Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Түрікпен Раушанбек батыр Толыбайдың баласы қалмақ батыры Махраммен соғысы (12-бөлім)

Көрұғлы · А. Хангелдин нұсқасы · 3 мин оқу

Мен шығып едім Раушанбек
Түрікпеннің халқынан,
Дұшпанға қылдым жорықты,
Атаның қалмай салтынан.
Он үш жаста ат мініп,
Ертіп ем халықты артымнан.
Екіталай жерлерде
Дұшпаннан қорқып сескеніп,
Жерім жоқ еді тартынған.
Атаның жолын берік ұстап,
Қайда қиын жау болса,
Мен едім соған талпынған.
Мұсылман, кәпір именді,
Естігенде даңқымнан.
Толыбайдың Раушаны
Келді деп көп ерлері
Тұралмас еді зарпымнан.
Түрікпен елінің қамы үшін,
Аузы түкті кәпірді
Қонысынан мен едім,
Талай жерде аударған.
Қан жуғандай қалмақты,
Мен едім оқпен ұшырған.
Бұ да Хақтың жазуы,
Өз қылғаным өзіме,
Бұл күнде келіп тосылған.
Бас аманда жолдастың
Бәрі бірдей ер еді,
Дұшпанға қарай бой ұрған.
Басыңа қиын іс түссе,
Қайрылмайды екен көп жолдас,
Болмаса тума бауырдан.
Егер Сапабектің қасында
Емшектес болса туысқан,
Салмас па еді соғысты,
Қалмақты қуып бұл ордан.
Сапабектей ер сұлтан,
Қайрылмай кетер ер ме еді,
Бұ да Хақ ісі шығар жазылған.

Осыны айтып Раушанбек,
Орда қалды жығылып,
Қалмақ келді жабырлап,
Ор басына жиылып.
Шұқырда тұрған сұлтанды
Ұрып жатыр таспенен,
Бәрі бірдей үйіліп.
Садақпен атып қалмақты,
Ор басына жолатпай,
Құдайға тұрды сиынып.
Түске дейін қалмақтан,
Раушан атқан оқпенен,
Жиырмасы қалды жығылып.
Домалатқан үлкен тас
Төбеден тиіп сұлтанның,
Сонда барып жығылды,
Көзінің жасы төгіліп.
Құдықтан атқан садақ жоқ,
Жиналып қалмақ қарайды
Ор түбіне үңіліп.
Жығылғанын сұлтанның
Көзі көріп қалмақтар,
Қуанды бәрі тас тастап.
Байқап еді үстіне,
Қозғалмады шимырлап.
Естен танып қалды деп,
Жабырласып қалмақтар
Қуанады жүгіріп.
Арқан байлап беліне,
Құдыққа түсті жиырма адам
Байлауға қолын түйініп.

Солай жатқан жерінде
Раушандай сұлтанның
Қолын байлап саладыай.
Ер қаруы—бес қару,
Байлаған олжа қыладыай.
Арқан салып беліне
Жоғары тартып аладыай.
Сол уақытта Раушанбек
Есін жинап, көз ашып,
Жан-жағына қарадыай.
Қараса қолы байлаулы
Қалмаққа пенде болғанын
Сұлтаның сонда біледіай.
Раушандай бекзатты
Қалмақ байлап аладыай.
Дұшпанын пенде қылғансын,
Көңілдері толадыай.
Шат болып көңілі Махрам,
Ұлы айғайды саладыай:
—Толыбайдың Раушанбек,
Адамыңа жолықпай,
Масығып жүрсің,—деп,—балам-ай.
Бағана кеткен төртеуін
Неге ұстамай қалдың?—деп,
Әскерге ашу қыладыай.
Раушанды айдап алдына
Қайтпақ болды еліне.
Махрамның назары,
Жиырма жігіт айырды:
«Бағана кеткен төртеуін
Байлап кел,—деп,—маған-ай.
Егер сол төртеуін алып келмесең,
Көрсетпеймін сендерге
Шағдат салған қаланы-ай».
Алпыс жігіт қасында,
Раушанбекті айдаумен
Еліне қарап жөн тартып басты қадам-ай.

Жөн тартып қалмақ кеткенсін
Тауға шығып Сапабек,
Жан-жаққа назар саладыай.
Бара жатқан қалмақты
Ердің көзі шаладыай.
Кеткенін оның білгенсін,
Үш жігіті қасында,
Төртеу болып Сапабек,
Қалмаққа қарай шабадыай.
Көрнім жерге келгенде,
Қарсы соғып жиырмасын,
Жібермеске қарадыай.
Жиырмасыменен төрт батыр
Мықтап ұрыс саладыай.
Түске шейін ұрысып,
Қалмақтың жиырма палуанын
Сапабек қырып саладыай.
Аман қашып бір қалмақ
Махрамдай батырға
Қашуменен барадыай.
Түрікпеннен көрген азарын
Махрамға барып шағадыай:
—Махрамдай батырсың,
Құлағың сал сөзіме-ай.
Қырылып қайттық түрікпеннен
Ерем деп сенің сөзіңе-ай.
Біреу шықты келбетті,
Барабар деуге болады
Раушанбектің өзіне-ай.
Жолдастарым қырылды,
Мен қашып зорға құтылдым,
Көрініп жаным көзіме-ай.
Ол қояр емес сендерді
Келатыр қуып өзіңе-ай.
Раушанбектей батырын
Саған олжа қылдырмас,
Мен шошыдым көріп түрін-ай.
Не қыларыңды өзің біл,
Жаңадан асқан бір тосу,
Келген шығар кезін-ай.
Раушанбектің үстіне
Жолата көрме ол ерді,
Шамаң келсе, Махрам,
Ертерек ұмтыл өзіне-ай.

Тағы оқыңыз