Көрұғлының қызылбас Қалдарханның баласы Раханмен соғысы (8-бөлім)
Көрұғлы · Е. Есенжолов нұсқасы · 2 мин оқу
Барша пірлер аманат,
Тар жол, тайғақ кешуде,
Нашарларға болысқан».
Ер Көрұғлы жөнелді
Күнітүні шер тартып,
Секіртіп Ғират ойнатып,
Сулығын жүген шайнатып,
Тұяқтан ұшқан тозаңы
Һауадақтың жүзін шаңдатып.
Үстібасын шаң басты,
Дамыл алмай жол тартып.
Найзаның басын шоқтатып,
Садағын салған оқтатып.
Бір жүріп Ғират кеткен соң,
Ала алмассың тоқтатып.
Қаһарланды батырың,
Айшылықты аттатып.
Тұяғы тиіп кеткенде,
Тасты күл ғып таптатып.
Ғират сынды жануар
Келе жатыр шаңдатып.
Көрұғлы келеді
Көзін салып қиядан.
Қарауыл қарап, жер сынап,
Неше түрлі алуан,
Осы күнде кез болса,
Қорқар емес жүз мыңнан.
Жанында жоқ жолдасы,
Болмаса жәрдем Құдадан.
Көрұғлы іздеп жеңгесін,
Шығып кетті елінен,
Гулетіп өтіп барады,
Дымсыздының дөңінен.
Қарғытады Ғиратты
Таулы, тасты жерінен.
Өткелі жоқ өтетін
Тұнжырап жатқан түбі жоқ,
Көркін деген дарияның—
Соқты арыстан белінен.
Көрұғлы сонда сөйлейді:
«Атсыз ерде не хал бар?
Жаман аттың белгісі
Жауды көрсе шабаңдар.
Жан серігім, Ғиратым
Болды уақыт шабылар.
Қалдарханның шаһарынан
Мұрадым қашан табылар?
Осы асудың бойында
Бауырыңды жаз еркін,
Бір секірсең аржаққа
Шықпайсың ба немене».
Мақтайды батыр жалынып,
Астына мінген Ғиратты,
Күдіре жалды, қыл құйрық,
Хайуан заттан сымбатты...
«Қолымнан менің келер деп,
Жай жүруім бекер деп,
Шығып едім бұл жаққа.
Осындай қиын жерлерде
Салам саған салмақты».
Тәуекел деп Аллаға,
Астындағы Ғиратты
Көркіннен сонда қарғытты.
Балаша орап өсірген
Көрұғлы батыр құндаққа,
Мінбек үшін жау жаулап,
Ерегіскен дұшпанға
Заман ақыр салмаққа.
Күнітүні жөн тартып
Қалдарханға бармаққа.
Ақбілекті айырып,
Райханнан алмаққа.
Бес жылдан бергі дерті бұл,
Әуелден айтқан серті бұл,
Көзін салмай жанжаққа.
Аспан көкпен таласып,
Көркін дариядан әрі асып,
Ғират барып түсіпті
Сексен қадам ар жаққа.
Жүгіртумен Көрұғлы
Келеді шаһар жанына.
Қарамайды көз салып,
Жайылып жатқан малына,
Бұлардың көп азына.
Жөн сұрасып сөйлесті
Қой баққан елдің шалына.
Әлқисса, Көрұғлы сұлтан ар жаққа өткен соң, бірнеше күн сапар шегіп, Қалдарханның еліне келіп, қойшы шалдың киімін киіп диуана болып жүреді. Енді шаһарға кірмекші болып, Ғиратына сөйлейді:
«Шығып едім он үшімде соғысқа,
Сыр білмеген талап етіп ұрысқа.
Ғират атым, мен келгенше, аман бол,
Берік болғын аспаһандай қылышқа.
Ғират атым, сенсің менің жолдасым,
Қалдарханға жаяу кетті жолбарысың,
Бес қаруға, Ғират атым, мықты бол,
Бір аунаған жерлеріңде қалмасын!
Әлқисса, таяқ алып, өзі жолға түсіп, кешке таман хан дарбазасына келіп тұрса, Ақбілектің даусын естиді. Ақбілектің Көрұғлының келгенін біліп сөйлегені:
—Жан жаратып сурет еткен Құдіретім,
Пайғамбардың артық сүйген үмбетім.
Аманесен, асылзатым, келдің бе,
Кейін қалған бізден жылап, перзентім?
Сен жалғызсың, көп дүр мынау қызылбас,
Зар жылама, көңілімді қыл қара тас.
Сен екенің қызылбастар білмесін,
Кейін тұрып, Көрұғлыбек, амандас.
Көңілімнен жаңа шықты қапалық,
Жау қолында ғарып болған біз мұңлық.
Өлсем Хаққа осы күні ризамын,
Шыбын жаным болсын сенен құрбандық.