақ ойнасып,
Гулетіп шықты тоғайдан.
Биік-биік қыр екен,
Оқпандай сай, жыра екен.
Көбікті батыр өлген соң,
Қобыландының алдында
Сайымұғлы Қараман
Қарсы түсіп тұр екен.
Бұлар енді келген соң,
Қараман сонда сөйлейді:
—Шешен сөйлер дауға деп,
Қайрат қылдың жауға деп.
Олжа қылған, құрдасжан,
Беріңіз маған сауға деп.
—Жая менен жал құрдас,
Шекер менен бал құрдас.
Көбіктінің жылқысын
Олжаға қоспай ал, құрдас.
—Келіп ем, құрдас, кезіңе,
Мұндай жылқы өзіңе.
Ішіңіз қиып берсеңіз,
Қарлыға сауға өзіме.
—Көбіктінің көрдің өлгенін
Қыздың көрдің келгенін.
Өзі келді ерлікпен
Көңілі сүйсе бергенім.

Есендік пенен саулық деп,
Тірілік пенен барлық деп,
«Түйенің көркі—нарлық» деп,
Жарасар нарға сандық деп,
Қарлығаны алып жөнелді,
Құрдасжан берсе алдық деп.
Ел жайлаған Есілді,
Қарлыға қолға тиген соң,
Қараман батыр шешінді,
Осы жерде қылды кесірді.
Қарлыға қызды ұстады,
Бола ғой деп қыстады.
Қараманның сөзіне
Қарлығадай сұлудың
Ашуы келген сықылды—
Қараманға қылды өкімді.
Жағасынан алады,
Шалқасынан салады.
Қарамандай батырың
Масқара болып қалады.
Жаңылтпа, Құдай, есімді,
Аузыма келген жел сөзді
Аяйын енді несіне.
Қараман, Қобылан екеуі
Қазанда жатқан қосынға
Көбіктінің жылқысын
Айдап келді бесінде.
Қобыланды батыр келген соң,
Иесін көзі көрген соң.
Байлар мінер дөненді,
Жарлы мінер көбенді.
Байдың қызы жамылар
Масатыдан беренді.
Әкеліп қосты жылқыға
Қазаннан алған көп елді.
Қияттан шыққан көп жаман
Көтеріліп шулайды,
Жатып малға кенелді.
Екі арыстан келген соң,
Қожа бесін болған соң,
Ақсайға барып қонған соң,
Көп қосын көшіп жөнелді.
Жалғызға Қобылан ұқсайды,
Мезгілсіз жылап қақсайды.
Жыламай Қобылан не қылсын,
Жанына серік Бурыл ат
Томар қағып жүре алмай
Аяғынан ақсайды.
Келіп қонды Ақсайға
Ақсайға келіп қонған соң,
Қарлығаны алып келген соң,
Қараман барып алғандай
Ақымақ қият бірталай
Қараман атты батырды
Көтеріп аттан алады,
Ақ киізге салады.
Шаһарды бұзып алды деп,
Хан көтеріп барады.
Арыстан туған Қобылекең
Атын ұстап тұратын,
Ас пісіріп беретін,
Толып жатқан қияттан
Шай қайнатар кісі жоқ,
Бұл қосынның ісі жоқ,
Қобылекең жалғыз қалады.

Тағы оқыңыз