Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көрұғлының қызылбас Қалдарханның баласы Раханмен соғысы (9-бөлім)

Көрұғлы · Е. Есенжолов нұсқасы · 2 мин оқу

Белгілі болған бұл дүниеде дыбысың,
Жау дегенде болмас, сірә, тынысың.
Көп кешікпей, Көрұғлыбек, кейін қайт,
Қандай жерде болып келді жұмысың?

—Жерменжексен қызылбасты етпекке,
Түптүбіне дұшпандардың жетпекке.
Көңілің қандай, Ақбілектей жеңеше,
Келіп едім алып қашып кетпекке?!

—Қызылбастар мазақ етіп күлмей ме,
Алла қайрат Көрұғлыға бермей ме?
Кетер едім сеніменен бұл түнде,
Өз байталым алып қашты демей ме?

Әлқисса, Қалдарханның бір сұлу қызы бар еді, соны алып кет, маған екінші мәрте келерсің дегені:

—Талдап шашты осы түнде өрейін,
Күн батқан соң алдап қызды келейін.
Құтпан уақты даяр болып тұрыңыз,
Шамам келсе, сұлуды ертіп келейін.
Сен келгенше осы жерде тұрайын,
Талабыңнан қайтармасын Құдайым.
Бұл шаһарда онан асқан ару жоқ,
Өзі сұлу аты десең, Күләйім.

Әлқисса, Көрұғлыбекпен сөйлесіп қайтқан соң Ақбілектің Күләйімға келіп айтқаны:

—Қыз бикешау, талдап шашты өрелік,
Қызғалдақ гүл алтын бақтан терелік.
Ағаң ұйықтап жатқанында екеуміз,
Сейіл құрып біз бақшадан келелік.

—Бір ғапылық, жеңге, бастан өтпесін,
Аға оянып түбімізге жетпесін.
Күнде маған айтпаушы едің бұл сөзді,
Шықсам, алып бір дұшпаным кетпесін.

—Талдап шашты қыз бикеш жан өрер ме,
Қараңғыда қызғалдақ гүл терер ме.
Сенің ағаң Райхандайын мықты ер,
Маңайына дұшпан батыл келер ме?!

—Жақсылық іс—жарым ырыс ырымды,
Қайырмаймын, жеңгем, сенің тіліңді.
Барар едім сеніменен қосылып,
Неге айтпайсың, жеңге, маған шыныңды?

—Алып шықсам алма мойның бұралтып,
Бақша ағаштан гүл терелік түн қатып.
Қайғыдертке ішім толды, қыз бикеш,
Келейін мен бұл шерімді тарқатып.

—Ақылы асқан менің жеңгем нар ма еді,
Көрсет деген бір жігітің бар ма еді?
Әлі де сен маған шыныңды айтпайсың,
Бір Алланың сүйген құлы бар ма еді?

—Алтын, күміс Райханның қаласы,
Көңілімнің жазылмайды жарасы.
Неше күндей ғашық болып сыртыңнан,
Көрсем деп еді Мырзабектің баласы.
—Барар едім сол жігітке сайланып,
Кетпес пе екен менің ағам оянып?
Райханнан мен қорқамын шықсам да,
Кешікпеймін барсамдағы айналып.

—Ғашық болған сұлу жігіт өзіңе,
Бұл жігіттің сынық қылма жүзіне.
Көп тоқтатып мен қасына қоймаспын,
Бір көрініп келесің ғой көзіне.

Ертіп шықты алма мойнын бұралтып,
Бақша ағашқа бұлар келді түн қатып,
Он үш жасар Көрұғлыдай арыстан
Тұрған екен Ғират атын ойнатып.

Жұлдызы туды Көрұғлының оңынан,
Кім қуады қараңғыда соңынан.
«Мырзабектің баласы», деп нандырып,
Күләйімді тапсырады қолынан.

—Аманесен өз жұртыңды көргейсің,
Көп кешікпей Көрұғлыбек келгейсің.
Қыз екен деп өз көңіліңді аудармай,
Бозұғландай нағашыңа бергейсің.
Нардай белі нағашыңның бүгілді,
Мен дегенде қабырғасы сөгілді.
Апарып бер аман-есен, Көрұғлы,
Осы қызды мендей көрсін көңілі.

Күләйімнің жоғын біліп, Райханның Ақбілекке айтқаны:

—Күн шыққанша күн жағыма қараймын,
Ерте тұрған, қатын, сенен сұраймын.
Қарасам да көрінбейді бұл үйде
Қайда кетті қарындасым Күләйім?

—Үстібасым, тақсыр патшам, кірлендім,
Ерте тұрып кірім жуып жүргенім.
Сонан бері іске айналып жатырмын,
Қайда екенін қыз бикештің білмедім.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз