Көрұғлының қызылбас Қалдарханның баласы Раханмен соғысы (11-бөлім)
Көрұғлы · Е. Есенжолов нұсқасы · 2 мин оқу
Ғират айтты: «Патша хабар алыпты,
Қызылбасқа бізден хабар барыпты.
Құба таудың төбесіне тоғыз мың
Қарауылшы Райхан патша салыпты».
«Бір Құдайға осы бүгін жылаймын,
Бұл қияда өзім шауып бұлаймын.
Екі жетім бұл жиһанда қосылдық,
Жау ішінде қайратыңды сынаймын.
Жау дегенде шыбын жаннан кешермін,
Түрікменнің Көрұғлыбек есермін.
Құба тауға осы бүгін жетпесең,
Басыңды мен екі жерден кесермін».
«Аямай сал қамшыңды бір өзіме,
Құлағың сал және айтқан сөзіме.
Намаздігер болған кезде, Көрұғлы,
Көрсетермін Құба тауды көзіңе».
Жолындағы дариядан өткізді,
Көрұғлының Ғират көңілін біткізді.
Намаздігер болған кезде батырды
Құба таудың нақ басына жеткізді.
Әлқисса, Көрұғлы ұрыспаққа тұрғаны:
Ұрысайын қызылбаспен жүз алуан,
Сақтағайсың жүмле пірлер көп жаудан.
Бір өзіңе зар жылайын сыйынып,
Мәдеткерім сен болғайсың, ер балуан!».
Бұл сөзді айтып Көрұғлыбек зар жылап,
Ғиратының екі көзі жаудырап.
Намазшамның кездерінде еріңіз,
Қызылбасқа жаңа кірді «Аллалап».
Ғиратымен келіп еді ойнатып,
Қызылбасқа жаңа кірді шаңдатып.
Қырық ілтендей Көрұғлының пірлері,
О да кірді бір жағынан таңдантып.
Есіттіңіз бұл қиссадан талай сөз,
Ер Көрұғлы ұрыс қылды қара көз,
Аспаһанды сілтегенде жауына
Ұзарады сол уақытта сегіз кез.
Қызылбастың өкшесін атпен бастырды,
Жермен-жексен нешелерін тас қылды.
Ұрыс қылып Көрұғлы жалғыз өзі,
Тұс-тұсына қызылбасты қашқызды.
Һәр ұрыста шері зада арыстандай,
Қар бұзылып, көктемде су тасқандай.
Он төрт күн ұрыс қылды Көрұғлы,
Өтіп кеткен Рүстем менен Дастандай.
Қызылбасты зар еңіретіп жүдетті,
Талқан қылып қызылбасты жүн етті.
Он жеті күн дамыл алмай қырған соң,
Құба таудың басынан төмен қан кетті.
Әлқисса, он тоғыз мың әскердің көбін қырып, азын қашырып, тау басынан түсіп найзасын жерге шаншып қойғанда, найзасы шыр айналып тұрмады, енді найзасына қарап бір сөз деді:
«Ер жігітке қарудың бар пайдасы,
Атсыз болмас ер жігіттің айласы.
Шанышқан жерде айналасың, тұрмайсың,
Жауап бергін Халел-Ибраһим найзасы?!».
«Жеті жаста мені ұстаған жолдасым,
Көрұғлыбек көрде туған жолбарысым.
Өлтірмекке уәзірлермен сөйлесті,
Көріп тұрмын жеңешеңнің көз жасын.
Бір ғапылат батыр сенен өтпесін,
Осы жауың түбімізге жетпесін.
Осы түннен қалмай барып жеңгеңді ал,
Бекер қаны мойныңызда кетпесін!».
Дамыл алып Көрұғлыбек жатыпты,
Ұйқы көрмей қабақтары қатыпты.
«Бір азғана мызғып мұнда алайын»,
Ұйқы деген қатты жанға батыпты.
«Қырық қиял түскен екен ойыңа,
Бір қызықтың таяныпсың тойына.
Ұйықтаған соң оянбайсың, Көрұғлы,
Кер жалқаулық мінген екен мойныңа».
Көрұғлыбек қарғып тұрды қозғалып,
Ғиратына мінді найза қолға алып.
Мініп алып Көрұғлыбек жөнелді:
«Қызылбаста жеңгем болды,—деп,—шын ғаріп».
«Ғиратым, сен төрт аяғың көтерсің,
Тыным көрмей дүниеден өтерсің.
Қалдарханға талап етті сұлтаның,
Қай уақытта ол шаһарға жетерсің?»
«Шыққан терім менің бойдан аққан соң,
Қызылбастың балалары жатқан соң,
Аямай, тарт, Көрұғлыбек, қамшыңды,
Жеткізейін құтпан азан айтқан соң».
Ғират сонда ұшып көкке секірді,
Екі арада біраз уақыт өтеді.
Құтпан уақыты болғанында Ғираты
Қалдарханның қақпасына жеткізді.