Түрікпен Раушанбек батыр Толыбайдың баласы қалмақ батыры Махраммен соғысы (1-бөлім)
Көрұғлы · А. Хангелдин нұсқасы · 3 мин оқу
Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Содан өсіп халық болған
Сейілхан мен Жайылхан.
Өз әкесі Сафиден
Ұрпақтап халық жайылған.
Сейілханнан туыпты,
Сегіз арыс түрікпен.
Қабағы қалың бурадай
Көрсе дұшпан үріккен.
Түрікпенде ерлер көп болған
Жауды көрсе желіккен.
Арабы тұлпар мінгені,
Арқанда тұрып еріккен.
Жауды сезген исінен
Болмаса киген бөріктен.
Қарсыласқан дұшпанын
Сол күнде түрікпен жүдеткен.
Сол арада күнелткен—
Қылыштан қанын тамызған
Неше батыр ер өткен.
Кәрия менен билерге
Қатар тұрып халқына
Ақша хан деген хан өткен.
Қалмақтың ханы—Шағдат хан
Жеті атасын жер еткен,
Түрікпен десе зар еткен.
Атаның кегін ала алмай,
Қалмақ деген халықты
Сол күнде Құдай қор еткен.
Ұрысуға Шағдат хан
Қырық жылға шейін күтініп,
Кек алуға мақсаты—
Бұрынғы өткен деректен.
«Атаның кегін алсам» деп,
Күні-түні зарланып,
Өзін-өзі жүдеткен.
«Түрікпен елін шабам» деп
Палуанды жинап, үйреткен.
Ақша ханның баласы—
Толыбай деген хан болып,
Жығалы хан атанды
Күрлеген бақтың тұсында-ай.
Толыбайдың тұсында
Тағы шапты қалмақты—
Ортаға келіп кіріп-ай.
Сол сапар өлді өз атам
Қолынан халқын беріп-ай.
Сол атадан хан еді
Келе жатқан шынжыр-ай.
.........................................
Хандықты таста деп Толыбай,
Өзінен-өзі жеріп-ай.
Бақты өзі тепкені,
Болған шығар керім-ай.
Түрікпен елдің басынан
Көшкен шығар бақыты,
Сүректі күні болып-ай.
Шынжыр атақ тұқымнан
Хандық айтқан қараға
Осы сапар деп тұрмын
Бола ма деп жолым-ай.
Қолдан кеткен ерлерім
Толыбайды өлтіріп,
Тірілей байлап келтірсең,
Раушанбектей ұлын-ай.
Қаһармандай ерлерім
Түрікпен елге түсірсең,
Бұрынғы өткен күнін-ай.
Раушанбектей ұғыл туған
Толыбай ханның белінен.
Артық дейді жамалы
Адамзат емес періден.
Сымбаты асқан жан дейді,
Мұсылманның елінен.
«Қала салған» деп есіттім
Әудектің жеті көлінен.
Жаулаған жауы—қалмақ ел
Бұрыннан болған қорындай,
Талай шауып қалмақты
Малдарын салған телімге-ай.
Түрікпендердің ерлігі,
Орасан көзге көрінді-ай,
Шамасы келген қалың [жау]
Қиядан келіп ұрынды-ай.
Кек ала алмай түрікпеннен
Біздің қалмақ бүлінді-ай.
Қалмақтың көрген қорлығы
Бұл күнде түссе есіме,
Көзімнің жасы төгілді-ай,
Қабырғам менің сөгілді-ай.
Құдайдан жәрдем болмады
Біздің қалмақ еліне-ай.
Атаңа нәлет түрікпен
Іс қылды көзге көріне-ай.
Шүкір......................киінді
Ақылхан деген хан болды,
Түрікпен елге келіп-ай.
О да берді қорлықты,
Қаптаған қалың еліме-ай.
Түрікпеннен көріп қорлықты
Сол күндерде біздің ел
Көрмеген, сірә, тынымды-ай.
Онан соң болды Ақша хан
О да қылды қалмаққа
Орасан үлкен зұлымды-ай.
Ақша ханның тұсында
Менің де көзім көріп еді,
Қанша хан қырылды-ай.
Түрікпеннің хандары
Бірінен-бірі орасан,
Артық болған білімді-ай.
Құдай артық жаратқан
Аты менен жігітін,
Сәтімен туып күнінде-ай.
Бұл хандардың тұсында
Біздің елге көрсеткен
Халық көрмеген қысымды-ай.
Ұранға шапқан ер шығар
Ұстасатұғын теңімен.
Осы көптің ішінде,
Ұстасатын ер бар ма,
Қалың түрікпен елімен?
Асып туған қайратты
Раушанбектей ерімен.
Аттанатын батыр кім
Қалың түрікпен еліне,
Бетпақтың құба шөлімен?
Раушан ерді кім барып,
Байлап келсе өлтірмей,
Хан күйеуі етейін,
Қызымды қосып теңімен.
Раушанбектей ер туған
Толыбайдай асылдан.
Асылы текдар зат еді,
Келе жатқан нәсілден.
Ұлы туған ер еді,
Дұшман көрсе ашынған.
Ерегіскен ерлерді
Қонысынан асырған.
Толыбайдың Раушанбек
Тірілей байлап келгенге
Билігін беріп халқымның,
Орын беремін қасымнан.
Он сегіз жыл хан болып,
Халық биледім жасымнан.
Атам кегін алсам деп,
Көңілім менің талпынған.
Сарып етуге бар күшті
Аянбай жаным ашынған.
Шауып алмай түрікпенді,
Ашынған көңіл басылман.
Шағдат ханда бағулы
Алты жүздей палуан бар.
Екі талай ұрыста
Оған келмес адам пар.
Палуанның бастығы,
Махрамдай ер еді,
Қалмақтан шыққан зор еді.
Атаңа нәлет діні қара,
Ылақтырып ойнайтын
Екі жүз батпан тас шоқпар.
Ханның сөзін есітіп,
Палуан тұрып қылды зар.
«Түрікпенді шауып келуге,—
Айтады,—мен,—деп талапқа».
«Қыз беремін» деген соң,
Хан күйеуі болуға,
Махрамның мейілі бар.
«Мен шабамын,—дейді,—түрікпенді,
Кең дүниесін қылып тар.
Раушандай бектерін
Тірілей байлап келуге
Боламын, тақсыр, міндеткер».