Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыландының Темірланды жеңуі (11-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу

Баланың тапқан олжасын
Мен отырмын жігіттер
Апарып соған беруге.
Ерліктің бәрі соныкі,
Жолбарыстай жұлынып,
Дабылды қаққан жеңуге.
Батырға бармай, жігіттер,
Олжалану—өлім де!»
Естемістің бұл сөзі
«Дұрыс екен» делінді.
Кімге берсе де қолынан,
Олжаланар бұйым-ды.

Бұл сөзбенен тоқталып,
Ерлер кейін беттеген.
Жаудан алған олжаны
Кейін айдап кептеген.
Батырға барып жетуге
Қуғыншы қосын өктеген.
Қамысты қарау көлінде,
Көкорай шалғын жерінде,
Ат шалдырып кетуге,
Қалың қосын бұрылды,
Бастарын қосып жиылды.
Дем алып тосып жатқанда
«Көл жағалап келем»,—деп,
Құралай сұлу қиылды,
Естекең: «Бар!»—деп бұйырды.
Дем алып ерлер жатқанда
Құралайдай сұлуға
Ажалдың оғы құйылды.
Ажал емей, немене,
Қалың қамыс аралап,
Шомылам деп келгенде,
Шар еткен дауыс бір шығып.
Қасындағы қыздардан
Шуылдаған шу шығып,
Сұлуды жарған қабылан—
Кез келіп бәле табылған.
Болжаусыз ажал қапыл-ай,
Келсе жетіп ер Адай,
Шырылдап жатыр нәзік-ай!
Ерніменен жыбырлап,
Сөйлесе алмай сыбырлап,
Жалғыз-ақ ауыз тіл қатты,
Жиылып келіп тұрғанда-ай.
Қолын беріп Адайға,
Жұмылды көзі қалтырай.
Мұны көріп, ер Адай—
Жабылыңқы қабағы,
Ұштасты ойдың сабағы.
Көлдің ішін ақтарып,
Қолынан түспей садағы.
Егескен жауын жайратып
Қызды жарған манағы.
Сұлудың беті жабылған,
Болып жатқан бұл істен
Батырға хабар барылған.
Келіп жеткен Қобылан:
«Қызды көміп сол жерге,
Жерлесін!»— осы деп бұйырған.
Елді жиып ас беріп,
Кесене деп ат беріп,
Басына белгі салынған.
Темірланның қызы деп,
Батырлардың ізі деп,
Түсінгенге сөзі көп,
Оюлап сырмен жазылған.
Батырлардың бұл ісі
Ғасырдан-ғасыр қалынған.
Қайта келіп батырлар,
Қалмақты қуып тоздырып,
Қалың қазақ елдерін
Қайта орнына қондырып,
Талауда кеткен мал-дүние
Қайта беріп бөлдіріп,
Шаттандырып, күлдіріп,
Қаңғып кеткен елде көп,
Қырылған халық шөлде көп—
Бәрін жинап алдырып.
Талауға түсіп тарыққан,
Шөлде қаңғып зарыққан,
Тарап кеткен халықтан
Қайта жинап ел қылып,
Қайтуға беттеп қос артты,
Қалың қазақ қонысын
Жауын қуып босатты.
Әділдігін айтады,
Екі ай тұрып сол елде
Енді еліне қайтады.
Той қылып елді жидырған,
Тарқатып елді сый қылған.
Өзі сүйіп сол жерден
Қоныс алған көрінед—
Бұл сөздің де жаны бар,
Халық аузында әлі бар.
Жем суының бойында
Қос Бөкен деген көлі бар.
Ұлы Қобда бойында
Қобыландының моласы—
Ажалға кімнің шарасы,
Салынған белгі тамы бар.
Бұрыннан қалған жоба бар,
«Қалмақ қырған» деп атайды,
Неше бір биік оба бар.
Халық аузынан есіттім,
Бөкенбайдың зираты
Сол маңайда жана бар.
Қалың қазақ баласы,
Жайлауы кең даласы.
Ақыры өткен дүниеден
Халықтың сүйген баласы.
Ел аузында бар дейді,
Қобыландының таралған
Тоқсан екі саласы.
Ертеректе естіп ем,
Қызылбастан қыз алған
Бөкенбай, Киік баласы.

Тағы оқыңыз