Түрікпен Раушанбек батыр Толыбайдың баласы қалмақ батыры Махраммен соғысы (5-бөлім)
Көрұғлы · А. Хангелдин нұсқасы · 2 мин оқу
Құмайы тұрып қалғансын,
Раушанбек пен он жігіт
Атқа қамшы басады-ай.
Тұлпарды қысып шу десіп,
Шаңын шаңға қосады-ай.
Бір-біріне жүр десіп,
Ерлерді ашу қысады-ай.
Қарасын көріп келе жатыр,
Жеткермейтін осы еді-ай.
Арандатқыр төрт киік,
Қу бастың құба шөліне
Бет қойып соған асады-ай.
Шамасын байқап қараса,
Жалғаса қуған он бірі
Жете алмасқа осады-ай.
Раушанбек алдында
Қанкер атты қысады-ай.
Бұл киікке жете алмай,
Хан баласы Раушанның
Көңіліне қайғы түседі-ай.
—Астымдағы Қанкер ат,
Жылқыда тұлпар сен едің,
Дүлдүлден қалған жұраттай.
Мойның сұлу таяқтай,
Сымбатыңа болайын
Төрт қырлаған қайрақтай.
Құлағың сұлу жануар
Қиған қамыс қияқтай,
Төрт аяқты тұяғың
Сомдап қойған болаттай,
Жая көр алтын қанаттай.
Алдында қашып баратқан
Төрт аяқты хайуаннан
О да шыққан бір заттай.
Төрт аяқты хайуанға
Жете алмай қалған ұяттай.
Көңілде арман қалмасын,
Жеткере көр мен заттай.
Осыны айтып Раушанбек
Қанкер атқа шу деді.
Шу дегенде Қанкер ат
Соққан желдей гуледі-ай,
Табаны жерге тимеді-ай.
Тұяғы тиген тастарды
Саз балшықтай иледі-ай.
Биік белге шыққанда,
Қанкер аттай тұлпардың
Азар бойын биледі-ай.
Қанкер аттың қайраты
Денеге симай кернеді-ай.
Төрт киіктің үшеуін
Бөліп қалып Қанкер ат
Қолынан арды бермеді-ай.
Үш киікті Раушанбек
Найзаменен шапақтап
Жығып күлін бірледі-ай.
Енді қалған біреуін
Ұстасам деп терледі-ай,
Ілгері қарай өрледі-ай.
Ілгері шапты Раушанбек
Ұстасам деп киікті-ай.
Ізінен қалмай киіктің
Қырсыққа мықтап елікті-ай.
Ары-бері ат шауып,
Шыға келді Раушанбек
Үлкен асқар биікке-ай.
Биікке шығып қараса,
Көзі көрді батырдың,
Ылдиында ол таудың
Бара жатқан киікті-ай.
Киіктен басқа ойы жоқ,
Таудан түсіп ылдилап,
Киікке келді жуықтай.
Киікке жақын келгенде,
Және көрді батырың,
Аттанып жатқан әскерді,
Бекініп тұрған тұйықтай.
Қалың жауды көргенсін,
Раушандай бегіңіз
Төбеге шауып шығады-ай,
Жан-жаққа көзін салады-ай.
Құба судың құба шөліне
Шығып кеткен қызықпен,
Жалғыз өзі тұрады-ай.
Көз жіберсе артына
Кейінде қалған он жігіт,
Шұбала шауып шығады-ай.
Шошайып тұрған бір өзі
Раушанбекті көрді.
Көрінген жер қашық па,
Раушанбектің қасына,
Бұлар да жетіп келеді-ай.
Ылдидағы әскерді
Бұлардың көзі көреді-ай.
Әскерді көріп жігіттер
Раушанбекке сөйледі-ай:
—Аң қуып шықтық, сұлтаным
Әудектің қызыл көлінен.
Қызықпен келіп шығыпбыз
Құба судың құба шөлінен.
Мынау түрі бөлек асқар ғой,
Қоштаспасақ болар еді-ау
Қалың түрікпен елімен.
Мына тұрған жауың кім,
Келген бе қалмақ елінен?!
Тіл алдың ба сөйлесіп,
Мен сескеніп тұрмын түрінен.
Болмасын қалмақ аттанған
Шағдатханның елінен.
Он жылдан бері күткен деп,
Естуші едік шынымен.
Жиылды деп әскер естіп ек,
Жақын жерде шынынан.
Тіл алайық сөйлесіп
Осы тұрған көбімен.
Қанеки, сұлтан, баршы сал,
Ғайып емес ұрысқан,
Өзімен сыйлас теңімен.
Бұл сөзбенен ойланып,
Хан баласы Раушанбек
Жібермек болды елшіге
Үш жігітті, сонымен.