Түрікпен Раушанбек батыр Толыбайдың баласы қалмақ батыры Махраммен соғысы (14-бөлім)
Көрұғлы · А. Хангелдин нұсқасы · 3 мин оқу
Осыны айтып Махрам палуан адамдарын Шағдаттың еліне қарап жүріңдер деп, тартып беріп Раушанбекті байлатып жөн тартып жүрген секілді.
Мойнынан алып қалмақтар,
Хан баласы Раушанның
Екі қолын байлады.
Бенде қылып сұлтанды,
Алдына салып айдады.
Кегім бар деп түрікпенде,
Әрқайсысы бір ұрады,
Азары түсіп қайдағы.
Махрам палуан жөн тартты,
Бетпақтың құба шөлімен
Қолдан............................ айрылды.
Раушандай бегіңіз
Қайтпас түрікпен еліне.
Жетелеп кетті бір қалмақ
Раушандай бекзатты
Арқан байлап белінен.
Қалмақтан көріп азарды
Хан баласы Раушанбек
Зарлады Хаққа шынымен:
—Барша жанды халық етіп,
Хақ Жаратқан Зүлжалал,
Ғаріптік түскен бендеңе,
Әрдайым назар сал.
Дін мұсылман елі үшін
Жанымды қиған ер едім,
Кәпірге болдым кіріптар,
Мен ғаріпке медет бер,
Құданың досты Хақ сәруар.
Мұсылман мен кәпірге
Раушанбек атанып,
Бұл күнде болдым зар-зар.
Алланың досты Арыслан
Қысылған жерде қолымды ал.
Ғайып ерен қырық шілтен,
Сіздерден медет болмаса,
Қалмады менде зәре хал.
Жанға өзі бергейсің,
Он екі имам сегіз жар.
Жан аямай соғыста,
Дұшпанға бердім көп азар.
Өз қылғаным өзіме
Келіп тұр бүгін бимаһал.
Бимаһал бақта гүлімді
Солдыра көрме, Жасаған,
Бендеңе болып медеткер!
Түрікпен елден айрылдым
Жиырма сегіз жасымда,
Түсімнен таппай еш қарар.
Қасымдағы қырық жігіт
Артына көзін салмады,
Қалың ел қалды бейхабар.
Бас аман, деннің сауында
Қалмаққа бердім көп азар.
Қапыда түстім деп тұрмын
Кәпірдің қазған орына,
Жазуы Хақтың бар шығар.
Құданың досты Хақ сәруар
Омар, Оспан шаһарияр
Зарыққан жерде қолымды ал.
Қалмаққа бенде мен болдым,
Орға түсіп кіріптар.
Өзім кетіп, халық қалса,
Аман-есен жайында,
Мен ризамын, Зүлжалал.
Түрікпен елді қорғайын,
Халықта адам қалмады,
Осыған үлкен қайғым бар.
Атам да болса қартайып
Уақты жетіп болды шал.
Мен бір басымды қайғырман,
Жаратқан қадір құдірет,
Түрікпен елін қорғап ал.
Кейін қалған халқымды
Аманат сізге тапсырдым,
Жаратқан қадір біреу бар.
Қалың түрікпен елі үшін
Мен жанымды қиғанмын,
Жетпеді бүгін нақ ажал.
Қашан баққан халық едің
Қалың түрікпен елдері.
Ендігі жерде аман бол,
Көргенше, халқым, Алла жар!
Анда осыны айтып Раушанбек қалмаққа бенде болып, Шағдатхан еліне кетті. Сапабекті алып үш жолдасы Әудектің қызыл көлінде жатқан жолдастарына келді. Жолдастарын қараса Сапабек өлер халетте үсті басы қызыл қан, есі кетіп қалған. Ерлердің қасында Раушанбек жоқ. Анда ол жігіттердің ішінде Айғанбек деген жігіт бұларға қарап бір сөз айтып тұрған секілді:
—Келдіңдер ме амансау,
Аңға кеткен, ерлерім?!
Қайдан таптың үлкен жау,
Көрінеді жаман көзіме
Келіп тұрған түрлерің.
Көрінбейді көзіме Раушанбек,
Қайда қалды әскерің?
Жау келсе қалың қалмақтан,
Мұнда жатқан ерлерге,
Неге хабар бермедің?
Бенде болса Раушанбек,
Бұл келгеннен жігіттер
Жан аяспады ұрысып,
Сол арада өлгенің.
Ар емес пе сендерге,
Өздерің өлмей сұлтанды
Қолдан ұстап бергенің,
Беттерің қызыл ұялмай,
Раушанды қалдырып,
Елге қарап жүргенің.
Өздерің тұрып сұлтанды
Жауға қарсы жіберіп,
Лыпасын аял кигенің.
Батырсынған жігіттер,
Жау жоқ жерде ерленгенің,
Кәнеки, сөйле, жігіттер,
Сұлтаным қайда Раушандай,
Ұрысын айтып бермедің?!
Құлағың сал, жігіттер,
Менің айтқан сөзіме-ай.
Раушанбектей асыл зат,
Көрінбеді көзіме-ай.
Ұрысып бек
Қарамадың ба сұлтанның
Сіздерге берген тұзын-ай.
Қалды ма түрікпен зар болып
Раушандай сұлтанның
Басып кеткен ізіне-ай.
Бенде болды ма есіл ер,
Қалмақ келіп кезіне-ай.
Қалай болды халдерің,
Қанеки, ерлер, сөйлеші,
Оқиғаңды айтып өзіме-ай!