Түрікпен Раушанбек батыр Толыбайдың баласы қалмақ батыры Махраммен соғысы (6-бөлім)
Көрұғлы · А. Хангелдин нұсқасы · 4 мин оқу
Үш жігітті сайлады,
Қалмаққа барып келуге.
Қайдан жүрген жау екен,
Мәні-жайын білуге.
Сапабек деген ер еді,
Сол жөнелді қалмаққа
Қос жігіт ертіп ізіне.
Сапабектей еріңіз
Қамап тұрған қалмақтың
Тұралап қаратты өзіне.
Айбатпен тұрған палуан
Көрініпті көзіне.
Осы жүрген Сапабек
Қайратты туған ер еді,
Ерлігінің белгісі
Қамап тұрған төрт жүз ер
Соған қарап жөнеді.
Қаһарлы тұрған ерлерге
Іркілмей жетіп келеді.
Палуанның басы Махрам
Түрі бөлек неме еді.
Айбатынан қорықпай
Соған жетіп келеді,
Махрам ерді көреді.
Махрамның айбатын
Тіптен көзге ілмеді.
«Не жұмыста жүрсің?» деп,
Тұралап айтып Махрамға,
Сапабек қаны сөйледі:
—Түрлеріңе қарасам,
Қалмақтан келген жандайсың.
Сымбатың бөлек қаһарлы
Халық ұстаған хандайсың.
Тастамай қару асынып,
Дүнияның жүзін шарлайсың.
Бедеу мініп астыңа
Алды-артыңды барлайсың.
Шын қаһармен аттанып,
Қай сапарға барғайсың?
Жөніңді сұрай мен келдім,
Қанекей, сөйле, қалмағым,
Кімді алып, кімді қорғайсың?!
Сипатыңа қарасам,
Бәрің бірдей төресің.
Тұлпар мініп астыңа,
Дүбір-дүбір қыласың.
Қабағың жаман қатырып,
Түн ұйқыңды бөлесің.
Жөніңді сұрап мен келдім
Қалмағым, қане жөніңді айт,
Қай сапардан келесің?!
Хан баласы Раушанбек
Елшіге мені жіберді,
Жөніңді айтып бересің.
Мен кәдімгі түрікпен елінен,
Түрімнен байқап білесің.
Түрікпен десе қалмағым,
Сірә, ұйқыңды аша бересің.
Жөніңді айтшы, батырлар,
Қай сапарға барасың?
Ат тұяғымен шаң қылдың,
Құба судың жапан даласын.
Қандай елде дәмең бар,
Кімнен олжа қыласың,
Біздер түрікпен елінен,
Бұрыннан өзің білесің.
Атың жарау, өзің аш,
Түн ұйқыңды бөлесің.
Ана тұрған Раушанбек,
Толыбай ханның баласы,
Жөніңді айтып бересің.
Қалмақ бізбен кекті жұрт,
Жеткізе алмаған өресін.
Көп жыл болды қалмақтан
Олжа қылмай келеміз,
Оны, батыр, сезесің.
Өзіңнен келіп ұрынсаң,
Бір жазғанын Құданың
Маңдайыңнан көресің.
Қанеки, ерлер, сөйлеші,
Қай сапарға келесің?!
Мен—түрікпендегі Сапабек,
Көзіңді ашсаң көресің.
Бұрыннан қалған әдет бар
Көрсең көңіл бөлесің.
Бізге келсең............
Ажалың жетпей өлесің.
Раушанбек жіберді
Біліп кел деп хабарын.
Бұрыннан әркім сыйлайды
Жіберген ханның шабарын.
Қалдырмай жөніңді айтып бер,
Қайсы болады шаһарың?
Тақ үстінде ханың кім,
Халық сұрап тізген қатарын.
Өз еліңнен шыққанда
Қай жер еді назарың?!
Қыздыруға келесің
Қай жерден ұрыс базарын?!
Алуға ойлап жүрмісің
Қалмақтың көрген азарын.
Түрікпен елге аттанып,
Бұрын қайтқан жоқ па еді қашарың?!
Қанеки, ерлер, сөйлеші,
Қай жерге жүрген сапарың?
Түрікпенге келсең аттанып,
Құдай білер кегіңді,
Зорлықпен келіп аларың.
Екі талай іс болса,
Кім біледі, батырлар,
Кім өліп, кімнің қаларын,
Кім елге аман барарын.
Ерлігімен үдетіп,
Кім жеңіп бақыт аларын.
Тез жөніңді айтып бер,
Көрмеймісің бұл келген
Хан баласы Раушанның
Жіберген саған шабарын.
Махрам сонда сөйледі:
—Біз қалмақтан келеміз,
Шағдат дейді ханымыз.
Мекен қылып отырған
Харазым дейді жеріміз.
Асфаһан деп атайды,
Туып өскен шәріміз.
Бұрыннан кетіп келатқан
Түрікпенде бар арымыз.
Ар алуға келеміз,
Осы біздің жайымыз.
Түрікпен елін шабамыз,
Денеңнен кетер жаныңыз.
Аттанып келген Махрам—
Қалмақтағы нарыңыз.
Мен үстіңе келгенсін,
Мүшкіл болар халіңіз.
Толыбай мен Раушанды
Алдыма алып келіңіз.
Екеуін байлап әкетсем
Аман қалар еліңіз.
Күмән деп батыр ойлама,
Осы біздің шынымыз.
Махрам палуан келгенсін,
Тұтам болар күніңіз.
Бес атасын өлтірген
Шағдаттай патшаның
Айыбын көп біліңіз.
Осы жолы қалдырмай
Кек алуға келгенмін
Ойран болар шаһарыңыз.
Енді мүшкіл боларын
Білмейсің бе халіңіз.
Түрікпен болып жиналсаң,
Бір өзіме келмейді,
Бар халқыңмен әліңіз.
Өзі келіп бас исін,
Раушанбекке барыңыз.
Менің айтқан сөзіме
Құлағыңды салыңыз.
Бұл сөзіме көнбесе,
Зорлығымды көріңіз.
Сапар шегіп шыққанмын
Харазым деген жерімнен,
Асфаһандай шәрімнен.
Қара жер күйіп тас жанған
Шыққандағы кәрімнен.
Дін мұсылман шошынды
Қаһар төккен зәрімнен.
Төтелеп асып жол шектім
Құбастың Құба шөлімен.
Кек алуға шыққанмын
Сіздің түрікпен елінен.
Қалдырмаспын, болса пар,
Бұрынғы ата кегінен.
Түрікпен елмен ұрысып,
Бұрын талай қандар төгілген.
Ашынып жүрген батырмын
Қабырғасы сөгілген.
Бұрынғы деп ойлама,
Шағдат ханның бұл күнде
Түрікпен елмен тең келген.
Тең келмек түгіл қайраты
Асып кетті бар елден.
Еліңді шауып, Сапабек,
Жебір-жесір қылуға
Әдейі іздеп мен келген.
Менің келген жерлерім
Қандай да болса жөнделген.
Маған қарсы келген жан
Оңалмайды еш жерден.
Талайы келіп жер құшқан,
Мұсылманның ерлері
Қарағай найза өңгерген.
Қылыштан қанын тамызып,
Мен Махрам деген палуанмын,
Талайларды меңгерген.
Айтқанды қылса Раушанбек,
Алдыма келіп бас исін,
Жанын сұрап біздерден.
Ұрысқа шықса егесіп,
Шығады жаны тәндерден.
Бұл сапар аман кете алмас
Ешбірің де біздерден.
Қоштаса алмай кетерсің
Қатын-бала елдермен.