Түрікпен Раушанбек батыр Толыбайдың баласы қалмақ батыры Махраммен соғысы (11-бөлім)
Көрұғлы · А. Хангелдин нұсқасы · 2 мин оқу
Қол қоштасып болды да,
Хан баласы Раушанбек
Қанкерге мініп алады.
Бір Құдаға сиынып,
Қалмаққа қарай шабадыай.
Тілледен соққан дабылды
Дүңкілдетіп қағадыай.
Келе жатқан Раушанның
Алдынан шығып Махрам
Ұлы айғайды саладыай:
—Менсінбей сені тұрам деп,
Қырылды қалмақ адамы-ай.
Менің атым—Махрам,
Салатын қолды жағаңаай.
Бөтен жаққа бұрылмай,
Түрікпеннен шыққан ер болсаң,
Келші бермен маған-ай.
Маған қарсы кез келсең,
Жаңылтармын төбені-ай.
Ерге қарсы келе алмай,
Мас қып жүрсің балам-ай.
Байқасайық кел бермен,
Ашылар кімнің таланы-ай.
Жалғыз жүріп жаулаған
Мен Махрам деген ер едім,
Әрбір кеткен қаланы-ай.
Түрікпеннің елінен
Бұрынғы кегін Шағдаттың
Осы сапар алам-ай.
Сені өлтіріп бұл жерде,
Елін шауып түрікпеннің
Шулатып қайтсам деп тұрмын
Еліңде қатын-баланы-ай.
Әр жігітке екіден
Берсем жесір жанады-ай.
Малыңды салып тілімге,
Қалайда олжа қылам-ай.
Батыр болсаң кел бермен,
Бөтен сөзге қарамай.
Ашуланып бұл сөзге
Раушандай бекзада
Қанкер атты бауырға
Орай тартып қалады.
Қанкерге қамшы батқансын,
Төрт жолдастың алдында
Көрнім жерде барады.
Қалмаққа жақын келгенде
Орды біліп жануар,
Кекежіктеп Қанкер ат,
Аяғын баспай қалады.
Атқа кейіп Раушан
Және ұрды қамшыны,
Қанкер атқа сабалай.
Шу деп Қанкер қарғыды,
Өте алмады ар жаққа,
Орға түсіп барадыай.
Раушан орға түскенсін,
Кейіндегі төрт жолдас
Ат басын тартып тұрадыай.
Келе алмады қалмаққа,
Бастарын сауға қылады-ай.
Раушанбекке келе алмай,
Түрікпеннен келген ерлерді
Төбеден Құдай ұрады-ай.
Ердің тұзын ақтамай,
Бір жыраға бекініп,
Жасырынып тұрадыай.
Түрікпеннен шыққан жолдастар
Келе алмай кейін қалғансын,
Өзі орда болғансын,
Хан баласы Раушанбек,
Құдаға қылды наланыай:
—Құдіреті күшті Құдайым,
Құдіретіңмен жараттың,
Бейістен арыз сыман-ай.
Өзіңнен басқа жәрдем жоқ,
Қалдым жапан даладаай.
Елден шыққан жолдастар
Бас сауғалап ол кеткен,
Раушанбекке қарамай.
Өзің жәрдем бермесең,
Құдіреті күшті Құдайым,
Қол салды кәпір жағағаай.
Раушанбек атанып,
Қалғанда мен Құдайым,
Досқа күлкі, дұшпанға
Әр жерде болып табағаай.
Он сегіз мың ғаламды
Құдіретіңмен жараттың,
Келтіріп бәрін шарағаай.
Фазылыңменен сақтайсың,
Құрсағында ананың
Тоғыз ай, он күн баланы-ай.
Мен рахметіңнен үміткер,
Жасаған Алла, болам-ай.
Мен ғаріпке назар сал,
Құданың досты Хақ сардар,
Тарыққан жерде балаңаай.
Қауыс, Қияс шілтендер,
Омар, Оспан—екі жар,
Мен ғаріпке назар сал.
Сіздерден медет болмаса,
Қалмады менде ешбір хал.
Атадан туған жалғыз тақ,
Мен бір жүрген кембағал.
Қызмет қылар бала жоқ,
Ермексіз қалды кемпір-шал.
Жасаған Алла жар болып,
Осы келген кәпірден
Түрікпен елін қорғап ал.
Халық аман қалса мен кетіп,
Ризамын, Зүлжалал.
Деп шығып едім сейілге
Қалың түрікпен елінен,
Туып өскен жерімнен.
Қоштаса алмай мен кеттім
Қатарқұрбы, теңіммен.
Жалғыз туған ер едім
Толыбай ханның белінен.
Бақытсыз болып тудым ба,
Ермеді қара ізімнен.
Алдымда туған аға жоқ,
Белімнен туған бала жоқ,
Артымнан ерер інім жоқ,
Жаушылық жерде жалғыздың
Көргені құрсын күнінен.
Ағам болса алдымда,
Ат қоймас па еді кәпірге
Жанын қиып шынымен.
Әгәр інім болса артымда,
Мені тастап кетер ме,
Қинамай жанын күнімен.
Азғантай аудан кәпірге
Неге тастап ол кетсін,
Туса бірге өзіңмен.
Басқа қылар айла жоқ,
Тек жәрдем тілеп мен тұрдым,
Жасаған Құдай, өзіңнен.