Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бозұғлан (10-бөлім)

Бозұғлан · Әбдімұрат нұсқасы · 2 мин оқу

Болат тұяқ боз тұлпар,
Сен—тұлпар болсаң, біз—сұңқар.
Кездесе алмай мен сізге
Саған да болдым ынтызар.
Оңғарса Құдай ісімді,
Талабымды оңғарып,
Болат тұяқ боз тұлпар,
Үстіңе мініп алайын,
Жауменен ұрыс салайын.
Бұрын жүрдім ат таппай,
Жаяулық батып жалтақтай.
Сілтеген соң сені атам,
Болды ғой менің көңлім жай.

Осыны айтып, Бозұғлан
Қос тартпасын берік тартып,
Тұлпарға мініп алады.
Қару-жарақ өңгеріп,
Пірдің пішкен киімін
Үстіне киіп алады.
Қалмаққа қарай жас бала
Тұлпарды жолға салады.
Айтып-айтпай не керек,
Қолдаса Құдай пендесін,
Мақсатына жетерге,
Сиынып ата пірлерге.
—Әуелі бастан сиындым,
Бір Жаратқан, өзіңе.
Салсам жылқы тоқтар ма,
Арқаның бөрікөзіне.
Қалмақтан бөтен маған да
Жау көрінбес көзіме.
Елімнің кегін алайын,
Келтіріп Алла кезіме.
Үрім хандай қалмақты
Табаныма салайын.
Осыны айтып Бозұғлан
Үрім хан атты қалмаққа
Сапар тартып барады.
Атқа мініп алған соң,
Кеулі меккем болған соң,
Қалмаққа бару балаға
Белгілі міндет болған соң,
Ер шыдамас намысқа,
Қоян шыдамас қамысқа.
Атқа мініп Бозұғлан,
Жан-жаққа көзін салады,
Көзі оттай жанады.
«Бақытымды Алла ашқыл» деп,
Үрім хандай қалмаққа
Сапар шегіп барады.
Астындағы тұлпарға:
—Шу, жануар, шу,—деді,
Шу деген сайын гуледі.
Астындағы Боз тұлпар
Тауды, тасты білмеді.
Тұлпар атты құтыртып,
Батыр көңлін өсіртіп,
Жайлаулы жармен сыпыртып,
Кемдік күнді кетіртіп,
Батыр туған Бозұғлан
Боз тұлпарды көсілтіп,
Желдей есіп келеді.
Төрт тұяқтан шыққан от
Шақпақ тастай жылтылдап.
Астындағы тұлпар ат
Ор қояндай бұлтылдап.
Сауырдан аққан қара тер
Тебінгіден шалпылдап.
Бүркіттей көзі жайнаған,
Асау тайдай ойнаған,
Боз тұлпардай асылдың
Қос құлағы тігілді,
Өр жыландай бүгілді.
Ол төбені бір басты,
Бұл төбені бір басты,
Шаңы-шаңға ұласты.
Үш айшылық жолдарды
Болат тұяқ Боз тұлпар
Үш күнде бірден өтіпті.
Намазшамнан өткенде,
Құптанға таман жеткенде,
Ақболат таудың басына
Бозұғлан келіп қоныпты.
Тынығып бала далада,
Ұйықтамай қайтсін, шаршаса.
Түн ортасы өткенде,
Таң сарғайып жеткенде,
Болат тұяқ Боз тұлпар
Табаныменен тас тартып,
Жатқызбайды баланы.
Оянған шошып Бозұғлан,
Тұлпарға қатты қарайды,
Сонда бала сөйледі:
—Ерлер бермейтін намысты,
Табаныңменен тас тартып,
Ауыздықпенен алысып,
Қандай да бәле жабысты.
Тұлпар сонда сөйледі,
Астыңғы ерні қыбырлап,
Үстіңгі ерні жыбырлап,
Бозұғландай баланың
Құлағына сыбырлап:
—Жау екенін білмеймін,
Дәу екенін білмеймін,
Дос екенін білмеймін,
Бір тұлпардың дүбірі
Құлағымды жарып баратыр.
Мен қорқамын, көз жетпес,
Не қылса да бендеге,
Алла әмірін өзгертпес.
Үстіңе дүбір келатса,
Бозұғлан, қалай шыдайсың?
Мұны есітіп Бозұғлан
Орнынан қарғып тұрады.
Қос айылын берік тартып,
Тұлпарға мініп алады.
Қастасып жүрген қалмаққа
Сапарда шегіп барады.
Ауыздықпенен алысып,
Табан жолға тарысып,
Бозұғлан кетіп баратыр.
Сәске мезгіл өткенде,
Күн төбеге жеткенде
Тау басына шығады,
Аз кідіріп тұрады,
Көз жіберіп қарады.
Көз жіберіп қараса,
Келе жатқан қараны
Баланың көзі шалады.
Әне-міне дегенше
Бозұғландай баланың
Қасына жетіп келеді.
Келгенге көзін қадаса,
Танадай көзі жайнаған,
Бұлтсыз күндей ойнаған.
Алтын кеуіш аяқта,
Камшат бөрік басында,
Тарлан аты астында,
Жолдасы жоқ қасында,
Үрім хандай патшаның
Айбарша атты қызы екен.
Ағыны судай арқырап,
Бозұғландай баланың
Жетіп келді қасына,
Шыққан айдай жарқырап.

Тағы оқыңыз