Бозұғлан (9-бөлім)
Бозұғлан · Әбдімұрат нұсқасы · 2 мин оқу
Осыны айтып болған соң,
Жан-жағына қарады,
Көзі оттай жанады.
Сол секілді аруға
Қарамай кетіп барады.
Көлденең тартып қарықты,
Жеті жасар Бозұғлан
Жаяу жүріп зарықты.
Мойыл-мойыл мойылды,
Көдеге қозы тойынды.
Жүруге аяқ жарамай,
Табаны тасқа сойылды.
Есіктің алды ығынды,
Бала жаздай шығынды.
Қара тасты құшақтап,
Бозұғлан бала жығылды.
Бозұғлан жатып толғайды,
Көрермісің, пірлерім,
Көзден аққан жасымды.
Алдымдағы талабым
От арман боп басылды,
Тауда ізім жосылды.
Табаннан аққан қызыл қан
Өзен суға қосылды.
Ынтықтырған Айбарша
Маңдайға кеуіш соқтырды,
Кетпес таңба бастырды.
Кектесуге қалмаққа
Кек алуға келіп ем.
Жолдасым жоқ қасымда,
Қамшыдан бөтен қару жоқ,
Иә, мінерлік атым жоқ.
Жоқшылық пенен жаяулық,
Келер ме екен қасыма?
Осыны айтты Бозұғлан
Ұйықтамаған ұйқыға
Белшесінен батады.
Түн ортасы өткенде,
Таң сарғайып жеткенде,
Ұйқыға мағлым кеткенде,
Көк ешегі астында,
Нұрлы асасы қолында,
Өзі ақтың жолында,
Ықылас ата Шашты Әзиз
Жетіп келді қасына.
Рахым етіп баланы
Тізесін бүкті басына,
Көзден аққан жасына.
«Арқам жаман қозды ғой,
Дұшпандар сенен озды ғой.
Саған келген бәледен
Қорғаймын деп, қарағым,
Ақ тонымның етегі
Тамтық қалмай тозды ғой.
Балам, балам, бал емес,
Белден соққан жел емес.
Қара тасқа сүрінтіп,
Кететін бабаң мен емес.
Сенің малың айдаулы,
Болат тұяқ боз тұлпар.
Қару-жарақ сайлаулы,
Алтын қазық қағулы,
Қасында соның байлаушы.
Сен жататын жер емес,
Ұйықтама, балам, көзіңді аш,
Халық кегін сен алмай,
Ұйықтағаның жөн емес.
Үрім хандай қалмақтар
Сенің елменен болды қас.
Одан әрі сұрасаң,
Қарахан—сенің дұшпаның».
Аққа берді аянды.
Пірдің сөзін есітіп,
Бозұғлан шошып оянды,
Ояна келіп ойлады.
«Өңім бе» десе, түсі екен,
—Түсімде аян бергені
Өзіме жаббар кісі екен.
Осыны айтып, Бозұғлан
Сәске мезгіл болғанда,
Маңдай алдым осы,—деп,
Бозұғлан енді жөнелді.
Қаратауды жағалап,
Бір Құдайды паналап.
Ашудың оты арындап,
Тасқын судай қабындап,
Жүргені қайнап, жалындап.
Жаны асығып жас бала
Күні-түні дем алмай,
Асыққаннан тоқталмай:
«Ықылас ата, шашты Әзиз
Түсімде аян бергенсін,
Содан соң болды көңілім жай.
Жаратқан жалғыз бір Құдай,
Бір сүйесең болар еді—
Мен секілді сорлыңды-ай».
Осыны айтып, Бозұғлан
Келе жатқан секілді,
Едәуір жерге барған соң,
Бір биікке шығады.
Көз жіберіп қараса,
Байлаулы тұрған тұлпарды
Баланың көзі шалады,
Тұлпарға жақын барады.
Азғана тұрып ойлайды:
«Пірдің берген киімін
Бидәретсіз кимейін,
Көрінген жанға тимейін.
Жазықсыз қанды төкпейін,
Жылаулы жасты көрмейін.
Өзі келіп ұрныққан
Жауларды жаншып жерлейін»,—
Деп Бозұғлан ойланды.
Қаза намаз оқиды,
Көңілге ақыл тоқиды.
Ат қасына барады,
Тұлпарға жақын барған соң,
Бозұғлан тұрып толғайды.
—Түлкідей көзі жайнаған,
Құлпырып жаздай ойнаған,
Болат тұяқ боз тұлпар—
Атамыз бізге сайлаған.
Жете алмай сізге мен жүрмін,
Дидарлы уақтым болмаған.
Қиық құлақ тұлпарым,
Денсаулық қалай, аман ба?
Ықылас ата, Шашты Әзиз,
Арнаған сізді маған да.
Құйрығыңа болайын,
Күлтеленген жібектей.
Танауыңа болайын,
Ұсталар соққан шелектей.
Жалы сұлу жануар,
Сымға тартқан күмістей.
Тісің сұлу, жануар,
Базардағы күріштей.