Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бозұғлан (13-бөлім)

Бозұғлан · Әбдімұрат нұсқасы · 3 мин оқу

Әлқисса, сөзді Айбаршадан есітің: зорлықпенен жиылған, көп қалмақ жазықсыз қырылатынын айтып, Айбарша әкесінен соғысты қойғызуды тіледі, көзінің жасын көлдеді. Бұны естіген Байбақты буындары босап, тізелері қалтырап, өлім құрығының тақалып келгенін сезіп, хан бұйрығына қарамай, Бозұғландай балаға атын тақымдай шауып аса жөнелді.

—Ар ма, батыр, ар ма,—деп,
Орта жолда талма,—деп,
Жиылып тұрған қосынның
Көз жасына қалма,—деп.
Қалқаманды өлтірдің,
Әуелдік жолдан тайма,—деп.
Келсе де қаптап дұшпаның
Өлтіргенің батырды
Адалдықтың алды,—деп.
Қой десек те қоймаған,
Айтқан тілді алмаған,
Халқыңды тартып талаған
Өлтірдің, батыр, дұшпанды.
Тоқтағыл, енді, тоқтағыл,
Сен сен едің, сен едің,
Есепті ердің бірі едің.
Бергенде тайды үй басы
Батырлықпенен ісі жоқ,
Шаруа болар деп едім.
Батыр болдың бұл күнде,
Пайманаң толды, батырым,
Жиылып тұрған халықты
Қырма, батыр, қырма,

—деп Байбақты сөз салды. Тәуелдеге ақылды Бозұғлан тоқтады. Қан төгуді қаламайтын батыр көптің жанын олжаға қалдырды. Байбақты өткен қателіктерін мойындап, Бозұғландай ерге ақыреттік дос болуға қол берді, қол ұшынан қан берді. Сүйтіп екі дана дос болды. Әне, Бозұғлан:

Байбақтыменен қосылып,
Жібектей болып есіліп,
Бірі—ақылды, бірі—ер
Байбақтының үйіне
Жетіп олар келеді.
Батырды аттан түсіріп,
Шербет суын ішіріп,
Қой семізін сойдырып,
Бәйбішеге «бол, бол» деп,
Самаурынды қойдырып,
Батқан күнмен батады,
Атқан таңмен атады.
Екі алып қосылып,
Жатып демін алады.

Көптен шаршап шалдыққан, жаяулық өтіп, көп күндер кезіп, жаңа бір дұшпанының үстінен жеңіске еріскен Бозұғлан батыр ұйықтап жатқанда көк ешегі астында, нұрлы асасы қолында, өзі ақтың жолында, Ықыласты ата Шашты Әзиз Бозұғланға ренжіп:

—Арқам жаман қозды ғой,
Саған келген пәледен
Қорғаймын деп, қарағым,
Ақ тонымның етегі
Тамтық қалмай тозды ғой.

—дейді де: «Көзіңді аш, Қараханды Құланай, Қарадәу мен Сарыдәуді жоймай еліңе азаттық жоқ. Бір күні болмаса, бір күні көзіңді құртар, соған аттан»,—дейді. Шошып оянған Бозұғланның Байбақтыға сөйлеп тұрған жері екен дейді.

—Әй, батырым, батырым,
Сенен жоқ менің жақыным.
Бүгін түнде түс көрдім,
Түсімнің көрген ішінде
Әжептәуір іс көрдім.
Тұлпар атқа мінейік,
Ақ найзаны қолға алып,
Қараханның еліне
Біз аттанып жөнейік.
Сапар шегіп бармаққа
Менің көңлім осылай,
Сапар шегіп жүрейік.
Бұл сөзін қабыл көреді,
Тұлпар атқа ер салды,
Азын-аулақ жем алды,
Қару-жарақ қолға алды.
Азды-көпті тең көрді,
Екі батыр қосылып,
Қараханның еліне
Сапар шегіп жөнелді.
Атқа мініп алған соң,
Кеулі бекем толған соң,
Айқайлап дәурен салады,
Айшылық жерді алады.
Күркіреген дауысы
Күншілік жерді алады.
Ақ сауыты жарқылдап,
Танадай көзі жалтылдап,
Атқа мініп алған соң
Астындағы тұлпарға:
—Шу, жануар, шу,—деді.
Атасы берген боз тұлпар
Шу деген сайын гуледі
Астындағы тұлпардың
Табаны жерді ілмеді,
Еш нәрсені білмеді.
Ор қояндай ойнақтап,
Ақ бөкендей ойнатып,
Тер шыққан сайын құлағын
Қиғаштап тастап, бұрыштап,
Көрінген затты ұзақтан
Болжамай бала келеді.
Бірде желіп, бірде шауып,
Шабысын бала біледі.
Сыпырып желген уағында
Дауылдай құйын жел тұрып,
Батырдың демін бөледі.
Шабысына қараса,
Тұлпардың ісі тамаша.
Бұтадан да аласа,
Төрт аяғы жазылса.
Төрт аяқтан шыққан от
Тандырдан шыққан жалындай,
Көз жіберіп қараса.
Тұяқтан ұшқан қара тас
Шақпақ тастай жылтылдап.
Сауырдан аққан қара тер
Тебінгіден сылқылдап,
Құйылады шылқылдап.
Қарағай найза қолында,
Найзағайдай жарқылдап,
Астындағы тұлпардың
Қояндай шаңы бұрқылдап,
Келе жатқан сықылды
Жау шетіне қырындап.
Көлденең тартып қорықта
Арада неше қоныпты.
Неше күндер өткенде
Байбақты менен Бозұғлан
Қарахан патша елінің
Шетіне келіп қоныпты.

Тағы оқыңыз