Бозұғлан (14-бөлім)
Бозұғлан · Әбдімұрат нұсқасы · 3 мин оқу
Қарахан патшаның сенген екі мықты Сарыдәу, Қарадәу атты батырлары бар еді. Осы екі батыр жасы ортадан асып, жасында басқа елге берген зәбірін еске алып, соңғы кездері кегі кеткен сол елдерден батырлар шығыпты дегенді есітіп, шыдамы таусылып, күнде келіп қала ма деп жүріп, күндерде бір күн Сарыдәу інісі Қарадәуге:
—Жан-жағымыз жау болды, өрде отырған Қалқаман бірде тірек, бірде пана еді. Баяғы Үрімге жаулатып алған Жаманкеден бала туылып, сол Қалқаманды өлтіріп, үрімдіктерді бағындырыпты. Ол келмей қоймас, алдынан шық, Асқартауға бар дейді. Ал мен Алатау жаққа барамын. Қай жағымыздан келсе де, осы осал болмас, қорқамын,—депті.
Қарадәудің құралы тоқсан батпан темір шоқпар екен. Ол Асқартауға келіп, дем алуға кірісті. Ол әр ұйықтағанда тоғыз күн ұйықтайды екен. Күндерде бір күн Бозұғлан қорылды салып, Дәрбент жолды бір өзі алып жатқан Қарадәудің үстінен шығады. Оның тек адам емес екенін біледі. «Бірақ ұйықтап жатқан жерінде өлтірмейін, оным ездік болар. Оятып көрейін, әлім келсе өлтірермін, жетпесе ажалым шығар» деп Бозұғлан ұйықтап жатқан Қарадәуді оятады, оянбады. Айқайлады, тұрмады. Бір кезде қозғалғанда бір көзін ашып:
—Ей, батырым, батырым,
Желді күні болғанда
Жылтылтайды тақымың.
Саған айтар ақылым
Мені неге қозғайсың,
Қозғасаң мені оңбайсың.
Мен де өзіңдей ер едім,
Сендей-сендей дұшпанның
Тірілей етін жер едім.
Келсең менің қасыма
Бір аяғымды беремін,
Ұйқыма тағы кетемін,
Істеп қал, бала, амалды-ай,
Қапылда қалдым дерсің сен,
Байқап көр, бала, шамаңды-ай.
Қарадәу де ер еді,
Мазақ қылып батырды
Бір аяғын береді.
Ашуланып Бозұғлан
Алғыменен күресті.
Аяғыменен алысты—
Көрмеген бала бұл істі.
Жыға алмай жас бала
Бозұғландай баланың
Қабырғасы қайысты.
Көзінің жасы төгілді,
Қиналып жылап тұрғанда
Болат тұяқ боз тұлпар,
Асылы текті жануар
Құйрығын құстай тарады.
Жоғары қарап есінеп,
«Ием бе» деп кісінеп,
Алтыннан қаққан қазықты
Шыдай алмай суырып,
Бозұғландай баланың
Қасына жетіп келеді.
Ғайып ерен қырық шілтен
Таңдайдан мөрін алады.
Таңдайдан мөрі кеткен соң,
Астыңғы ерні қыбырлап,
Үстіңгі ерні жыбырлап,
Боз тұлпарға тіл бітті:
—Менің ием сен едің,
Жолдасың сенің мен едім.
Мені өзіңдей көр,—деді,
Сөзіме құлақ сал,—деді,
Айтқан тілді ал,—деді.
Ер басындағы кісенді
Қарадәудей дұшпанның
Аяғына тұзақтап
Кілттен ұрып сал,—деді.
Жылқышы ата жар болса,
Үстіме мініп ал,—деді.
Ер басына қыстырып,
Тұлпарға мініп алады.
Тұлпарға мініп алғансын
Адамнан есті жануар
Қарадәудей батырды
Сүйретіп сонда барады.
Қара тасқа сүйретті,
Етін тасқа күйретті.
Қарадәу сонда толғайды,
Толғауы сірә оңбайды:
—Алдарқатып жас бала
Аяққа кісен салыпты-ау,
Шешілместей таңыпты-ау.
Ат көтінде сүйретіп,
Бытырлатып сүйекті
Қара тастың қақ ұшы
Алып қалып етімді-ау.
Сорғалап қаным тастарға,
Соғылып басым аяққа,
Тарылдың ғой, Құдайым,
Бір өзіңе жылайын.
Ат көтіне сүйретті,
Нешік айла қылайын.
Екеу еді алғаным,
Тіршілікте білмедім
Өмірдің өтер жалғанын.
Ат көтіне сүйрелдім,
Қайда кетті салмағым?!
Қарахан ханым, қалмағым,
Ішімде кетті арманым.
Қолымды менің бір босат,
Айналайын, қарағым.
Осыны айтып болған соң
Қарадәудей батырдың
Қара таста сүйретіліп
Қара басы бөлініп,
Жаһаннамға жеткен соң
Басын кесіп алады.
Атынан түсіп Бозұғлан
Қоржынға салып алады.
Басты кесіп алғансын,
Байбақты менен Бозұғлан
Қараханға жол шегіп,
Сапарланып барады.