Қарақыпшақ Қобыланды батыр (4-бөлім)
Қобыланды · Б. Толымбаев нұсқасы (Қазан, 1914) · 3 мин оқу
Дарбазалы есікті,
Пайғамбардай несіпті,
Үйде отырған қыз Құртқа
Аттың дүбірін есітті.
«Атта шапқан кім болсын,
Сұлтаным шығар» десіпті.
Ашыпты Құртқа жабықты,
Жабықтан көзін салыпты,
Салса ерін таныпты.
Еріне болған қыз Құртқа
Ат үшін енді жазықты.
Батырдан Құртқа қорыққан соң,
Төмен қарап жер шұқып,
Өксіп жылап қамықты.
Енді Құртқа сасады,
Бетінен қаны қашады,
Оң етегін басады.
Сасып жүріп жөн тауып,
Түтікпенен су берген,
Түндікпенен күн көрген,
Төрде тұрған Бурылдың
Басын шешіп алады.
Алып атты жетелеп,
Алдынан қарсы барады.
Бурыл емес көк дөнен,
Туғалы түзді көрмеген,
Түнектен шыққан Тайбурыл,
Айдалаға шыққан соң
Түлкідей көзі жайнайды,
Қаруы сыймай қайнайды.
Он екі құлаш кезеңнен
Бурыл атып ойнайды.
Алдында жатқан көк тасты
Сулығым деп шайнайды.
Бурыл көкке екі ұшты,
Салмағымен қыз Құртқа
Алып жерге бұл түсті.
Жазығы әйел демесең,
Құртқа дағы тым күшті.
Отырып Құртқа жылайды:
—Асқар таудың белдігі,
Алланың көп-ті кеңдігі,
Аздың жоқ-ты теңдігі,
Құрдастың жоқ-ты елдігі.
Шығар едің аспанға
Мен қайтейін, Бурыл ат
Қырық үш күннің кемдігі.
Кентті жердің жиылса,
Үзілмейді базары.
Қайда қалмас жігіттің
Өлгеннен соң мазары.
Бурылды көзі көрген соң
Құртқадан қайтты азары,
Бурылға түсті назары.
Сонда Қобылан сөйлейді:
—Қыс қыстауым қыстаппын,
Жаз жайлауым жайлаппын.
Бүйтіп жүрген Құртқамды,
Ақылым жоқ, мен ақымақ,
Шауып тастай жаздаппын.
Құс төсекті мамықты,
Арпа, бидай қабықты,
Батыр жақын келген соң,
Наз айтса да, қорықса да
Төмен қарап жер шұқып,
Өксіп жылап қамықты.
Сонда Қобылан сөйлейді:
—Құс төсекті мамықты,
Арпа, бидай қабықты.
Наз айтса да қыз Құртқа
Мені көріп қамықты.
Қараңғы түн ішінде
Шығар едің жарыққа,
Осы кеткен сапардан
Есен барып, сау келсем,
Әйел де болсаң басыңды
Хан қылармын халыққа.
Қобыланды және сөйлейді:
—Қызыл тілім шешен-ді,
Қатарда басым көсем-ді.
Артық туған, Құртқажан,
Атың әйел десем де,
Халықтан кетер жауапсыз.
Менің көзім тіріде
Ердің құнын жесең де,
Құртқажан, неге қамықтың,
Жолбарысың мен есенде.
Сонда Құртқа сөйлейді:
—Айдын көлден қу аттым,
Керектер болып өтіне.
Ойынға балық шығады,
Жазғы судың шетіне.
Сіздер—сұңқар, мен—шәулен,
Сіз алыстан келгенде
Ажырайып қарарға
Жарармын ба бетіңе?
Сонда Қобылан сөйлейді:
Қамшы басты Қобылекең
Тобылғы сынды жорғаға.
Дөңгелеп келіседі
Тоқтар тіккен ордаға.
Көлге біткен жекен деп,
Бүршігі жоқ тікен деп,
Үйде отырған кемпір-шал,
Келеді қозым екен деп,
Жүгіріп шықты далаға,
Көзі түсті балаға.
Бірден келіп екеуі
Шылбырына шырмалды,
Шылауына оралды,
Оң тізгінін қолға алды.
Өлгенде көрген жалғызға
Шәрбеттің суын ішірді.
Және айналып толғанып,
Кезек-кезек қолға алып,
Қобыландыны кемпір-шал
Күн батпай-ақ жатқызды.
Жатқызды көрпе төсекке,
Онда Қобылан тек жатты.
Тілеп алған Қобылекең
Кемпір-шалдан дәм татты.
Ол уақытта пенде жоқ
Қобыландыдай сымбатты.
—Өзіме қара, қалқам,—деп,
Ірге жақта шал тартты.
—Өзіме қара, қозым,—деп,
Оң жақта кемпір бұл тартты.
Ортасында Қобыланды
Алма-кезек жұмарлап,
Жиырма төрт келген сағатта
Кірпігін қақпай таң атты.
Таң сарғайып атқанда,
Таң шолпаны батқанда,
Шал-кемпірдің қойнында,
Қобылекең ұйықтап жатқанда,
Тайбурыл атқа ер салып,
Аз ғана азық жем салып,
Бәйгеден келген көк дөнен
Түк ұйқыны көрмеген,
Ақ орданың алдынан
Бурыл атты жетелеп,
Өткізді Құртқа көлденең.
.........
Тайбурыл атқа мінеді,
Үстіне сауыт киеді.
Беліне семсер іледі,
Алладан медет тіледі.