Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бозұғлан (17-бөлім)

Бозұғлан · Әбдімұрат нұсқасы · 3 мин оқу

Әне, әлқисса, Қарахан қалмақты тойдырды, бірақ өлтірмеді. Егер өлтірсем, ғайыптан қосқан Қарашаш қапа болар деді. Не де болса жарымның әкесі ғой деп тірі қалдырды. Байбақтыны орнына қойып, бүкіл ноғайлықты өзінің бұрынғы жайлаған құтты мекеніне көшіріп, Бозұғлан алып келе берсін. Ендігі сөзді Үрім ханның қызы Айбаршадан есітің.

Бозұғланның алмай, Қарахан қалмақтың қызын бірінші алғанына ыза болып, сарайдан шықпай жата берді. Менің де зауалым жетсе, бір көрермін деп. Уақыт өте берді. Бір күндері ұйықтап жатса, Ықыласты ата Шашты Әзиз:—Қызым, мұсылман дініне кіріп тұрып, Бозұғланға күпірлік ойлама, дұшмандығыңды сайлама, Қараханға кетерде Бозұғлан: «аман оралсам, алармын»,—деп өзіне серт айтып еді. Сол бұрынғы ғашығың Бозұғлан Қарашашты алып, Қараханды өлтірмей, жамандық етуге тілін келтірмей қайтып келеді. Алдынан шық, құтты болсын айт,—деді. Көзден ғайыбана болды.

Айбарша шошып оянды,
Ояна келіп ойлайды,
Алды-артын тұрып болжайды.
Өңім бе десе, түсі екен,
Түсінде аян бергені
Өзіне таныс кісі екен.
Сол уақтары болғанда,
Сәске мезгіл болғанда,
Тарлан атқа мінеді,
Төбеге шашты түйеді.
Бозұғланға бармаққа,
Қарсы күтіп алмаққа,
Тарлан атты қамшылап,
Батырды қашан көрем деп,
Тама-тал түс кезінде
Күн астына қарады,
Көз жіберіп қарады.
Көз жіберіп қараса,
Боз тұлпары астында,
Шұбырған халқы артында
Жаманкенің жалғызы
Көз ұшынан көрінді.
Батыр туған Бозұғлан
Елбеңдеген бір қара
Баланың көзі шалады.
Байқастырып қараса,
Камшат бөрік басында,
Жолдасы жоқ қасында,
Қарсы алуға батырды
Айбаршаның шыққанын
Батыр сонда көреді.
Бізді қашан келет деп,
Жолымды тосып жүр екен.
Айбаршаны қапталдай
Бозұғлан да жақындай,
Жақындап батыр келгенде:
—Топтан озған тұлпарым,
Биіктен ұшқан сұңқарым,
Аман-есен жеттің бе?
Уағда болса орнында
Алдыңнан шығып тұрыппын.
Айбаттанған айбаттым,
Сен едің менің іңкәрім.
Дұшпандарың өлтіріп,
Құтты болсын, батырым,
Қарашашты алғаның.
Деп Айбарша толғады,
Қайырлы болсын тағы да,
Иелік еткен халқыңа
Әне-міне дегенше
Екі ашық көрісті,
Өткендерін терісті.
Айбарша тіккен ордаға
Бәрі аман жетісті.

Әне, әлқисса, осы жерде Бозұғланға Айбаршаның некесін қиюға жиналған тойқұмар халыққа Айбарша қарсылық жасады.

—Бозұғланға жолда қосылып той өткеруіне қайылшылығын жоқ,—деді.—Егер Бозұғлан мәрт болса, ата-анасына адал перзент болса, менің тойымды Терісақпаның бойында, Таспа таудың ойында, жылауменен жалғыздан хабарсыз отырған атам менен енемнің алдында өткерсін. Оған асықса батыр, өмірім ерсіз өтсе де, өз жөнімен кете берсін,—деді. Бұл Айбаршаның сөзі көпке, Бозұғланға мақұл түсіп, атасы менен енесінің жайлаған жеріне әкеліп той берді.

Ноғайлының еліне
Бозұғлан аман жетеді
Елін сонда жинайды.
Үлкені менен кішісін
Тегіс бәрін жинайды,
Алып келген дүниеден
Қаріп пенен кемтарға
Ат, шапан, сарпай береді.
Ат, шапан, сарпай алғансын
Халқы жақсы көреді.
Жар шақыртып еліне
Мереке тойын бастайды.
Қуаныштың ұранын
Көп ортаға тастайды.
Ноғайлының басына
Еркіндіктің тигенін
Баршасына жырлайды.
Таспа таудың ойында,
Терісақпаның бойында
Айбаршадай ару қыз
Ақ некелі болады.
Сырнай-керней тарттырып,
Алтын қабақ аттырып,
Ноғайлының ішіне
Шулаған тойды береді.
Езуінен жиылмай
Қуаныштың күлкісі,
Әр үй менен кісіден
Халықта тыным болмады,
Қуанышқа тоймады.
Ақындарын алдырып,
Ән маржанын салдырып,
Бастан өткен күндерін
Жыршыларға жырлатып,
Жыр майларын тамызып,
Халықтың көңлін алады.
Жиналып келген халайық
Бозұғландай батырға
Жиылған елі жиналып,
Ақ батасын береді.
«Бозұғланның ғұмырын
Ұзақ қыл» деп Алладан
Баршасы тұрып тіледі:
—Қошқардай бер ұлдарын,
Жыламасын қыздарың,
Жиналған халқың алдында
Жылап жасын төкпесін.
Ноғайлының елінен
Арылмасын тұздарың,—
Деп батаға қосады,—
Алдымдағы халайық,
Егер айып көрмесең,
Бозұғлан атты жырымыз
Осымен тамам болады.

Тағы оқыңыз