Түрікпен Раушанбек батыр Толыбайдың баласы қалмақ батыры Махраммен соғысы (8-бөлім)
Көрұғлы · А. Хангелдин нұсқасы · 2 мин оқу
Күтініп шыққан төрт жүз ер
Жау құралын асынған.
Бұрыннан жүрген кекті іздеп
Қалмақтың жаны ашынған.
Сен келе жатқан ер едің
Шынжыр аттай нәсілден.
Екі талай жерлерде
Талай кәпір Раушанбек
Алдыңа келіп бас ұрған.
Түрікпен елі бұрында
Талай қалмақ елінің
Ішінен шыққан ерлердің
Бақытын бастан ұшырған.
Ғайып ерен қырық шілтен
Тілеудар болып ерлердің
Кетпеуші еді қасынан.
Осы сапар қорқамын
Тая ма деп бақыт құс
Түрікпен елдің басынан.
Бетке тартып сөйледі,
Толыбайдың тастаған
Хандығын айтып басынған.
Аяғымен тепті деп,
Басына қонған бақытты
Қалмаққа дабыл шашылған.
Бақ тепті деген сөздері
Есіме түссе қалмақтың,
Шошынады ішім осыдан.
Мұсылманның табанын
Аудармаған Құдайым
Атаның тіккен қосынан.
Хан баласы Раушанбек,
Жаудың түрі тым жаман,
Не дейсің, ханым, осыған.
Хан баласы Раушанбек
Сонда барып сөйледі.
Қалмақтың айтқан сөзіне
Қаһары келіп сұлтанның
Көзі ешнәрсе көрмеді,
Сауытқа симай кернеді-ай.
Хан баласы Раушанның
Ашуы келмей не қылсын
Кемдікке көнер ер меді-ай:
—Жауға теңдік бермеген
Бұрын да түрікпен ерлері-ай.
Қалмақты олжа көп қылған
Ілгері өткен заманда,
Түрікпеннің бір топ елдері-ай.
Қалыпсың қорқып, Сапабек,
Махрамның сөзінен,
Зор көрініп түрлері.
Жәрдем болар бабадан,
Қайда кетті деп жүрсің
Атаның кәміл пірлері.
Атаңа нәлет кәпірдің
Бұрыннан солай сөздері-ай.
Менменсіген көп ерлер
Бел шешіп берген жоқ па еді
Әрбір жерде өздері-ай.
Шошынып неге сен тұрсың
Діні пасық кәпірдің
Аспалық айтқан сөзіне-ай.
Талай кәпір сөйлейтін
Жан көрінбей көзіне-ай.
Кәпірден ерлер бел шешіп,
Берген жоқ па еді өзімен.
Кәміл пірлер жар болса,
Төрт жүз палуан қалмақты
Азсынып тұрмын өзіме-ай.
Кел жүрейік кәпірге
Қарап тұру жөн емес,
Ер жігіттің өзіне-ай.
Осыны айтып болды да,
Хан баласы Раушанбек,
Астындағы Қанкердің
Құйысқанын қысқартты,
Үзеңгісін ұзартты,
Шап айылын берік тартты.
Қалмақпенен ұрыспай,
Қайтпасына серт айтты.
Астымдағы Қанкер ат
Тұлпардан қалғансын жұрат.
Толыбай ханның белінен
Жалғыз туған мен бекзат.
Жаман жауға кез болдың,
Қашан көңіл болар шат.
Жау жерінде серттесу—
Бұрыннан ерге болған шарт.
Қалмақтың қалың жерінен,
Түтеген мылтық өзінен
Кіре алмасам, маған серт.
Оқтан қорқып қорғалап,
Кіре алмай қалсаң, саған серт,
Кесіп қойған жеріне,
Қырық жыл жатқан қуарып.
Айдаһардың майына
Алған екен суарып.
Атадан қалған ақ сүңгі
Қалмақтың батыр еріне
Шаншалмасам, маған серт.
Шаншуыма шыдамай,
Ұңғыдан кетсең, саған серт.
Айдаһардың тіліндей
Салса кеткен білінбей,
Итке салса, ыңқ еткен,
Нарға салса, бүлік еткен,
Шекесі бос сылқ еткен.
Балдағы алтын ақ болат
Шабалмасам, маған серт.
Шабуыма шыдамай,
Балдақтан кетсең, саған серт.
Хан баласы Раушанның
Ерлігі халыққа жағадыай.
Тілладан соққан дабылды
Дүңкілдетіп қағадыай.
Аман қалған төрт жолдас
Қасына ертіп аладыай.
Тізе қосып бесеуі
Қалмаққа қарай шабадыай.
Бұл сапарда Раушанбек
Пірден медет табадыай.
Тебіне келген қалмақты
Қылышпенен шабадыай.
Мылтық жеткен жер болса,
Тартып кетіп барадыай.
Сол күні болған соғыста
Екі жүздей палуанның
Бір жүзі-ақ аман қаладыай.
Бүгін тағы екеуі
Ақшам болып күн батып,
Екі жаққа тарадыай.