Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бозұғлан (15-бөлім)

Бозұғлан · Әбдімұрат нұсқасы · 3 мин оқу

Әне, әлқисса, сөзді Қарахан патшаның қызы Қарашаштан есітің. Оның айдары алтыннан, шашы күмістен еді. Бозұғланның сыртынан ғайбана ғашық еді. Бозұғланның Қарахан еліне сапарланып келе жатырғанын Ықылас ата Шашты Әзиз хабарлады. «Шалдығып, шаршап келеді, ақ ордаңды тік, тынықсын» деп маза беріп еді. Міне, бірнеше күннен бері Қарашаш нөкер қыздарын жинап, алтын, ақ шатырын тігіп, асқар таудың бір шұрайлы әдемі жерін мекен қылып жатыр еді.

Ендігі сөз батыр Бозұғланнан:

Бозұғлан мінген боз тұлпар
Қарахан қалмақ еліне
Борбайлап тартып келеді.
Сәске мезгіл өтеді,
Күн төбеге жетеді.
Күн төбеге жеткенде
Асқар таудың басына
Бозұғлан шығып барады.
Тау басына шыққан соң
Жан-жағына Бозұғлан
Көз жіберіп қарады.
Көз жіберіп қараса,
Тігулі тұрған шатырды
Баланың көзі шалады.
Әне-міне дегенше
Шатырға жетіп барады,
Әңгіме дүкен құрады:
—Мынау қандай шатыр?—деп,
Шатырда кімдер жатыр?—деп,
Сол жердегі адамнан
Бозұғлан батыр сұрады.
—Саздау жердің сызы бар,
Кебіртең жердің соры бар.
Күзетпесек қорқамыз,
Қарахан ханның, шырағым,
Қарашаш атты қызы бар.
Мұны есітіп Бозұғлан,
Аттан түсе қалады,
Барып айқай салады:
—Қарашаш, жата бермей көтер басты,
Тұсыңа қонақ келіп жақындасты.
Еліңе әдейі арнап келатырмын,
Өзіңдей көрейін деп қарындасты.
Қарашаш, бар ма жайың сөйлескендей,
Еш адам сөйлеспеді, тіл кескендей.
Әдейі сенің үшін келатырмын,
Батырға көңлің бар ма мінгескендей?

Мұны есітіп Қарашаш,
Ислам дінге қалқа паш.
Құрметтің жайын етеді,
Батырға енді артық маш.
«Болайын,—деп,—шын жолдас»,
Алтын есік ашады.
Алтын шашы жарқылдап,
Ботадай көзі ойнақтап,
Өзі он бес жасында,
Камшат бөрік басында,
Жолдасы жоқ қасында,
Қасына жетіп барады.
Қылаң етіп қылт етіп,
Сылаң етіп сылт етіп,
Саулы тигендей ыңқылдап,
Аққудай болып сыңқылдап,
Сөйлеген сөзі тымпылдап,
Бозұғландай баланың
Қасына келді, былқылдап.
Келе сөйлей береді:
—Сен сен едің, сен едің,
Ашықтың бірі мен едім.
Батыр қашан келет деп,
Тілектес болып жүр едім.
Ойымда жоқ қилы қол,
Жұбайыңмын, мені ал.
Анамыз еді Бибіжар,
Ашықтың бірі мен едім,
Мен ғаріпті жадыңа ал.
Көтеріп аттан алады,
Аяғын жерге тигізбей,
Ақ орданың ішіне
Батырды алып барады,
Белден мамық салады.
Жая десе, жал беріп,
Шекер десе, бал беріп,
Батыр кеулін табады.
Ұйықтамаған ұйқыға
Ұйықтап батыр қалады.
Түн ортасы өткенде,
Таң сарғайып жеткенде,
Ұйқыға мағлұм кеткенде
«Қайда»,—деген бір дауыс,
«Бауырымды өлтірген
Қайда»,—деген бір дауыс,
«Қатын болмай ер болса,
Шықсын»,—деген бір дауыс
Ұйықтап жатқан баланың
Құлағын жарып барады.
Мұны есітіп Бозұғлан
Орнынан қарғып тұрады.
Жау келед деген ойда жоқ,
Жан-жаққа көңіл бұрады.
Қару-жарақ бойда жоқ,
Бозұғлан сонда сасады.
Есіктің алды ығынды,
Бола жаздап шығынды,
Есігі менен төріне
Неше қайта жүгірді.
Төрде отырып Қарашаш
Қасына жетіп келеді.
Аулыққанын батырдың
Қарашаш көріп біледі.
Қару-жарақ, қылышты
Бозұғланға береді.
Қару-жарақ асынып,
Батыр туған Бозұғлан
Беліне қылыш байлады,
Көзі оттай жайнады.
Не қылсаң Алла өзің біл,
Ашудың тегі қайнады.
Боз тұлпардың қасына
Бозұғлан жетіп барады.
Қос тартпаны бек тартып,
Тұлпарға мініп алады.
Қараханның батырына,
Батырын шауып алмаққа,
Көзін салып жан-жаққа
Қарсы шауып барады.
Сарыдәу де ер еді,
Белгілі ердің бірі еді.
Қаз мойын қара тұлпармен
Бозұғландай баланың
Қасына жетіп келеді,
Келе сөйлей береді:
—Өзің құрттай баласың,
Оттай қаулап жанасың.
Ұрысатын кісідей
Қасқайып қарап тұрасың.
Меніменен ұрыссаң,
Құдайыңа барасың.
Қалжың сөзге көнбеймін,
Астыңдағы боз тұлпар
Қан тигізбей бер деймін.
Қылышпенен өлтірсем,
Қиқалады дерсің сен.
Найзаменен өлтірсем,
Мипалады дерсің сен.
Садақпенен өлтірсем,
Қапыда кеттім дерсің сен.
Есіткен соң бұл сөзді
Дәу сөзіне шыдамай,
Атының басын бұрады,
Әңгіме дүкен құрады.
Батырсынған қалмаққа
Батыр туған Бозұғлан
Бір сөз айтып тұрады:
—Ау, қалмағым, қалмағым,
Шөптен оңай алмағым.
Таразыға тартқанда
Тастан ауыр салмағым.
Оңғарса Құдай ісімді,
Қиын емес, батырым,
О дүниеге бармағың.
Мінген атың құла ғой,
Сендер көп те, мен жалғыз,
Қолыңа келді бір бала,
Білгеніңді қыла ғой.
Әуелгі сөзге барысты,
Екінші сөзге келмеді,
Әне-міне дегенше
Шайтан келіп жабысты.
Ат үстінде қос алып,
Жағаға қолдар салысты.
Қарағай найза серместі,
Ат тізесін бүгісті,
Екі батыр тіресті,
Жығыса алмай керісті.
Қанжарменен қайрасты,
Семсерменен серместі.

Тағы оқыңыз